Халық • 30 Сәуір, 2024

Алғысқа бөленген халық

38 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ халқы алмағайып заманда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген өзге жұртты бауырына басты. Қолындағы барымен бөлісті, басқаның қайғысына ортақтасты. Міне, сол ұлт мейірімі бүгінде этностық тегіне, дініне, діліне қарамай, елдің барша азаматының ұйысуына себепші болды. Тіпті қазақ жерінде дүниеге келіп, яки белгілі бір уақыт өмір сүрген, көңілінде жылу қалған шетелдіктер ұлық мерекелерімізді ұмытқан емес.

Алғысқа бөленген халық

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мәселен, әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген бұрын­ғы жерлестеріміз Наурыз мейрамын қадірлеп, бәсін биік қояды. Оның бірі – Германия тұрғындары. Олар жыл сайын Ұлыстың ұлы күнін Берлинде атап өтеді. Биыл да дәстүр­ден жаңылмай, сол аумақтағы 10 мем­лекеттің елшілігі бірлесіп ұйым­дастырған. Жиылған жұрт бірауыздан «Қазақ халқының дарқан көңілін, жылы жүрегін, ұлттық мейрамын, тіпті кейбір құндылықтарын жадымыздан шығармаймыз», дейді.

Ізгіліктің көрінісі болған іс-шара Берлиндегі этнологиялық мұражайда ұйымдастырылыпты. Мерекені дәріп­те­гендердің арасында Орталық Азия елдері, Әзербайжан, Ауғанстан, Иран, Пәкстан, Түркия бар. Келген қонақтарға мол дастарқан жайылып, әр мемлекет өзінің салт-дәстүрі мен мәдениетін кеңінен таныстырды. Бір байқағанымыз, шетелдіктер біздің елшілік тіккен киіз үйге ерекше қызығушылық танытты. Суретке түскендердің де қарасы қалың. Сондай-ақ әр ел өздерінің музыкалық бағ­дар­ламасын да ұсынды. Жиналған халық әз Наурыздың қалай тойланатынын көріп, еліміздің салт-дәстүрімен жақын танысып, қазақ халқына деген қызығушылығы одан сайын артқанын айтты.

Елден кетсе де, көңілінде жылу қалған шетелдіктер жыл сайын ізгі тілектерін білдіріп жатады. Ал биыл халықтың жүрегіне шуақ түсірген бейнежазба әлеуметтік желіде желдей есті. Бұл – Ақмола облысынан Германияға көшіп барған неміс отбасының Наурыз мейрамымен құттықтауы. Онда Қызылсая аулының тумалары Боки Павел және зайыбы Ирма Германия мемлекетінен сәлем жолдаған. Жүздері күлімдеген олар «Мен Боки Павел Ивановичтің баласымын. Зеренді ауданының Қызылсай аулында тудым. 1996 жылы Германияға көшіп кеттік. Сіздерді Наурыз мерекесімен құттықтаймыз. Сіздер анда, біз мында аман болайық! Аспанымыз ашық болсын!» деген.

Германияның алғашқы «Plus Size» аруы Дина Ваккер елде тұрғанында Наурызды үнемі тойлағанын есіне алып, лебізін білдіреді.

«Біз Қазақстанда өмір сүрген кезімізде, әрине, Наурызды атап өттік. Ол кезде бәрі кең көлемде өтетін еді: алаңдарда киіз үйлер мен шатырлар қойылады, көптеген дәмді тағам дайындалады, бүкіл халық бірігеді. Әсерлі әуез барлық жерден естіліп, қуаныштың желі еседі. Есімде, халық тіпті көпқабатты үйлердің аулаларында да тойлайтын еді. Біз мұнда қазақтың ұлттық тағамдарын туған жерді сағын­ған кезде дайындаймыз. Бауырсақ, ет, манты, лағман, палау, самсаның дәмі әлі аузымнан кетпейді. Дәстүрлер мен ұлттық тағамдар араласқан көпұлтты және көпмәдениетті елді ешқашан ұмытпаймын», деді ол.

Эдуард Кексельді біздің халық жақсы біледі. Ол – ережесіз жекпе-жектен боксшы, Ақмола облысының тумасы. Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында біздің елдің атын жиі айтып, алғысын білдіріп жатады. Тіпті бір жеңісін Қазақстанға арнап, туымызды жамылып шыққаны да бар.

«Мен Курское аулында тұрдым. Алайда бүкіл қазақ елі сияқты біздің ауыл да Наурызға ерекше көзқараспен қарайтын. Мол дастарқан жайылып, жәрмеңкелер, мерекелік концерттер, түрлі конкурс, спорттық және би жарыстары өткізілетін. Көңілді, қызықты болатын. Наурыз – көктем мен қайта өрлеу мерекесі. Біз әлі де Наурыз мерекесінде туыстарымызбен дастарқан басына жиналамыз», деп естелігін айтты спортшы.