Абай • 19 Сәуір, 2024

Абайдың музыкалық мұрасы

97 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абайдың музыкалық шығармалары абайтану нысанасының сүбелі бір бөлігін құрайды. Ерекше дарын иесі, ұлы ақын Абай – қазақ поэзиясын қаншалықты биік шыңға көтерсе, ұлттық музыка өнерінде де жаңаша соқпақ сала білді. Дәстүрлі халықтық музыкаға соны түр, жаңаша екпін, ерекше нақыш әкелді. Абайдың осы ән өнерін тереңірек түсіндіру мақсатында Назарбаев университетінің профессоры Жанар Әбдіғаппарова студенттерге «Хакім Абайдың музыкалық мұрасы» атты семинар-тренинг өткізді.

Абайдың музыкалық мұрасы

Фото: adebiportal.kz

Тренинг екі бөлімнен тұрды. Спикер – Назар­баев универ­сите­тінің ассистент профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Әбдіғаппарова алғашқы теориялық бөлімде Абай әндерінің мұрасын, ерек­шелігі мен шығу тарихын баян­дады. Екінші практикалық бөлімде Абай әндерінің алғашқы нұсқасы мен халық арасында кеңінен тараған нұсқаларын орындады.

– Зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, Абай 60-қа жуық ән шығарған екен. Ақынның фило­софиялық, көркемдік дүние­танымына оның компо­зиторлық талантының да ерекше әсері болғаны анық. Абай­дың ән ай­ту мәнері Ар­қаның әншілік мектебіне жатады. Композитор әндеріндегі ерекшелікті үш негізгі салаға бөліп қарастыруға болады. Лирикалық әндеріне «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Татьянаның қырдағы әні» жатады. Бұл топтағы әндерде музыка мен әуенге мән берсе, речтативті әндерде сөзге, мәтінге мән берілген. Бұған «Се­гіз аяқ» әні мысал бола алады. Әндеріндегі тағы бір ерекшелік – философиялық тақырыптағы туындылар. Ақын өмірінің соңғы жылдарында жазылған өмірдің мәнін ұғындыратын әндері осы топқа жатады. Тыңдарманға хакім Абай әндерін жан-жақты қырынан таныттым. Бұл қазіргі жастарға керек дүние деп түсі­немін. Себебі Абай мұрасы қанша заман ауысып, жылдар жаңар­са да өзгермейді, – деді Ж.Әбді­ғаппарова.

Семинарда Абай әндерінің жаңашылдығы, оның зерттелуі, қазіргі таңдағы насихатталуы жайында талдау жасалды. Абай­дың музыкалық мұрасы арқылы «ән – халықтың жаны» екенін тағы бір дәлелдей түсті.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті