Егемен Қазақстан • 19 Сәуір, 2024

«Хат қоржын»

48 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Әдепті шешім – әділ шешім

Атам қазақ ежелден дала заңымен, ата-баба аманатымен, әке-шеше тәрбиесімен, Жеті жарғы қағидаларымен, аталы сөз, мақал-мәтел тағылымдарымен, адами құндылықтар әдебімен өмір сүріп келді. Әр қадамын осылармен өлшеп басып, айтатын сөзіне тиек етіп отырды.

Қазақ даласында қоғамдағы даулы мәселелерге шешім не үкім айтатын елге сыйлы билер, аталы сөзімен билік айтатын абыз ақсақалдар мен дария кеуде кемеңгер қарттар, көпті көрген көнекөз қариялар, әр әулеттің үлкендері болды.

Бүгінгі күннің демократиясы, сот жүйесі көп жағдайда қоғамдағы даулы мәселені заңнамалық тәртіппен де, көптің дауыс беруіне салып та әділ шешуге қауқарсыз. Қоғамның әр саласындағы өндіріс үдерістерінде де жағдай осындай. Бұған себеп: бармақ басты, көз қысты сыбайластық пен жемқорлық.

Сонымен қатар интернет жүйесі, әлеуметтік желі, жөнсіз насихат көптің көңілін баурап алған қазіргі кезде маңызды мәселенің шешілуін көптің талқысына салудың да қауіп-қатері аз емес дер едік. Сондықтан қоғамның барлық деңгейінде тараптардың бәрін қанағаттандыратын шешім қабылдау жолдарын, әдебін қарастыру – бүгінгі күннің ең көкейкесті мәселесі.

Біздіңше, мәселе мынада: шешімдер ресми құжатқа әдетте дұрыс әрі нақты жазылады, ал оның орындалуы кезінде мүдделер қақтығысына ұшырап, төтеннен жөнсіз де жасанды әрі түсініксіз көптеген кедергі пайда болып отырады, шығын қаражаты толық бөлінген әділ шешім де көп жағдайда толық іске асырылмай, жемқорлық «әдебіне» ұрынып жатады.

Сонымен, әдепті де әділ шешімді жүн қылатын жүйені түземей, қоғамда береке, жүректерде мереке болмайды деп пайымдауға негіз бар.

Осындай жағдайда маған өркениет көшінің әдебіне өту үшін, ең алдымен, халқымызды қилы заман тезінен, тар жол, тайғақ кешу соқпағынан аман алып шыққан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық әдебімізді түгендеп алу қажет секілді көрінеді.

 

Мүталап ӘБСАТТАРОВ

 

АСТАНА

 

 

Франциядан үлгі алар кез келді

Елімізде жыл сайын 5–6 млн тонна тұрмыстық қалдық шыға­рылады екен. Ал қала мен ауыл сыртында бейберекет шашылып жатқан қоқыс шамамен алғанда 100 млн тоннаға жеткен көрінеді. Өкінішке қарай, бүгінде түрлі тұрмыстық күл-қоқыс пен өндірістік қалдықтарды сыртқа шығарып, төге салуға ғана шама келіп отыр. Яғни сұрыптап, қайта өңдеп, кәдеге жарату дегеніңіз мүлдем жоқ.

Қоқыс полигондарында жүздеген жыл бұзылмай жата беретін пластик құтылар мен полиэтилен пакеттерден де аяқ алып жүре алмайсыз. Ен далада желмен жарыса ұшып жүргендері қаншама. Өркениет көшінің алдыңғы легіндегі елдер болса қоқыс мәселесін әлдеқашан шешіп тастаған. Мәселен, Францияда селекциялық жинау әдісімен қайта өңделген қоқыстан 30 пайыз металл, 50 пайыз шыны, 50 пайыз қағаз шығады. Жапондар түрлі құрылыс материалын өндіретіні белгілі. Тіпті жасанды арал жасап жатқандары мәлім.

Түркияда қоқыс тазалаушы жалақысы жоғары мамандыққа жататыны айтылып жүр. Ол орта буын банк менеджеріне қарағанда әлдеқайда көп табыс табатын көрінеді. Бұған қоса, тазалыққа жауапты адамдарды әлеуметтік жағынан қолдау да жақсы жолға қойылған (кеңестік кезеңде бізде де көше сыпырушыларға жеңілдікпен пәтер берілетін). Ал әр нәрсенің ақырын ойлап тұратын Германияда кез келген сусын бағасына ыдыс құны қосылады. Ыдыс босаған соң, оны өткізуге болады (бұл да кеңестік тәжірибеде бар еді). Әлемде мұндай мысал көп.

Өкінішке қарай, Қазақстан секілді дамушы елдерде күл-қоқыс мәселесі әлі өткір күйінде тұр. Яғни бас ауыртар проблемаға айналып отыр десек те, шындықтан алшақ кетпейміз. Түрлі қалдықты табыс көзіне айналдырып, қоршаған ортаға да үлкен қамқорлық танытып келе жатқан елдер тәжірибесін үлгі етер уақыт әлдеқашан келсе де, біздің тиісті орындар шала-жансар жобалар жасау мен құр сөзден әріге бара алар емес. Ауызбен орақ ормай, қоқыс өңдеудің тиімді жоспар-жобасын жасап жүзеге асыра білсек, қоршаған ортамызды сауықтырып қана қоймай, еліміздің экономикасына да белгілі бір деңгейде үлес қосқан болар едік.

 

Сағын БОЛАТБЕКОВ,

Мәкен САЯҚОВ

 

Жамбыл облысы

 

 

«Архив тынысы» – оқырман олжасы

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы кезінде «Сөздің ең ұлысы – тарих» деген. Иә, айтса айтқандай, тарих – өткеннің куәсі. Тарихты білмей, болашақты бағдарлау мүмкін емес.

Архив – ел тарихының қымбат қазынасы, шежіремізден сыр шертетін киелі орын. Ел тарихын тануға бет бұрған жанның архив есігінен енбей кетуі мүмкін емес. Қазіргі таңда студент жастардан бастап, әр саладағы түрлі маманның архивтерде зерттеумен айналысып жүргендерін жиі көреміз. Әрине, бұл – құптарлық әрі көңіл тоғайтарлық іс.

Іскер басшы, жаңалықтың жаршысы Гүлнар Шардарбекова бас болып, айтулы жұмыстар атқарып келе жатқан Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінің ұйымшыл ұжымы осыған дейін бірталай кітап пен брошюралар шығарып, ілкімді істерімен жұртшылықты қуанышқа бөлеген болатын. Ендігі жерде аталған архив өзінің «Архив тынысы» атты бюллетенін шығаруды қолға ала бастады. Осыған дейін оның екі саны қолға тиді. Көркем безендіріліп, түрлі-түсті бояумен сапалы шығарылған баспа өнімі жұртшылық көңілінен шығып отыр. Ілкімді істерімен қалың көпшілікті риза етіп, қуанышқа бөлеген архив ұжымының алдағы қадамдары да сәтті болғай.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

 

Түркістан облысы