Зерде • 30 Мамыр, 2024

Керекудің «Ақ түрмесі»

57 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Керекуде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақтың талай ұлт қаймақтары, соның ішінде Әлихан Бөкейхан жазасын өтеген «Ақ түрме» болған. Ғимарат ақ патша заманынан, ақтардан қалғаны себепті халық аузын­да солай аталып кеткен деседі. Қазір бұл көне нысанның орнында тоғыз қабатты зәулім баспана бой көтерген.

Керекудің «Ақ түрмесі»

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

«Ақ түрме» заманында қазіргі Павлодар қаласындағы Астана, Лермонтов көше­ле­рі­нің қиылысында орналасқан. Аумақтың ресми атауы 1919 жылға дейін 8-Мещан тұйық көшесі болғанымен, халық аузында «Түрме шолақ көшесі» деп аталып кеткен.

Негізі Павлодар қаласында кеңес өкі­меті алғашқы құрылған жылдары екі түрме болған. Ақ түрмеден бөлек, мем­лекеттік қауіпсіздік органдарының жасырын түрмесі құрылған. Ол қазіргі 29 қараша көшесі, №2 мекенжайында орна­ласқан «Эко» бас­паханасында орын тепкен. Бұл көшені қаланың құрдасы десе болады. Себебі Ертіс өзеніне жақын тұрған ғимарат алғашқы форпосттар мен станицалар салынған уақытта тұрғызылған. Өлкетанушы Эрнест Соколкиннің «Қаламыздың көшелері» атты кітабында керекулік көпес, өнеркәсіпші Артемий Деров ХІХ ғасырдың 90-жылдары бұл жердегі ағаш үйді бұздырып, орнына кірпіштен екіқабатты үй салдырғаны айтылады. Ал көпес қайтыс болған соң, арада бір жыл өткенде, яғни 1911 жылы бұл үйде орыс-қазақ училищесі ашылады. Алғашқы директоры ретінде Әбікей Сәтбаев тағайындалған. Осы училищеде қазақтың қос ұлы тұлғасы – Қаныш Сәтбаев пен Жүсіпбек Аймауытұлы білім алады. Училище 1920 жылы жабылып қалады да, ғимаратқа мемлекеттік қауіпсіздік органдары ие болады. Кеңестің қызыл офицерлері бұл жерде жарты ғасырға жуық уақыт ойларына келгендерін істеп, талай сұмдықты жасаған. Білетіндер үйдің астынан Ертіс өзеніне шығатын үңгіме жол болған деседі. Қауіпсіздік органдарының жендеттері атып тастаған адамдардың денесін сол арқылы өзенге ағызып отырған...

Ал «Ақ түрменің» тарихы жайында айтатын болсақ, ХІХ ғасырдың соңында бұл жерде казак-орыс әскерлері жаттығулар жүргізіп, салтанатты шерулер жасаған. Қарсысында барак үлгісінде ағаштан салынған әскери казарма, қару-жарақ қоймасы, гауптвахта және әскери бастық үйі болған. Осы әскери казармалар арасында уездік түрменің екіқабатты кірпіш ғимараты орналасқан. Шамамен 1880 жылы бой көтерген. Кеңес өкіметі орнағанға дейін «Ақ түрмеде» қылмыскерлер ғана емес, саяси сенімсіздер, халықшылдар, кейіннен социал-демократтар мен большевиктер жазасын өтеген. Қызылдар қалада билік орнатқан соң, түрме көп уақытқа дейін жұмыс істеп, Сталин режіміне қарсы болғандар тоғытылды. Тек арада 100 жыл өткенде 1980 жылы ғимарат құлатылып, орнына қазіргі тоғызқабатты тұрғын үй тұрғызылады.

Э.Соколкиннің дерегінше, кеңес өкіметі орнаған уақытқа дейін Павлодарда жалғыз ғана түрме болған. Яғни осы «Ақ түрме». Ендеше, кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан жазасын өтеген түрме нақ сол болуы ғажап емес. Әлихан Бөкейханның 1906 жылғы 21 ақпанда А.М.Колюбакинге жазған хаты Мәскеудің әскери-тарихи мұрағатында сақталып қалған. Хатта ұлт көсемі: «...Мақала-хатты заңсыз жолмен жіберіп отырмын. Менің хаттарым тексеріледі, тіркеледі. Егер маған хат жазамын десеңіз: Павлодар. Медицина фельдшері Аманбай Шегіровке. Оның ішіне Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановқа деп жіберіңіз. Мемлекеттік Думада кездесерміз. 21.02.1906 ж. Павлодар, Семей облысы. №25. Газетті менің хатыммен бірге Павлодарға Нароконовқа жіберіңіз» деген жолдар бар. Ә.Бөкейхан Павлодардың түрмесінен жолдаған хаттарының соңына нақты уақытын және «Павлодар. Түрме» деп жазып отырған.

Ә.Бөкейханның өміріне қатысты кейінгі жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларда кеңес өкіметіне дейін Алаш көшбасшысы патша өкіметінің қуғындауына ұшырап, жер аударылғаны туралы кеңінен айтылады. 1917 жылға дейін үш рет (1902, 1906, 1908 жылдары) тұтқынға алынып, түрмеге қамалған, ал 1909-1917 жылдары Самарада айдауда болды. Ендеше, тұлғаның «Ақ түрмеде» болғанын дәлелдейтін бұдан асқан айғақ жоқ.

Еліміздің оңтүстігіндегі Шаянда мешіт-медресе ашып, халықты имандылыққа шақырған Аппақ ишан да осы түрмеде қамауда болып, соңғы демі осы жерде үзілген деседі. 1937-1938 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған талай қазақ азаматтары да осы түрмеге қамалған.

Ішкі істер саласының отставкадағы майоры Қайыр Жұмажанов әкесінен естіген естеліктерін қағаз бетіне түсірген екен. Содан оқып білгеніміздей, кеңес өкіметі жылдары «Ақ түрме»  десе, жұрт жаналғыш келе жатқандай, зәресі ұшады екен. Себебі бұл түрмеге кірген із бар да, шыққан із болмаған.

«Ақ түрме – Ресей империясының қазақ даласын отарлау саясаты кезінде Пав­лодар бекінісінде салған алғашқы абақтысы. Қабырғасы жылда ақ бал­шық­пен ақталғандықтан, жергілікті қа­зақтар «Ақ түрме» атап кеткен. Кеңес өкі­метінің чекистері ақтар салған түр­ме­ге 1917 жылы өздерін тұтқындап отыр­ғыз­ған. Бертін келе «Ақ түрме» тергеу ордасына айналды. Сол тұстағы 108-баппен қоғамдық социалистік меншікке қол сұғушы адамдар «халық жауы» болып танылып, бірден абақтыға жабылатын. Бұл түрмеде сол бір азалы жылдары қан­­шама адам азап шегіп, қаншасы атыл­ғаны белгісіз. Тек менің қолымда бар деректерге сүйенсек, 1932 жылы бір ғана Май ауданында НКВД үштігі 26 азаматты тергеусіз-ақ атқызып жіберген. Арғы атамыз Бейсембай орта шаруа болса да, әлдебіреулердің көрсетуімен бай-құлақ деп көрсетіліп, мал-мүлкі тәркіленіп, «Ақ түрмеге» тоғытылған. Ал атам Жұмажан отбасымен бірге Сібірге жер аударылған. Бейсембай атамыз сол кеткеннен хабарсыз, соты болмағанына қарағанда, ол да жазықсыздан-жазықсыз түрмеде атылып кеткен сияқты. Егемен ел болған соң, әкем атамызды ақтап ал­мақ­қа тырысқанымен, оның есімі сот­тал­ғандар, әскери тұтқындар, қала берді жер аударылғандар қатарында да болмай шықты. Осылайша, аталарымыз кеңес зұлымдығының құрбаны болды», деп еске алады ардагер.

Атап өтерлігі, керекулік түрмеде әлемге әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының лау­реаты Александр Солженицын де жазасын өтеген. Павлодардағы түрме тура­лы естеліктерін қаламгер «Архипелаг ГУЛАГ» кітабында жазып қалдырғаны мә­лім.

Кеңестің қуғын-сүргін саясатының ескерткішіне айналған «Ақ түрменің» өзі бүгінде жоқ болғанымен, тұрған орны белгілі. Ендеше, жас ұрпаққа зұлмат жылдардың жаңғырығын жеткізіп, қазақ­тың басына төнген нәубетті ұмыт­тырмау үшін бұл жерге бір белгі қойған жөн.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар