Байқау • 17 Мамыр, 2024

Жас роботтехниктер аламаны

78 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің IT саласын дамытатын, миссиясын растай түсетін халықаралық «Robotek Grand Tournament» чемпио­наты аяқталды. Жыл сайын өтетін бұл чемпионат жаңа деңгейге көтеріліп, үш жылда отандық роботтехниканың маңызды бөлігіне айналып үлгерді. Халықаралық жарыстың ең бағалы сыйлығы «Қазақстан – Британ техникалық университетінің ақпараттық технологиялар және инженерия мектебіне білім гранты» Абай облысы Үржар ауданынан келген Мирас Слямғазыға бұйырды.

Жас роботтехниктер аламаны

«RGT-2024» чемпионатына 20 аймақтан облыстық турнир­лер­дің жеңімпаздары қатысты. 9 бен 17 жас аралы­ғын­­дағы 300-ден астам мектеп­ оқу­шысы «Robotek», «Мер­ген», «Кері сызық жарысы», «Туды жеткізу», «Жеткізуші ро­бот» және «Сұрыптаушы ро­бот» са­наттары бойынша бақ сынады. Биыл «Robotek Grand Tournament» алғаш рет ха­лық­ара­лық деңгейге шығып, Өз­бек­стан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің оқушылары да жарыс­қа келді.

«Robotek» – STEM білім беру және роботтехника саласы бо­йынша әлемге еліміздің атын шығарып жүр. 2023 жылдың қарашасында оның оқушылары Панамадағы «World Robot Olympiad» әлем чемпионатында көк туымызды желбіретті. Жеңіс тұғырына бірден екі команда көтерілді. «Robotek» арқасында жалпы медальдық есепте Қазақ­стан құрамасы бірінші рет Малайзия құрамасын ғана артқа тастап, екінші орын алған еді.

«Біз роботтехника бойынша ауқымды республикалық және халықаралық жарыстардың жиі өтуіне мүдделіміз. «Robotek Grand Tournament» – мазмұны жағынан толығымен отандық, барлығы авторлық регламенттер бойынша өткізілді, бұл балаларды жаңа инженерлік шешімдерге шабыттандырады. Чемпионаттың миссиясы біздің компанияның миссиясымен үндес, балаларға болашаққа сенімді қадам жа­сау­ға көмектесу. Біз нақты эко­но­микаға жаңа буынның отан­дық инженерлік резервін құру бо­йынша жұмыс істеп жатыр­мыз. Бүгін чемпионаттарда роботтарды құрастыратын, бағ­дар­ламалайтын оқушылар ер­теңгі күні жасанды интел­лектінің қатысуымен жоғары техно­логиялық, цифрлық, робот­тан­­дырылған кәсіп­орын­дарда сұра­нысқа ие болады», деп атап өтті компанияның бас директоры Санжар Шалқарбеков.

Одан бөлек, түркітілдес ел­дердің үздік роботтехниктері де жиналды. «TurkTime!» жа­һандық бастамасы аясында отандық «Роботек» компаниясы мен Қырғызстаннан Ақылман президенттік лицейі (Шолпан Ата), «Сапат» халықаралық желісі (Бішкек), «Seytek STEM» білім беру желісі (Токмак), Ташкент пен Шыршықтан SteamLand және Roboschool білім беру орталықтары, сонымен қатар тәжікстандық «Лига роботов» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Басты кубок – «Ел кубогін» – Батыс Қазақстан облысының құрамасы Оралға алып кетті. Биыл алғаш рет үш арнайы аталым енгізілді: «Үздік инженерлік шешім», оның жеңімпаздары Түркістан облысының Кен­тау қаласынан Ибрагим Искан­деров пен Нұрислам Ершов, «Үздік ауылдық команда» Же­тісу облысы Ақсу ауда­нынан Бекжан Мұхтарбек пен Роман Про­няковқа тағайын­дал­ды. Ал Шыршықтан келген Артем Аппазов пен Джахонгир Ма­маджанов «Үздік ше­тел­дік ко­­манда» аталымына ие бол­­­ды. Ең басты сыйлық – елі­­­міз­дегі жетекші ЖОО – Қазақстан – Британ техникалық университетінің ақпараттық технологиялар және инженерия мектебіне білім грантын Абай облысы Үржар ауданынан келген Мирас Слямғазыға бұйырды.

«Отандық индустрияның болашағы жаңа технологиялық әзірлемелерге, оларды жасау­шы­ларға байланысты. Чем­пио­натта академиялық білім­ді де, қатысушылардың шығар­машылық ойлауын да дәлел­дей­тін сауатты инженерлік ше­шімдер басым болды. Бүгінгі таңда әрбір жоғары оқу орны тех­никалық мамандықтарды саналы түрде таңдаған оқушылардың өз­дерінде оқуына мүдделі, ал кәсіпорындарда нағыз кәсіп­қой маманға айналатын үздік тү­лектер өзекті», деді демеуші болған «Allur» автомобиль компа­ния­сы брендті дамыту бө­лімінің бастығы Рысты Асенова.

Еліміздің «Robotek Grand Tournament» чемпионатына келесі жылы 20-дан астам елден қатысушылар келуге дайын, бұл беделді чемпионатқа деген үлкен қызығушылықты дәлелдейді. Келесі жылы Астанада «Robotek Grand Tournament» алаңында Америка Құрама Штаттары, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, басқа да елдердің жас роботтехниктері кездесуге ниетті.