Қоғам • 18 Мамыр, 2024

Бейбітшіліктен қашқан босқындар

160 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бізде шетел көргендердің бәрін жаппай көкжиегі кең, таным-түйсігі толысқандардың қатарына жатқызу бар. Жасыратыны жоқ, білімі мен біліктілігі бір саты жоғары болғанымен, шекара асып келмегені шетелдік дипломы бардың қасында бәсін төмендетіп тұрады. Білім қуғандарын былай қойғанда, моральдық және материалдық құндылық тайталасқа түскен бүгінгі қоғамда адамның қадір-қасиеті мен абырой-беделі шетел көрумен шектеліп қалған секілді. Туған жерден жырақта жүргендердің бәрі тұрмыстың тауқыметінен кетті деуге келмейді. Ал мұхит асуды мақсат еткендердің ертеңгі күні жарық болады деуге тағы ерте…

Бейбітшіліктен қашқан босқындар

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Жарқын өмірді жырақтан іздеп...

ХХ ғасырдағы аштық пен түрлі саяси зобалаңда қынадай қырылған қазақ жат жұрттан пана іздеп, ұрпағын аман сақтап қалу үшін қоныс аударды. Бүгінде олар кіндік қаны тамған қасиетті жердің бір уыс топырағын аңсап, атажұртына ора­лып жатыр. Қиырдағы қандастарды ата­мекенге шақырып жатқанда елдегі қазақтың аңсары шетелге ауып барады. Оларды жат жұртқа жұмыс іздеп кетіп, қапыда көз жұмған қандастар туралы қайғылы хабар да, бақыт іздеп барып, байғұстың күйін кешкен отандастардың аянышты халі де ойландырар емес. Өкініштісі, заңсыз көші-қон шекара сыртына табыс іздеп кетіп, табытпен қайтқан тағдырлардың артуының басты бір себебі болып отыр.

Шындығын айту керек, шетелде шал­қып өмір сүруді армандамайтын адам жоқ. Елдегі несиесін тезірек төлеп, қа­рыз­дан құтылу үшін қиырдағы елдің қара жұмысына жегілгендер жетерлік. Әлгінде айтқандай, креслосы қалың, қыз­меті тәуір, үй-жайы бар шекара сыртында біліммен сусындап келгендердің бүйрегі сол жаққа бұрып, шетелдік өмірге шөліркеп тұратыны да өтірік емес. Осылайша, жылына мыңдаған отандас жарқын өмірді жырақтан іздеп, ұрпағын ұлттық болмысынан айырып жатыр. Бірі әлеуметтік жағдайды түзесем дейді, енді бірі шетелдік өмірді ертегідегідей елестетеді. Мұндағы жұрт мұхит асып кеткендердің барлығын бақытты, бақуат­ты халықтың қатарына жатқызып, сырттай тамсанып таңдай қағады.

Осыдан екі-үш ай бұрын Америкаға апарар жол туралы білмек үшін «В США через Мексику», «Мексика арқылы Америкаға жол», «Мексика арқылы Америкаға бару», «С Казахстана в США через Мексику» деген бірнеше телеграм топқа қосылдық. Санамалай берсең, мұндай топтардың қатары бұдан да көп. Бір қауым ел болып отырған бұл топтағы халықтың көбі қазақ, өзбек пен қырғыз, арасында орыстар да жолсерік іздеп жүргенін айтып жәрдем сұрап жатады. Біз де осында отырған көпшіліктің бірі секілді АҚШ-қа апарар тиімді жол туралы толығырақ ақпарат білгіміз келетінін айттық. Сол-ақ екен, көргені мен түйгенін бөлісіп, армандаған жолды адастырмай табуға көмек қолын созуға ұсыныс тастаған көрші елдің азаматтары табыла кетті. Осы бірер айдың өзінде ғана жекеге шыққан елуге жуық бейтаныс жанның жанкештілігіне қайран қалсақ, аңқау халыққа арамза болып жүрген алаяқтардың да неше түріне тап болдық. Тіпті кейбір кездері әлгілердің айтқанына имандай сене жаздап, арасында қиялға қанат бітірген кез де жоқ емес. Кәрі құрлықты артқа тастап, мұхиттың арғы бетінде алаңсыз өмір сүріп жатқан сәттерді көз алдыма елестетіп те қойдым. Бір күні Чикаго, келесі күні Сан францискода серуендеп, үшінші күні Нью-Йорктің зәулім үйлерін түсімде көретінді шығардым. Алаяқтардың да аңдығаны да осы. Әдемі сөзімен елітіп, армандаған АҚШ-қа алты күнде жеткізуге уәдені үйіп-төкті.

 

«Аман қалғаныма әлі сенбеймін»

Күніне бес мыңға дейін жаңа ақ­паратымен бөлісіп отыратын бұл топтардан тағы бір байқағанымыз, АҚШ-қа апарар жолдың бағыты да, бағасы да сағат сайын құбылады. Арасында Америкаға азып-тозып жеткен алдыңғы топтың адам­дары кейінгілерге кеңесін айтып, визасыз жүре алатын елдердің тізімін беріп жатыр. Енді біреулері біз секілді жолға шығатын жолсерік іздеп жүрсе, елден бұрын жеткендер ақыл-кеңесін айтады. Сөздеріне сенсек, шақырылмаған қонақтың шекарадан өтуі үшін әртістік шеберлікті іске қосып, драма қоюға да­йын болған дұрыс. Себебі өз елінің мүшкіл халін неғұрлым тамаша сомдап шыққан адамға бұл мемлекетте қалуға мүмкіндік көп-мыс. Босқын мәртебесін алудың өзі арман болғандардың аузынан естігеніміз, АҚШ-қа бару үшін адамдар өз өмірін күн сайын қауіп пен қатерге тігеді екен.

Алматыдан Мексикаға жетіп, Амери­ка­ға жаяу келген Жандос: «Қазақстаннан алты адам болып жолға шықтық. Экв­а­дорда бір нанды бөліп жедік. Бес адам басымызға автомат тақап, қалтамыздағы бүкіл ақшамызды сыпырып кетті. Төрт күн нәр татпадым, өлім күтіп тұр деп ойладым. Аман қалғаныма әлі сенбеймін», дейді. Оның айтуынша, мексикалықтар ақшаға тым сараң. Біздің елден Мекси­каға дейін 1500–1700 доллар кетсе, Ма­таморосаға дейін тағы сондай ақша жұмсауға тура келген. Тағы бір жолаушы Доминиканға дейін – 800, Меделинге дейін 200 доллар жұмсағанын жазып, Мехикоға дейін қалтаңды қалыңдатып шығуға кеңес қылған. Қысқасын айтқанда, ол да АҚШ-қа дейін 15 мың доллар ақша жұмсап, межелі жерге жеткенше 5 сағат жаяу жүрген. Өзгелер де Париж арқылы Ме­хикоға, Риодан асып Америкада жүр­гендеріне әлі сенбейтіндерін айтып жатыр. Көбі бұл елдің таным-түйсігі түгіл, тілін де түсінбейді. Алда не күтіп тұрғанын білмесе де әйтеуір шекараны асып, шетелдік өмірге жеткеніне шүкірлік етсе, осында қалғандар қауіп-қатерге толы жолға алдын ала дайындалып, жоспар құрып әлек. «АҚШ-қа апарар жолды та­лайдан бері зерттеп көрдім. «Алматы – Милан – Ла-Романа – Санто-Доминго – Богота – Сан-Сальвадор – Манагуа» бағытын таңдаған болсаңыздар, екі адам болып шығатын біздің топқа қосылуға шақырамыз», деп қояды. Олардың ұсынысын қабыл алып жатқан жұрт та жетерлік. Өмірінде көрмеген адамға серік болып, білмейтін елге жалғыз жарым болып жолға шыққандардың әрекетіне бас шайқайсың. Алайда бөтен елдің босағасын аттап, басына іс түскенде көбінің елі бары есіне түсіп, етегі жасқа толып жүргені жасырын емес.

Алып құрлыққа аңсары ауған адамдар­дың алды алаяқтардың құрбанына да айналып отыр. Шетелде шалқып өмір сү­руді елестеткендердің енді біреулері заң алдында жауап беріп, депортация­ланып кетті. Өз баласын өзекке теппейтін ана секілді айналып келгенде тағдыры қыл үстінде қалған қандастарды қайтарып, елге оралуына көмектесіп жатыр. Айт­пақ­шы, жақында АҚШ елшілігі «Work & Travel» бағдарламасына өтініш тастаған Қазақстан азаматтарының саны 5 мыңға жуық­тағанын жазды. Бұл рекордтық сан­ның сыртына білім қуып кетіп, оралмай қалған, әлгіндегідей өз бетінше шекара асып жеткен қандастарды да қосып қойы­ңыз. Елімізге келіп тіршілік істеп, тасы өрге домалап жатқан өзгелердің тауқыметі кадрдың қадірін сылтау етіп сыртқа ағылып жатқан отандастарды ойландырар емес. Керісінше, қауіпті жолды таңдауға құлшынысы артып отырған қандастар көбейді.

 

Армандап келсең де, алдыңнан күтіп алмайды

Осындай жолды таңдаған отандасымыз Жанат Шамигановтың басынан өткен жағдайды жұрт жақсы біледі. Орталық Американың жеті елін джунгли арқылы еңсеріп, АҚШ-қа заңсыз өтпек болған ол осы уақыт аралығында 7 мың шақырым жол жүріп, оның 500-ін жаяу өткен. Алдымен Колумбияға, одан Панама шекарасына жетіп, сол жерде джунглиге кі­ріп, әрі қарай жаяу жүреді. Коста-Рика, Никарагуа, Гондурас, Гватемала және Мек­сикаға әупірімдеп жеткен жігіт қазір Па­намадағы қиындығын еске алғысы жоқ. «Бұл жақта ешкім кірмеген Дарьен сая­бағы бар екен. Дәл сол жерде адамдар жиі жоғалып кетеді. Өйткені мұнда жол жоқ. Сол жерден қытайлық топты біреулер тонап кеткен. Бұл жақта әлемнің түкпір-түк­пірінен жиналған қылмыстық топтар жасырынады. Бұл – есірткімен айналысатын адамдар, қашқындар, қылмыскерлер. Жергілікті полицейлер ол жаққа бармайды», дейді ол.

Сондықтан Кариб теңізінен өтіп бара жатқанда, жағалау күзеті көрмес үшін түнде жүрген. Ал катер түнде жүргенде тоқтамайды. Осындай жолды таңдаған қыр­ғыздың бір отбасы мінген қайық қай­тып оралмаған, «қауіпсіз» деп сипатталатын Коста-Рикада да беймезгіл жүрген адамдарды тоқтатып, ақша бопсалайтындар да бар. Мұндай көрініс Мексикада да жиі кездескен. Тіпті армандап келген Аме­рикада оны маңдайынан сипап қарсы алмаған.

Женева келісімінің арқасында босқын мәртебесі Америкада қалуға және онда жұ­мыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл са­­нат­тағы адам өзінің шынымен қуғын­далып жатқанын немесе туған жеріндегі өмірдің өзі және оның отбасы үшін қауіпті болып қалғанын дәлелдеуге тиіс. Әлгіде айтқан қандастардың әртістік шеберлігі мен драмасы осы жерде сәтті жүзеге ас­паса, жат жұртта тез байимын деген жос­пардың күл-талқаны шықты деген сөз. Әйткенмен, талай жылдан бері көп ха­лыққа саяси баспана болып келген Аме­рикадан да маза кете бастады. Оның соңы Ақүйдің шекараны заңсыз кесіп өт­кендерді бірден депортация жасауға мүм­кіндік беретін ереже қабылдаумен аяқ­талған. Соған қарамастан былтыр желтоқсан айында Мексика шекарасын 300 мың адам кесіп өткен. Босқындар легінің бұлай жалғаса беруін сынға алған республикашылар АҚШ Сенаты жариялаған «Шекарадағы қауіпсіздік туралы» заң жобасын сынға алғаны белгілі. Жабайы көші-қон Америка билігінің ғана емес, жергілікті тұрғындардың да ұй­қысын қашырып тұр. Өйткені кейінгі жыл­дары жергілікті халықтың бір бөлігі ке­лімсектердің көбейіп, қомақты қар­жының оларға жұмсалып жатқанына наразылығын ашық білдіріп келеді.

 

Сабылған жұрттың сұрауы жоқ

Былтыр Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров АҚШ-қа заңсыз кіруге тырыспауға кеңес берді. Рес­ми жауапта шетелдерге жұмыс бабымен шыққан отандастардың санын бақылау министрліктің құзыретіне кірмейді делінген. Олардың сөзінен ұққанымыз, бұл міндетті сол елдердегі консулдық жүр­гізеді. Алайда консулдықта есепке қою ерікті түрде жүзеге асады. Сондықтан шетелге жұмыс істеуге кеткен қандастарды арнайы консулдық есепке алатын және тіркейтін ортақ база жоқ. Демек ота­нын өзге елге айырбастағандардың есе­бін ешкім жүргізбейді. Оның үстіне заң­­намаға сәйкес елден шығуға шектеу қойыл­маса, кез келген адам шекара сыртына кедергісіз шығу құқығына ие.

Елшілік берген жауапта да отандастар туралы іліп алар ақпарат жоқ. Дегенмен консулдық шекараны заңсыз кесіп өткендер АҚШ-тың құзырлы ор­гандары үшін «жергілікті заңды бұзу­шылар», яғни заңсыз мигранттар ретінде қарастырылатынын алға тартады. Сон­дық­тан заңсыз мигранттың жат елдегі жағ­дайы жақсы деп айтуға келмейді. Ал әлеу­меттік желілердегі шындыққа негіз­делмеген ертегіге бергісіз АҚШ-тағы өмірді «керемет етіп» көрсетуге тырысатын ақпарат таратушылардың әрекеті «көзсіз тәуекелге» бел буған адамдардың тура жолдан адасуына себепкер болып отыр. Өкінішке қарай, консулдыққа оқыс жағдайға ұшырап немесе басқа да себептермен қайтыс болған отандастарды елге қайтару мәселесімен айналысатын кездер болып тұрады.

 

АҚШ-қа ағылудың артында не тұр?

Maqsut Narikbayev Univerisity MIND талдау орталығының сыртқы сая­сат және халықаралық зерттеулер бағдар­ламасының басшысы Мирас Жиен­баевтың түсіндіруінше, АҚШ ұлы держава және әлемдегі ең ірі экономика ретінде әлемдегі таланттарды және инновация­ларды өзіне тартады. Сондай-ақ бұл ішінара елдің болашақ дамуын және оның халықаралық істердегі орнын алдын ала анықтауға септігін тигізді. Мигранттардың табыс тарихы «америкалық арманға» жетудің тартымды бейнесін жасайды, оның артынан әртүрлі елден кел­ген мигранттардың тұтас толқыны келеді. Ал біздің ел азаматтардың таң­дау және жүріп-тұру бостандығы құқық­тарын қамтамасыз ететін түбегейлі ашық бағытты ұстанады. «Бұл жерде әңгі­ме халықаралық құқықта көзделген адам­дардың қозғалысының құқықтық нысан­дары туралы болып жатқанын түсіну ма­ңызды. Бірақ азаматтардың заңсыз көші-қоны ұлттық саясаттың барған са­йын сезімтал аспектісі бола түсті», дейді ол.

Бір жағынан, мемлекеттік аппарат пен шетелдегі дипломатиялық өкіл­дік­те­ріміз қандастардың мүддесі үшін барынша әрекет етуге ұмтылады. Екінші жағынан, үшінші елдердің заңдарын қасақана бұзумен байланысты заңсыз көші-қонның барлық аспектісі шетелдік юрисдикциялардағы мүмкіндіктерімізді қатаң шектейді. Дүние жүзіндегі бірде-бір мемлекет өз азаматтарын басқа мем­лекеттердегі қылмыстар үшін заң­ды жауапкершіліктен босата алмайды. Қа­рапайым тілмен айтқанда, бұл үшін­ші елдердің шекарасын заңсыз кесіп өткен жағдайда олардың физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен ұқсас.

Сарапшының сөзінше, көші-қон заңнамасы мен саясатты әр мемлекет дер­бес әзірлейді. Ал нормативтік стандарттары айтарлықтай күрделі және түсі­нікті АҚШ жағдайында ішкі саяси күн тәртібінде заңсыз көші-қон факторы бар­ған сайын өткір болып отыр. Дәл қазіргі ақ­парат айдыны ашық кезеңде қауіп­ті жол­ға шығар алдында баратын елдегі жағ­дайды жеті рет өлшеген жөн. «Егер көші-қон қызметтері белгілі бір елден заңсыз иммигранттар ағынының тұ­рақты өсуін тіркесе, бұл сапардың мақ­саты мен ұзақтығына қарамастан, осы елден келетін барлық азамат үшін қа­таң ережелерді қажет ететінін түсіну маңыз­ды. Мұндай көші-қон ағыны елдің имиджі мен Қазақстанның халықаралық позиция­сы туралы тікелей сұрақ туындатады», дейді сарапшы.

Мұхит асуды мақсат тұтқандардың барлығы тағдырдың тауқыметін тартып, әлеу­меттік жағдайын түзеу үшін аттан­байды. Бұл сөзді әлеуметтанушы Ай­сұлу Молдабекова да растап отыр. Оның айтуынша, қазір елге көшіп келген­дерден, көшіп кеткендер көп. Ресми көшіп кетушілердің саны төрт жылдан бері арт­паса, кеміген емес. Жылына бес жүзге жуық адам АҚШ-қа аттанса, со­ның ішінде 38,8 пайызының білімі жо­ғары, 34,6 пайызының арнаулы білімі бар мамандар. Шетелге заңды жолмен ба­рып жатқандардың арасында жо­ғары білімді, мемлекеттік қызметте істеп жүр­ген адамдар жетерлік. Демек Ота­нынан кетіп, өзге елде өгейдің күйін кеш­кен­дердің шынайы статистикасы сол, тір­шілік қамымен кеткендер мен алып елге аңсары ауғандардың үлесі 50/50. Қандай жолмен барса да, қандастардың көші кәрі құрлық пен мұхиттың арғы бетіндегі халыққа Қазақстанды басқа қырынан танытып жатыр. Өйткені мың жерден маңдайалды маман Америкаға апарар қауіпті жолға қарамастан басын бәйгеге тіксе де, жергілікті ұлт үшін олар көп босқынның бірі ғана болып қалатыны ақиқат. Өзекті өртейтіні де сол, өзгелер соғыстан көз ашпаған жұртын амалсыз тастап тентіреп жатса, қандастар бейбіт елден қашқан босқын атанып, арманын Америкадан іздегенді абырой көретін күнге жеттік.