Үкімет • 18 Сәуір, 2024

Біржолғы өтемақы кешіктірілмей төленуге тиіс

46 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқы­ны­нан зардап шеккен азамат­тар­ға келтірілген залалды өтеу мәселесі бойынша кеңес өткізді. Жиында қар­жы министрі Мәди Такиев пен өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың баяндамалары тыңдалды.

Біржолғы өтемақы кешіктірілмей төленуге тиіс

Бүгінгі таңда зардап шек­кен 3 561 отбасына жоғалған мүл­кі үшін 100 АЕК мөлшерінде бір­жол­ғы өтемақы түрінде шамамен 1 млрд теңге төленді. Зар­дап шеккендерге өтемақы төлеу үдерісі осы апта соңына дейін аяқталады.

Баспанасынан айырылған тұрғындар үшін зардап шегушінің өз таңдауы бойынша жаңа үйлер салынады немесе нарықтан дайын баспана сатып алынады.  Саяжай бойынша егер олар зардап шеккен адамның жалғыз үйі болса, осындай тетік қолданылатын болады.

Кеңесте су тасқыны салдарынан зардап шеккен өңірлердің әкімдері келтірілген залалды өтеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың ағымдағы нәтижелері туралы баяндады. Мәселен, Павлодар облысында демейшілермен бірге  119 үй бойынша залал өтеліп, тұруға жарамсыз 5 үйдің құрылысы басталды. Қостанай облысында зардап шеккендер үшін Арқалық қаласынан 27 пәтер сатып алынды, 1 600 отбасына әлеуметтік көмек төленді. Ақтөбе облысында 44 отбасына 94,3 млн теңге көлемінде материалдық шығын өтелді, 57 жаңа үйдің құрылысы басталды.

Әкімдіктердің жедел дерек­тері бойынша бүгінде зардап шек­кен үйлер саны – 9 627, оның ішінде 9 610 жеке, 17 көппәтерлі тұрғын үй. 2 123 үйге жүргізілген техника­лық тексеру нәтижелеріне сәйкес 1 067 үй қалпына келтіруге жатпайтыны анықталды, ал 1 056 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген.

Зардап шеккен тұрғын үйлер­ге келтірілген залалды бағалау жұмыстары жалғасып жатыр.

Үкімет басшысы бұл алдын ала жасалған деректер екенін және бірқатар өңірлердегі күрделі су тасқыны жағдайын ескере отырып, шығын ауқымы арта түсуі мүмкін екенін атап өтті.

«Президент су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың барлығына барынша көмек көрсетуді басты міндет етіп қойды. Су тартылған өңірлерде әкімдіктер зардап шеккен азаматтардың, жоғалған немесе бүлінген мүліктердің тізімін жасау және бағалау жұмыстарын аяқ­тап, шығындарды өтеуге кірі­суі керек. Бұл ретте тізімге үй­лері сау, ешқандай зардап шекпе­ген адамдар кіріп кетпеуге тиіс. Ко­мис­сиялардың жұмысын ешқандай бюрократияға салмай, жедел ұйымдастыру қажет. Барлық тиісті қызметтер жұмы­лып, күшейтілген режімде жұмыс істесін», деп атап өтті О.Бектенов.

Зардап шеккен өңірлер әкім­діктеріне жауапты тұлға­ларды жекелеген учаскелерге бекіте отырып, су басқан ғимараттарды техникалық тексеру жұмыстарын жедел аяқтау, жобаларды жер­гі­лікті жерге байланыстыру үшін тез арада жаңа жер телім­де­рін анықтау тапсырылды. Премьер-министр ықтимал су тас­қы­нынан барынша қауіпсіз, даму перс­пективасы жоғары және инф­ра­құрылыммен қамтамасыз етіл­ген дайын учаскелерді пайдалануды басымдық ретінде белгіледі.