Ұлттық спорт • 12 Маусым, 2024

Теңге ілуден алғашқы Азия чемпионаты өтті

77 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысы, Талғар ауданы, «Қобыланды» ипподромында осы айдың 10-11 күндері теңге ілуден алғашқы Азия чемпионаты өтті. Оған 10 елден 30 спортшы қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Теңге ілуден алғашқы Азия чемпионаты өтті

Фотолар: ultsport.kz инстаграм

Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Тәжікстан, Түркіменстан, Моңғолия, Қытай, Ауғанстан, Ресей спортшылары қатысты.  

«Бұл – үш стильде өтіп жатқан бірінші Азия чемпионаты. Бұны 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық десек те болады», деді Теңге ілу халықаралық федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыров.

«Шетелдіктер айтарлықтай шеберлік көрсетіп жатыр деп айта алмаймыз, дегенмен, Қырғызстан мен Моңғолия спортшылары жақсы ойын көрсетіп, басты бәсекелес болып жатыр», деді ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев.

Теңге ілу спортынан өткен алғашқы Азия чемпионатында «Бес белес» стилі бойынша 1-орынды Ғалымжан Ізжанов (Қазақстан) алды. 2-орынды  Айболат Ұнатхан (Монғолия), ал 3-орынды Асхат Талайбеков (Қырғызстан) иеленді.

«Қос құлаш» стилінде 1-орынды Қазақстан спортшысы Рахат Қамбаров (Қазақстан) қанжығаға байлады. 2-орынды Алый Назаров (Қырғызстан) еншілеп, 3-орын Азизбек Закиржановқа (Өзбекстан) бұйырды.

«Жеті құт» стилінде де жерлестеріміз үздік болып, 1-орынды Бақыт Төлтай жеңіп алды. 2-орын монғолиялық спортшы Серік Жеңісбектің еншісіне тисе, 3-орынды Өзбекстаннан келген Қодиржон Егембердиев иеленді.

Осылайша, теңге ілуден Сары құрлық чемпионатында Қазақстан командасы үздік құрама атанды. Отандасымыз Рахат Қамбаров сайыстың үздік теңге ілушісі атағын иеленді.

ultsport.kz

Жарысты Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық спорт қауымдастығы, Алматы облысы әкімдігінің және Ұлттық және ат спорты орталығының қолдауымен Республикалық теңге ілу федерациясы ұйымдастырды. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық Қазына» АҚ, серіктесі – Sport Qory және Alem Agro компаниясы.

Еске салайық, Республикалық теңге ілу федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді, аталған қауымдастықты белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.