Кәсіпкер • 13 Маусым, 2024

Қойма кәсібін меңгергендер

77 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әдетте үлкен қалада пәтер жалдап тұратын ағайынның түптің түбінде жаңа баспанаға көшетіні белгілі. Солай сендірейік өзімізді. Иә, мұндайда артынып-тартынатын дүние көп. Көбі қажеттілікке жарайтын заттар. Әр шаңырақ мұндайда не істейді? Біз білетіндей, көп қабаттыдан екі не үш бөлмелі пәтер алған отбасы артылған затты балконға сірестіре жинайды. Мысалы, балық аулау заттары, балалардың велосипеді, көліктің қысқы дөңгелегі дегендей. Осылай жалғаса береді.

Қойма кәсібін меңгергендер

Фото: techliter.ru

Шетелде бар үрдіс бізге енді келгендей. Ол – қойма бизнесі. Ірі сауда тауарын немесе жиһаз жинайтын емес, шағын әрі бағалы заттарды сеніп тапсыратын орын. «Sandyq» ЖШС басқарушысы Мирас Сәбитовтің айтуынша, бұл бизнес түрі Астана мен Алматы қаласында бар. Көлемі 2-3 шаршы метр ғана болатын әр қоймаға адамдар артық мүлкін тапсырып, ақысын төлейді.

«Біз де шетелдегі тәжірибеге сүйендік. 2020 жылы осы кәсіп ойға келіп, қолға алдық. Бүгінде Астана қаласынан төрт жерден орын ашылды. Әр қойма, біз­дің тілмен айтқанда «ячейка-ұяшық­тардың» барлық қосындысы – ­ 3 100 шаршы метр. 13 адам тұрақ­ты жұмыс істейді. Қоймаға тап­сы­рыс беретіндердің көбі – пәтер­­ден-пәтерге көшіп жүрген адам­дар. Қоймаға келіп, арнайы QR-код арқылы есік ашып, өзінің керек­ті тауарларын алып, қайта салып кетуге де болады. Біз оны база арқылы сырттай ғана қадағалап, кім келгенін, қандай зат алып кеткенін көріп отырамыз. Яғни нысан толық бейнебақылаумен жабдықталған. Алдағы уақыт­та өзге қалаларда да дәл осындай бизнесті іске асыруымыз мүмкін», дейді ол.

Мұндағы қоймалардың әр­қай­сысы­ның көлемі әртүрлі. Үл­кен көлемділері де жетерлік. Төлем­ақысы да әртүрлі.

«KANSUL» жеке кәсіпкер­лі­­гі­нің құрылтайшылары Қанат­ Үмбеталинов пен Сұлтан Ошақ­баев та жыл басында 1 400 шаршы метрді жалға алып, дәл осы кә­сіптің басында жүр. Жас­тық жігердің арқасы болар, бұл қой­маға да астаналықтар үлкен сенім біл­діреді. Кәсіп иелерінің айтуынша, жоба құны 60 миллион теңгеге жуықтаған.

«Әрине, азаматтар жаңа пәтерге көшкен соң ішін жаңа жиһазбен толтырғысы келеді. Мұндайда бұ­рын қолданбаған, тіпті су жаңа заттар жиналып қалады. Сосын біздің көмегімізге жүгінеді. Шағын қоймаларды жалға алу әрі кетсе 1 жылға 100 мың теңгеден асады. Бір айға ғана жалдаса 4 000-5 000 теңгеге шығуы мүмкін. Демек кү­ніне 140-160 теңгеден жалға аласыз деген сөз», дейді Сұлтан Ошақбаев.

Қалаға қоныс аударып, пәтер табылғанша барлық затын осында орналастыратындар көп екен. Кәсіпкерлердің сөзіне сүйен­сек, сатылымға шығатын заттарын, яғни онлайн саудамен айналысатын кәсіпкерлер де осында импорттық тауарларын орналас­тырады. Өйткені олардың заттарына көп орын қажеті жоқ.

«Мысалы, бізде бір тапсырыс беруші бар. Жеке стома­то­ло­гия­лық бизнес ашқан. Енді оған келетін импорттық дәрілік препараттар мен қосымша құрыл­ғыларды ұдайы бізге сеніп тапсырады. Содан соң қалағанын­ша керектісін қоймадан алып ке­теді. Сонымен қатар Қытай немесе Түркиядан онлайн тауар ал­­дырып, бизнес жүргізіп жүр­­гендер де қызметімізге жиі жүгі­неді. Мысалы, киім-кешек, балалар ойыншығы немесе түрлі тұр­мыстық бұйымдар. Олар дүкен­ді жалға ала алмайды, себе­бі олар­дың жалға алу құны тым қым­бат. Ал кейбір студенттер жаз­ғы каникулға аттанғанда, пәте­рін бо­сатып, қыстық киім, жеке мү­лік­терін сақтауға тапсырады. Жоғарыда айтқандай, қойма ба­ғасы қолжетімді», дейді олар.

Қос қоймада да өрт қауіп­сіз­дік ережелері сақталған. Ылғал­ды­лыққа қарсы, яғни заттарды өз температурасында құр­ғақ сақ­тауға кепілдік берілген. Жеке күзет қызметінен бөлек, бар­­лық жерге бейнебақылау орна­­тыл­ғанын байқадық. Онсыз бол­­майтыны да белгілі. «Халық сеніп тапсыр­ған затқа мұқият болу керек», дейді жеке кәсіпкерлер.