Жәдігер • 13 Мамыр, 2024

Қола айнаның құпиясы

26 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында тұрған құйма айна 1990 жылы Қостанай ауданындағы Надеждин елді мекенінің маңын­дағы көне қорымдардың бірінен табылған.

Қола айнаның құпиясы

Осы өңірден табылған ор­тағасырлық жерлеу орындарына археологиялық қазба жұ­мысын жүргізген ғалымдар көне айнаның Ежелгі Қытай қолөнершілерінің қолынан шыққан дүние екенін айтады.

Көлемі 88 мм болатын қола айнаның шетінде ернеуі, ортасында иілген екі балықтың бейнесі бар. Беті өсімдік бей­несіндегі өрнектермен безенді­рілген. Беткі және сыртқы жағында матаның қал­дық­тары қалған. Музей қызметкерлерінің айтуынша, айнаның матадан жасалған қаптамасы болуы әбден мүмкін.

«Мұндай үлгідегі айналар бізге Ежелгі Қытайдан келген. Ең көне айна Шығыс Хань дәуіріне тиесілі. Хань айнасы құрамында қалайы бар қоладан құйылған. Сондықтан айна күміске ұқсап жылтырап, сәуле шашып тұратын болған. Шеберлер айна құятын қалыпты саз балшықтан жасаған. Саз қалыптар тез сынатын болғандықтан, біздің кезеңге жеткендері өте сирек кездеседі. Бізге жеткен қалыптардың көбі тастан қашалып жасалған. Ғалымдар кезінде Қазақ даласында Хань дәуірінен қалған қытай айналарының өте көп та­рағанын айтады. Соған ұқ­сатып айна жасаушылар да көп болған», дейді музей маманы Нәзима Оташева.

Ғалымдардың тұжыры­мын­­ша, орта ғасыр­ларда айна тұрмыста ғана емес, жерлеу сал­тында да маңызды рөл атқар­ған. Өйткені көнеде айнаның бетіне шағылысқан сәуленің жарқылы марқұм болған адам­ның о дүниеге баратын жолын жарық қылып, зұлым рухтардан қорғайды деген наным болған. Сондықтан қайтыс болған кісімен бірге туыстары қабірге айна салып отырған.

 

Қостанай облысы