16 Маусым, 2010

САМҒАУ

671 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Сұлтан Жиенбаев – еліміздің саяси өмірімен бірге жасасып келе жатқан қайраткер. Ел өміріндегі елеулі оқиғаларға куә ғана емес, оған белсене араласқан азамат. Күні кеше Ұлы Отан соғысының 65 жылдығы атап өтілгенде, сол соғыста ерлік көрсеткен санаулы адамдардың қатарында Сұлтекең Мәскеуге де барып, үлкен тойға қатысып қайтты. Сол сұра­пыл соғыстан еске алатын жайлар көп. Басқасын айтпағанда, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бір құры­лымда бірге қызмет атқарды. Өзі қатты жаралан­ғанда, Мәншүктің жәрдем берге­нін, жігерлендіргенін ол еш уақытта ұмытпайды. Соғыстан кейін Сұлтан Жиенбаев елді қалпына келтіру жұмы­сына белсенді қатысты. Оның үлкен ұйымдастырушылық қабілетін аңғарып, республика басшылығы оны жауапты жұмыстарға жіберді. Қырық жылдай темір жол, сауда саласында, партиялық және мемлекеттік жұмыста басшылық қызметте болды. Сегіз жылдай республика Сауда министрі, он бес жыл бойы республика Ми­нистрлер Кеңесі төрағасының орын­басары қызметін атқарды. Өмірінің сол тұсын айтқанда, Сұлтекең қазақтың біртуар азаматтары, үлкен қайраткерлер Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Бәйкен Әшімұлы Әшімов, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтар туралы тебірене әңгіме қозғайды. – Үлкен қайраткерлер туралы, олар­мен қарым-қатынаста болғаның туралы айту қиын. Олармен араласқанды айтқан-да, мақтанғандай көрінесің. Бірақ тағдыр деген бар, сол тағдыр мені сол адамдар­мен қызметтес етті. Тіпті отбасылық араласуға да, жақын жүруге де жазды. Сонда реті келгенде олар туралы айту парыздай көрінетіні де бар. Негізгі әңгіме Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы бол­ғанмен, мен сөзді Дінмұхамед Ахмет­ұлы Қонаевтан бастағым келіп отыр. Назарбаевтай жас та болса алғыр басшыны алғаш таныған Димекең ғой. – Біз де, Сұлтеке, халқымызға айрық­ша қызмет еткен осынау екі басшының қарым-қатынасы туралы сұрамақшы едік, өзіңіз бастап кеттіңіз... – Димекеңді ерекше жақсы көрген­діктен ғана емес, осы екі тұлғаның арасында өзім аңғарған байланыстың барлығынан да солай етіп отырмын. Димекең жарықтық республиканың ширек ғасырдай бірінші басшысы болды.  Ешкім оған көп отырдың деген жоқ. Қайта Мәскеудің жетесіз басшылары оны орнынан алғанда, қазақ жастарының бас көтергені де көп жайды аңғартады. Елді одан әрі басқара бергені жөн еді дегендері ғой бұл. Сол Димекең адам танығыш еді. Ол таныған адамдардың ішінде кездейсоқ келгендер болмайтын. Бүгін келіп, ертең кететіндер кездеспейтін. Соның арқасында басшы­лықта аласапыран ауыстыруға жол бе-рілмейтін. Енді Димекең мен Назар­баевтың қатысына келсек, жетпісінші жылдардың аяғында Қарағандыда респуб­ликалық партия активінің жиналысы өтті. Оған Қонаевтың өзі қатысты. Сонда сол жиналыста сөз сөйлеп, келелі ой айтқан жалынды жас партиялық қызметкердің алғырлығына риза болыпты. Ол Қараған­ды облыстық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев еді. Алматыға келген соң Диме­кең осы жиналыста сөз болған мәселелерді Орталық партия Комитеті Бюросының мүшелеріне кеңінен айтып берді. “Облыстық партия комитетінің хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев деген алғыр, білімді маманды Орталық Комитет хатшылығына ұсынсам деген ойым бар”,  деген еді Димекең. Кейін Орталық Комитет пленумында бірінші хатшының ұсынысы бірауыздан қолдау тапты. Нұрсұлтан Әбішұлы Алматыға келген соң, жақсы араласа бастадық... – Осы жерде сөзіңізді бөлейік, Сұлтеке, сіз бұған дейін Нұрсұлтан Әбішұлымен кездескен жоқ па едіңіз? – Иә, ұмытып барады екем, мен Нұрсұлтан Әбішұлын 60-шы жылдардың аяғында кездестіргем. Онда мен рес­пуб­ли­ка Сауда министрі едім де, іссапармен Теміртауға бардым. Онда Нұрсұлтан Назарбаев қалалық партия комитетінің хатшысы екен. Барған жұмысым бойын­ша жағдаймен таныс­тым, хатшымен пікір алмастық. Маған ол айрықша әсер қалдырды. Жағдайды жан-жақты білетін­дігімен, мәселені терең пайымдайтын­дығымен, пікірін жетік жеткізетіндігімен, ерекше шешендігімен мені таңдандырды. Қазақтың жас қырандай өткір бір баласы самғап ұшқалы тұрғандай көрінген. Менің алдыма да қордаланып қалған біраз мәселелерді ақтарып салды. Кейін өз тарапымнан, министрдің қолынан келетіндей дәрежеде, сол мәселелерді шешуге көмек қолымды создым. – Сол таныстығыңыз кейін Нұрекең Орталық Комитеттің хатшысы болған кезде жалғасын тапқан шығар? – Әңгіме мынада: ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болса, мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасы­ның жеңіл өнеркәсіп жөніндегі орынба­сарымын, былайша айтқанда, екеуміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Жаңа қызметтің қыр-сырын Нұрекең бұ­рын­нан да біледі. Тек жұмыстың ауқымы өзгерді. Бұрын бір облыс мәселесін қам­тыса, енді республика көлеміндегі мәселелерді шешуге тура келеді. Оның үстіне, күні кеше өндірістің өзінде тікелей жұмыс істегені бар, сол мәселелерді жанымен сезінеді десе де болады. Ол заман – партияның дегенімен жүрген заман. Өмірдің барлық саласындағы саясатты партия белгілейді. Республика экономика­сы­ның өзекті саласы – өнеркәсіп дамуының бағыт-бағдарын белгілеу және оған басшылық жасау Нұрекеңе жүктелді, бұл міндетті ол абыроймен атқарды деп айта аламын. Көп нәрсені көзіммен көрдім. Біраз мәселені бірлесіп шештік. Орталық Комитет пен республика Үкіметі арасында жақсы қарым-қатынас қалып­тасты. Партияның басшылық рөлін алға тосып, үкіметтік құрылымдарға тізесін батырған емес. Онымен кездескен жұрт сөз естимін деп емес, мәселені шешіп қайтамын деп баратын. – Арада енді бір бес жыл өткенде, Сұлтеке, сізге Нұрсұлтан Әбішұлымен тікелей бірге жұмыс істеуге тура келді. – Осы жерде тағы да Димаш Ахметұлын еске алғым келіп отыр. Сол тұста Компартия Орталық комитетінің бірінші хатшысының қатысынсыз респуб-ли­каның басшы қызметіне ешкім та­ғайындалмайды. Біріншінің өзі ұсынады, әйтпесе ұсынысты сол адам мақұлдайды. 1984 жылы Үкіметті ұзақ уақыт басқарған Бәйкен Әшімұлы Әшімов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқа­сының төрағасы қызметіне ауысты. Оның орнына Нұрсұлтан Назарбаев тағайындалды. Бұл Диме­кең­нің таңдауы екендігінде дау болмаса керек. Сол тұста тәжірибесі де бар, іскер­лігімен де көрінген азаматтар баршылық еді. Басқасын былай қойғанда, облысты басқарып отырған білікті азаматтарға да бұл қызметті тапсырса, алып кететіні анық. Бірақ Димекең, болашақты ойлады білем, 44 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевқа тоқтаған. Арғысын айтпағанда, сол Орталық комитеттегі бес жыл хатшылық қызметі­нен оның ауқымдылығын, ел басшысына лайықты қасиеттерін аңғарғаны анық. Терең білімді, кез келген аудиторияны баурап алатын туа бітті шешендік қасиет бойына дарыған Нұрсұлтан Әбішұлы сол кездегі Одақтағы ең жас Премьер-Министр болды. – Бұған дейін сіз 14 жыл Үкімет басшысының орынбасары болып қызмет атқардыңыз. Жаңа Үкімет Төрағасын бұрынғылармен салыстыруға мүмкіндігіңіз бар. Осы ретте не айтар едіңіз? – Бұл жерде алдымен халқымыздың абзал азаматы Бәйкен Әшімұлы көңілге оралады ғой. Дүниеден озғанына да көп бола қоймаған Байекең де кемеңгер қайраткерлеріміздің бірі болды. Тіпті қызметінен кеткеннен кейін де ол сол кемеңгерлігінен айныған жоқ, халқымыз­дың абыз ақсақалына айналды. Ал оның қызметіне келсек, ол байсалды да пара­сатты басшының өнегесі деп сипаттауға лайық. Әлденеге асып-сасу, қиындықта абыржып қалу ол кісіге жат еді. Тек өзі ғана емес-ау, ол жетекшілік еткен үлкен басқару органы тиянақтылықпен, үйле­сімділікпен, байыптылықпен жұмыс істеді. Арпалыс болмайтын. Содан да осынау қызметте ол ұзақ отырды. Оған партия да, Димекең де үлкен сенім артты. Енді сол Байекең мен оның орнын басқан Нұрекеңді салыстырар болсақ, ұқсастығы да көп, ерекшеліктері де бар дер едім. Басты ұқсастық – екеуі де жұмысқа барынша берілген, ел мүддесіне барынша адал басшылар болды. Ерек­шелік дегенде, Назарбаев жігер-қуаты тасыған жас басшы, оған білімдарлығын қосыңыз. Әйтеуір осы екі қайраткерді салыстырған соң, Назарбаевтың Әші­мов­тен алған өнегесі де аз болмаған шығар деп ойлаймын. Мұны, Нұрсұлтан Әбіш­ұлының өзі де Бәйкен Әшімұлының 90 жылдығында арнайы айтты да. Ал менің сонда байқағаным, жаңа төраға өзінен бұ­рынғы басшының атына сын айтқан емес, оның атын қадірлеп айтып отыратын. Ол қиын кезең еді. Кеңес Одағының эко­номикасы мен халық шаруашы­лығында тоқырау байқала бастаған кезде келген Назарбаев оның республика эко­номикасына дендеп енбеуі үшін күресті. Одақтық үкіметпен, оның министрлік­терімен тығыз байланыста болып, көп мәселелерді шешіп отырды. Осы жерде оның кіммен болса да, қай деңгейде болса да тіл табысу қабілетін ерекше атап өткім келеді. Ол тек өз республикамызда ғана емес, одақтық көлемде беделге ие бола бастады. Оның пікірімен сол одақтық деңгейдегі басшылар да санасатын. Бұл республикамыз үшін маңызды мәселе­лердің оң шешілуіне жағдай жасады. – Әрине, сол тұста партияның дегені болып тұрды да, республиканың бірінші басшысы саналатын Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың беделі күмән тудырмайтын, ал іс жүзінде Үкімет басшысы республикада екінші тұлға болды. Осы екі басшының ара қатынасы жөнінде кейде әртүрлі әңгімелер естіліп қалады. – Жоғарыда Дінмұхамед Ахметұлы­ның Орталық комитеттің хатшылығына Назарбаевты қалай ұсынғанын және оның бәрі ашық түрде жүргізілгенін айттым. Ол кезде жасырын әңгіме, әлдебір топтың тықпалауы дейтін болмайтын. Қабілетімен көрінген адамға қолдау көрсетілетін және ол ашық айтылатын. Нұрсұлтан Назар­баев Үкімет басшысы болып тағайындал­ғаннан кейін Дінмұхамед Ахметұлының Бюро мү­шелеріне: “Сіздердің өмірлік тәжі­ри­бе­леріңіз мол, Нұрсұлтанға барынша қолдау көрсетіңіздер. Түбінде елді басқаратын осы болады” дегенін өз құлағыммен естігем. Мен ғана емес, басқалар да естіді. Алғашқы кезде-ақ Нұрекең Үкімет басшысы болып сайлан­ғаннан кейін  болашақ ел билігінің тізгінін осы адамның ұстайты­нын аңғарғанбыз. Өзара әңгімеде солай дейтінбіз. Рас, сол тұстағы тоталитарлық жүйе, Мәскеудің өктемдігі Димекеңнің өзі таңдаған адамға ақ тілекпен билік тізгінін ұстатуға мүмкіндік бермеді. Араға Мәскеудің қолдауымен келген Колбин дегеннің киліккенін де жұрт біледі. Бірақ бәрібір ақырында Димекеңнің сол таң­дауы, ақ тілегі жүзеге асты. Менің пікі­рімше, Нұрсұлтан Әбішұлының Үкімет басшысы болған уақыт оның республика­ның бірінші басшылығына дайындық кезең болды. Бұл мектеп жас басшыға көп нәрсені үйретті, оны шыңдады, самғап биікке көтерілуіне жағдай жасады. Қонаев сол тұста Одақ көлемінде беделді басшы еді. Әсіресе, Орта Азия елдерінде айрықша беделге ие болды, ол өзінің байыпты кемеңгерлік қалпынан айнымайтын. Кадрларға аса сақтықпен қарайтын, оларды сапырылыс­тырып, ауыстырып жатпайтын. Ешкім де өзін қашан ауыстырар екен демей, адал, ізденімпаздықпен жұмыс істесе, еңбегі бағаланатынына, болашағына толық сеніммен қарар еді. Халық арасында да Димекеңнің беделі жоғары еді. Менің ойымша, Мәскеудегілер Қонаевтың сол беделін артық көрді. Оларға қай жерде де өз дегенінен шықпайтын, басын шұлғып отыратын адам керек еді. Дінмұхамед Ахметұлымен қызметте де, өмірде де жақын араласқан адаммын. Көрші тұрдық. Оның Назарбаевқа көзқара­сын, ол жайындағы пікірін бір адамдай білемін дей аламын. Димекең Нұрсұлтан Әбішұлына жақын ізбасарын­дай айрықша қамқорлықпен қарады. Оның бастамашылық қадамдарын барынша қолдап отыратын. Өз кезегінде Нұрекең де Димаш Ахметұлына үлкен құрметпен қарады. Назарбаев­тың Мәскеу жіберген Геннадий Кол­бинмен тіл табысып жұмыс істегені де біле-білген адамға  көреген­дік­тің көрінісі. Колбиндей әпербақанға бар билікті ұстатып, сырт қалып қойғанда, не болар еді? Әйтпесе Назарбаевтың ор­нында Меңдібаев сияқтылар болғанда, жағдайымыз қандай күйге түсер еді. Мәскеудің тоталитарлық тегеурініне төтеп беріп, қиын-қыстау кезеңде жұмыс істеуге тура келді. Менің өз басым Назарбаевтың сол тұстағы еңбегін, қолынан келгенше республика­ның, ұлтымыздың мүддесі үшін табанды­лық көрсеткен күш-жігерін жоғары бағалаймын. Ел мүддесі үшін кіммен болса да тіл табысып жұмыс істеу көп адамның қолынан келе бермейтін өнер. Сол өнер кейін Назарбаевтың рес­публи­каның бірінші басшысы бо­луына, елімізді дамудың жаңа биік­теріне көтеруге мүмкіндік берді. Республика Үкіметінде Назарбаевтың басшылығымен бір жылдай бірге қызмет істедік. Бұрынғы қызметтегіні қоса алғанда, оның жұмыс стилін жақсы аңғардым деуіме болғандай. Іскер басшы, білімдар басшы, бастамашыл адам ретінде жадымызда қалды. Жоғарыда айтқандай, оның Үкіметтегі төрағалық қызметі ел басшысы дейтін биік мансапқа көтерілер­дегі биік тұғыр болды. Бұл тұғырға талайлар шыққан. Бірақ одан да биікке көтерілу Қонаев пен Назарбаевтың ғана пешенесіне жазылыпты. – Үкімет басшысы болып Назарбаев келгеннен кейін бір жылдан соң зейнеткерлікке шығыпсыз... – Сұрағыңның аяғын айтқызбай-ақ жауабын берейін. Мені қудалаған жоқ, жасым зейнеткерліктен біршама асып та кеткен болатын. Әдепке жүгінгенде де мен орнымды жастарға ұсынуға тиіс едім. Үкімет басшысы менен жиырма жастай кіші, жасымды сыйлап, маған қатаң талап та қоймауы мүмкін. Ал онымен өзі сияқты жігерлі жастардың жұмыс істегені мақұл. Бәрін ескеріп, зейнеткерлікке шығуды жөн санадық. Осы жерде бір жағдайға тоқтала кет­кенді жөн көріп отырмын. Зейнеткерлік дейтін ұғымға сыймайтын тұлғалар бар. Олар бұрын да болған, кейін де болды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың да жасы сонда жетпістен асып кеткен еді. Ол ел басшылығының тізгінін мықтап ұстап отырды. Оның зейнеткерлікке шығуы туралы әңгіме айтудың өзі сонда оғаш көрінер еді. Ондай адамдардың үлкен ақыл-парасаты, халықтың арасындағы абырой-беделі елге қызмет етуге тиіс еді. Кейін оны Мәскеу кетуге мәжбүрлегенде, халықтың көтерілгені де заңдылық. – Сіздің сол зейнеткерлікке шыққа­ныңызға да ширек ғасырдан аса уақыт өтіпті. Елге қызмет еткен, үлкен лауазымды қызмет атқарып, саяси өмірге де араласқан адамның зейнеткерлікке шыққан соң да елдің саяси өмірін қадағалап отыратыны даусыздай көрінеді. Үлкен өзгерістер болды. Тәуелсіздікке қолымыз жетті, елімізді әлем таныды. Осынау ұлы өзгерістердің басында бір кезде өзіңіз бірге қызмет еткен қайраткердің болғаны да сізді айрықша сезімге бөлер деп ойлаймыз... – Еліміздің саяси өмірін қадағалап отыратынымызды дөп басып айтып отырсың. Бүгінгі өмір біздің кешегі өміріміздің жалғасы. Қарттық дендеп кетпесе, жұрттың бәрі сол өмірінің жалғасына бей-жай қарамайды. Болып жатқан жақсылыққа қуанамыз, қиындық­тар біздің де жанымызға батады. Тікелей өзіміз араласып жатпағандықтан, сырт көздейміз ғой. Сол ширек ғасырдай уақытта елімізде жүзеге асқан істерге сырт көзбен баға берер болсақ, жақсылығымыз көп, көлеңкемізден күнгейіміз көп деп ойлаймын. Ең басты табысымыз дейік, халқымыздың бақыты дейік, ол – Тәуелсіздікке қолымыз жеткені. Аштықты да, тоқшылықты да көрген халықпыз. Ашыққан қарын тойынады. Тәуелсіздік халыққа бір-ақ рет беріледі. Халқымыз 300 жыл бодандықта болды. Тәуелсіздікті ғасырлар бойы армандадық. Басқаны былай қойғанда, күні кешегі КСРО тұсында да аштықты бастан кешірдік, біраз уақыт қолымыз аузымызға жетіп, тамағымыз тойды дегенде де тағдырымыз Мәскеудің қолында болып, жанымыз күйзелді. Арыстарымыз құрбан болып, халқымыздың қаймағы қалқып алынып тасталғаны, бертінде Колбин сияқтылар­дың кердеңдегені де сол тәуелсіздігіміздің жоқтығы еді ғой. Енді Тәуелсіздігімізге қол жетті-ау деген кезде ел басшылы­ғының тізгінін Нұрсұлтан Назарбаевтай кемеңгер адамның ұстағаны да халқымыз­дың бағы десек ләзім. Біреулер сол тәуелсіздік өзі келді деп, оның бағасын түсіргісі келеді. Оны ғасырлар бойы армандағанымыздың өзі не тұрады. Және сол тәуелсіздікті ұстап тұрудың өзі бізге қандай қиындыққа түскенін де жанымыз­бен сезіндік. Сол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, бұрынғы жүйе күйреген кезіндегі қиындықтарды көпшілігіміз көрдік. Дүкендеріміздің сө­ресі қаңырап бос тұрды, қарт­тарымыздың азын-аулақ зейнетақысын төлеуге де, дәрігерлер мен мұғалімдердің жұтаң айлығын төлеуге де қаржы та­былмай, ел қиналды. Сол қиындықтан шықтық. Ширап шықтық десек те артық емес. Біреулер біздің тәуелсіздікпен бірге келген табысымызды, оған Елбасының парасатты басшылығының арқасында қол жеткенін жете бағалай алмайды немесе бағалағысы келмейді. Оған да өре керек шығар. Басқаны былай қойғанда, басқа елдермен салыстыруға болады ғой. Орта Азия елдеріндегі жағдаймен біздің елдің жағдайын салыстырсаң да оған көз жетеді. Әркім өздерін басқалардан кем санамас, бірақ тапжылтпайтын цифрлар кімнің кім екенін нақты айтып береді. Жан басына шаққандағы табыс жөнінде қырғыздардың бізден он еседей төмендігін соңғы кезде жұрт мысалға көп келтіріп жүр. Өзбек­тердің деңгейі де біздікінің жартысына жетпейді. ТМД-ның Еуропа аймағындағы мүшелері де бізге бағыт түзеп отыр. Экономикада ғана емес, саяси өмірдегі жағдайда да біздегі тұрақтылыққа көп елдер қызыға қарайды. Біреулерде әртүрлі революциялар болып жатса, енді біреулер тұтастығынан айырылып, жапа шегіп жатыр. Егер ел басшылығында көреген адам отырғанда, айталық Молдавия өзінің бір бөлігі Приднестровьеден айырылар ма еді? Онда халықтың үштен бірі – орыс, үштен бірі – украин, үштен бірі – молда­ван бола тұрып, сепаратистер қалайша өз ойларын жүзеге асырды дейсің. Ал біздің солтүстік облыс­тарымызда орыстардың үлес салмағы әлдеқайда көп болса да, Мәскеудегі талайлардың біздің жерімізге көз алартқанынан еш нәрсе шыққан жоқ. Біздің басшылығымыздың көрегендігі оған жол бермеді деуіміз керек. Қазір біз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының төрағасымыз. Осындай мәртебеге басқа елдердің де жеткісі келеді. Бірақ үлес бізге тиіп отыр. Мақтануымызға болады. Оған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі, бастамашылық қадамдары, зор халық­аралық беделі арқасында жеткенімізге ешқандай дау жоқ. Сол үшін де Елбасы­ның атына талай ризашылық сөздер айтуға болар еді. Бір бұл емес, оның бастамашылығымен еліміздің абырой-беделін көтеретін қаншама істер тынды­рылып жатыр. Жақында бір басылымнан Назарбаевтың бастама­шылығымен жүзеге асқан оннан астам халықаралық деңгей­дегі шаралар тізіп айтылыпты. Бәрі жөн. Бәрі де айтуға тұрарлық. Ондай істер жұрттың жадында жүреді. Ал мен Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметіне, ол тындырған үлкен істерге байланысты оның атын халқымыздың тарихында мәңгілікке жазатын үш мәселені бөле-жара айтқым келеді. Оның біріншісі – Сарыарқаның төрінен Астана дейтін әсем қала орнаттық. Бүгінгі Астананы көруге көзбен бірге адал ниет те керек. Ол жай қала ғана емес, елдің тұтастығын ойлаған, халықтың бірлігін ойлаған кемеңгерлік саясаттың көрінісі. Солтүстік өңірде қазақтардың саны аздығы жұртқа белгілі. Әлдебір арандатушы күштердің солтүстік облыс­тарды Ресейге қосу жөніндегі әңгімені қоздырған кезде мұндағы қазақтардың қоңылтақсығаны да шындық. Дәл осы сәтте ел астанасын Ақмолаға ауыстыру жөнінде шешім қабылдағаны елдің тұтастығын нығайтқан батыл да үлкен саяси қадам болды. Мен өзім Алматыда туып-өскен адаммын. Қаламды жанымдай жақсы көремін, оның мәртебесінің өсе түскенін қалаймын. Бірақ астананың елдің орталығына көшкені халықтың тағдырын ойлаған, елдің мәртебесін өсірген көрегендік шара болды деп есептеймін. Екіншісі – кезінде тарихтың тәл­кегімен жер бетіне тарыдай шашырап кеткен, қандастарымыздың тарихи атамекеніне оралуына барлық жағдай жасалды. Алматыда өткен әлем қазақ-тарының алғашқы құрылтайында құшақ жайып қауышқан қандастарымыздың қуанышында шек болмағанын көрдік. Өздерінің қандастарын Отанына шақырған, оған барынша жағдай жасаған елдер шамалы. Израиль, Германия және біз. Ресей де мұндай елдер қатарына бізден кейін қосылды. Бәзбіреулер осынау үлкен істегі кейбір кемшіліктерді алға тосып, оған жөнді мән беріл­ме­гендей етіп көрсеткісі келеді. Кем­шіліктер қай істе болса да болады, ең бастысы – Үкіметі­міздің қандас­тарымызды елге қайтарып, оларға жағдай жасауды бағдарға алып отырғандығы. Бұл демографиялық мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздігімізге әсер ететін фактор, жалпы ұлттық дамуы­мыздың сара бағыты. Үшіншісі – ата-бабаларымыздан аман жеткен мемлекеттік шекарамызды барлық халықаралық құжаттарға сай бекітіп алдық. Ол қазір халықаралық бас ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымының кеңсесінде тіркелген. Енді ешкім оған көз аларта алмайды. Атом қаруынан бас тартқан кезімізде де еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ядролық держава­лардың кепілдігін алғанымыз көрегендік болды. Сондықтан да, шекарамыз мығым деп айта аламыз. Жер дауы қай заманда да ең бір шетін мәселе болған. Көршілес елдердің арасындағы жанжалдардың көпшілігі осы жер дауынан ушығып жатады. Сол шекарамызды нығайту жолында Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған зор ісін болашақ ұрпағымыз ризашылық көңілмен еске алатын болады. Әрине, мен бұл жерде Нұрекеңнің атына байланысты басқа да талай ауқымды істердің маңызын кемсіткім жоқ. Тізе берсек, көп қой. Атом полигонын жабу, ядролық қарудан бас тарту, әлемдік дін басшыларының басын қосып, ынтымаққа ұйытқы болу, елдерді жақындастыруға байланысты қаншама халықаралық ұйымдарды құрудағы белсенділігі, басқа да бастамалары оның әлемдік деңгейдегі басшы екенін айқын сипаттайды. Ал мен осындай басшымен қызметтес болғанымды, оның шарықтап самғауына куә болғанымды мақтаныш етемін. – Енді бір сұрақ, Сұлтеке. Бір кезде бірге қызмет істеген адам ретінде Президентпен хабарласып тұрасыз ба? – Президенттің уақыты тапшы, оны бәріміз де білеміз. Сондықтан бұрын таныс едім деп, кездесуге сұрану артық. Бірақ Президент бізді ұмытпайды. 80, 85 жылдық мерейтойларымда құттықтап, құттықтау хаттар жіберді. Өзінің кітабына қолын қойып, менің атыма марапат айтып ұсынғаны бар. Бірге суретке де түстік. Біз сияқты ақсақалдарды Нұрекең ұмытпайды. Әңгімелескен Мамадияр ЖАҚЫП.