Жастар • 14 Маусым, 2024

Эко-тренд: Жастар таза елді қолдайды

82 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлемді қазірде табиғатты қорғау, сақтау мәселесі көбі­рек алаңдатады. Бұл үрей кейінгі кездері айтып кел­мейтін апаттар­дың жиі­леуімен күшейді. Сәйкесінше, экологиялық ахуалды жақ­сар­туға ба­ғыт­­­талған ке­шенді шаралар бекітіліп, жүзеге асырылып жатыр. Елімізде де қолға алынған жоба, бағ­­­дарлама аз емес. Оның бірі – «3.2.1.Старт!» әлеу­меттік жобасы. Жа­қында бастама «Жастар бірге – пластик бөлек» ат­ты сегізінші маусымын қо­ры­тындылады.

Эко-тренд: Жастар таза елді қолдайды

Табиғатты ластамау, қо­қысты сұ­рыптау – әр­кім­нің қолынан келе­тін іс. Алайда жиналған қалдықты кәдеге жаратып, пайдалы дүние жасап шығару – тек жасампаз адамға тән қасиет. Осындай идея­мен жыл са­йын «3.2.1.Старт!» әлеуметтік жобасы еліміздің жо­ғары оқу орындары арасында байқау ұйымдастырады. Биыл да дәстүрден жаңылмай, пластик жинау мен өңдеуден конкурс өтіп, 10 университет өзара бақ сынады.

«Жобаның негізгі мақсаты – жас­тардың экологиялық санасын, қоршаған орта алдындағы жауап­кершілігін арттыру. Жылдар бойы біз қоғам, Үкіметпен бірлесе қаптама жинауға үлес қосатын түрлі жо­баны сәтті жүзеге асы­рып келеміз. Соның бірі – «3.2.1.Старт!» жобасы. Бастама аясында байқау ұйымдастырылып, студенттер пластик қалдықтарын жинап, олардың көлемін есептеп, ай са­йын қайта өңдеуге жіберіп отырды. Қатысқан ЖОО-ға тегін арнайы қағаздан жасалған қоқыс жә­шіктерін орнаттық. Қай ЖОО көп пластик жинайды, сұрыптау бойын­ша қандай тың идея ұсына­ды, сол жеңімпаз деп танылды. Нәтижесінде, 17 тонна пластик жи­налды. Студенттерден бөлек, біз қалдық жинаумен және оны қайта өңдеумен айналысатын ұйым­дармен бірлесе еліміздің түрлі қа­ласында қалдық жинау ин­фрақұрылымына инвести­ция жасап келеміз. Өйткені қап­тама қал­дықтар мәселесін шешуге әр­қайсысымыз үлес қоса аламыз», деді «CCI Kazakhstan» ком­паниясының корпоративтік бай­ланыстар және тұрақты даму жө­нін­дегі директоры Әлима Исембаева.

Жарысқа түскен жастар қара­пайым пластик бөтелкеден үй жи­һазы, гүл құмырасы, жол жиектері, тіпті заманауи 3D принтеріне ар­нал­ған қоспа жасап шығаруға болатын жобаларын ұсынған. Арасынан 8 тоннаға жуық плас­тик жинап, бірінші орын алған «Satbayev University»-дің жас инженерлері тың идеяларымен көпті тәнті етті.

«Пластик қалдықтарын өңдеп, одан бөлме өсімдіктеріне арнал­ған ыдыстар мен құтыларды жасау­­ды жоспарлап отырмыз. Себе­бі уни­верситетіміздің ішінде өсім­діктер­дің саны артып келеді. Сұраныс бар. Жол жиектерін жа­сауға бола­тынын да көрсеттік. Сосын зертханаларымызда сынақтарда да қолданғымыз келеді. Алда протездер мен гипс материалын жасауды көздеп отырмыз. Пластик жинауға университеттің барлық студенті белсенді қатысты. Қалдық салатын арнайы ыдыс студенттік қалашықтың барлық жеріне орнатылып, қолданылған пластиктер соған салынды. Сондай-ақ университет маңайына жасыл желек отырғызылып, толық көлемдегі 5 сенбілік өткізілді. Оған ЖОО-ның 3 мыңнан астам студенті қатысты. Бұл табандылық пен еңбектің арқасында жеткен жеңіс», деді «Satbayev University» студенті Мирас Асқар.

Ал Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық уни­­вер­ситетінің өрендері 4 жарым тонна пластик қалдығын жинап, байқауда жұртты 3D принтер қоспасын жасап таңғалдырды.

«Біз пластикті өңдейтін станок құрастырдық. Ол үшін филамент деген затты жасап шығардық. Ал оны жасау үшін пластик бөтелкені алып, қажетті өлшемде тарамдап кесіп, жоғары температурада өңдеп, филамент қоспасын алдық. Кейін оны принтерден түрлі заттарды басып шығаруға арнайы шикізат ретінде қолдануға болатынын түрлі тәжірибе негізінде көз жеткіздік», дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ студенті Валерия Парубчишина.

Байқауда инновациялық жобалармен қатар, жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ете алатын идеялар да көпті қызықтырды. Мәселен, Абай атындағы педагогикалық уни­вер­ситеттің жас экологтері дизайн, бизнес және басқару сала­сындағы студенттермен бірігіп, плас­­тик қалдықтарынан сән өнім­де­рін жасайтын зауыт ашу жобасын ұсыныпты. Осы орайда форум бары­сында бастама авторы, «Аяла» эко-клубының белсендісі Назерке Жұма­ғали қазіргі жастардың эко­мә­де­­ниеті турасында ойымен бөлісті.

«Қоғамның мобильді бөлігі, жаңа инновациялар көзі бастамашысы – жастар. Олар кез келген дү­ниені тез меңгереді. Жедел машық­танады. Сондықтан экологиялық проблемаларды жастармен бірлесе шешуге әрі оларды қоршаған ортаны аялауға тәрбиелеуде басым­дық беру маңызды. Осы мақсатта 2-курс­та оқып жүріп, «Аяла» эко-клу­бын құруға атсалыстым. Бұған бала кезден қалыптастырған ком­муникациялық дағды, ізденіс, кез келген проблеманы шешуге ұмты­лыс көмектесті. Екі жылдың ішінде түрлі акция, жобаларға, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрміз. Нәтижесінде, белсенділердің саны 20-ға жуық­тады. Басым бөлігі – өзім секілді Жаратылыстану және география инс­титутының «Экология» маман­дығындағы 4-курс студенттері. Байқағанымыз, отандастарымыз арасында экологиялық мәдениет әлі толық қалыптаспаған. Қоқысты сұрыптауды білмегені былай тұрсын, көшедегі жәшіктерге салуға жалқауланатындары бар. Ал Оңтүстік Кореяда үлкен бір жиһазды шығару үшін тіпті арнайы әкімшілікке барып, өтініш жазады. Бізде мұндай қоқыстарды жәшіктерге тастай салады», деді ол.

Экобелсенді соның өзінде эко­ло­гиялық мәдениетті қалыптас­тыруда, оны трендке айналдыруда жастардың қызығушылығы басым екенін айтады.

«Мұны әлеуметтік желіден, әсіресе Tik-Tok-тан көреді. Мәсе­лен, былғары сөмке емес, шоппер ұстау кейінгі 4-5 жылда тренд­ке айналды. Олар шоппердің эко­логиядағы негізгі мәнін білмесе де, көпке ілеседі. Осылайша, насихаттауға үлес қосады. Экобел­сенділік пен ми­нимализм ұғымы бір-біріне өте жақын. Екеуінде де артық дүниеден арылу қағи­дасымен жұмыс іс­тейді. Сол үшін адамдар мұның экологияға тиімді екенін білмей-ақ, жай ғана трендке ілесіп жүр. Сыйлыққа шыны бөтелке сыйлап жатады. Мұның да пайдалы екеніне емес, тренд екеніне назар аударады. Ақиқатында тек тренд ретінде емес, қажеттілікке айналуы керек. Жалпы, экобелсенді болу қандай да бір келіп-кететін сән кейпіне енуіне қарсымын. Нағыз экобелсенді болу – күнделікті қоқысты сұрып­тап, өзіңе жауапкершілік алу. Сон­дықтан қалдықтарды сұрып­таудың, табиғатты қорғау креа­тивті жаңа дүниелердің есебімен көбірек насихатталғаны маңызды. Бұл міндет, қажеттілік әрі мәде­ниеттің бір бөлігі болғаны жөн. Экологиялық сананы көтеруге айып­пұл салу және адамның өз ер­кі­мен жасауы сеп болады. Бізде ал­ғашқы экологиялық кодекс не­гізінде ластанған дүние тек айып­пұлмен өтелетін. Екінші, 2021 жылғы жаңа экологиялық кодекс­тегі өзгерістер мен түзе­тулерге сәйкес «ласта – орнына келтір – айыппұлын төле» қағидатымен жұмыс істейді. Меніңше, бұл өте тиімді, санаға әсер етеді. Байқауда ұсынылған жобамызда мақсатты аудитория – әкімшілік, жекеменшік кәсіпкерлер, осының барлығын бір жерге жинай отырып, табыстың көзін, яғни жұмыспен қамту жа­ғын қарау ұсынылған болатын. Мұны Оңтүстік Корея, Жапония, Швеция елінің тәжірибелерін зерделеп, бақылап, бағдарлап жүзеге асырдық», деді Назерке Жұмағали.

Аталған жарыста жүлделі бол­ған университеттер пластик қал­дық­тарын толық өңдеуге мүм­кін­дік беретін аппараттар мен қал­дық үгіткіш жабдыққа ие болды. Осылайша, кезекті маусымын сәтті аяқтаған жоба келесі жылы да жалғасын табады.

«Бірнеше жылдан бері біз «CCI Қазақстан» компаниясымен бірлесе жаңа таланттарды ашып, олардың еліміздің дамуына бағытталған идеяларын қолдап, ең қызықты әрі тиімді идеяларды жүзеге асырып келеміз. «3.2.1.Старт!» аясында қарастырылып жатқан стан­дарттан тыс шешімдер мен жо­балардың көбеюі бізді қат­ты қуан­тады. Былтыр 3,5 мың тон­на­ға жуық қалдық жиналып, кәдеге жаратылды. «Plastic in Art» көр­месі ұйымдастырылып, көпте­ген түрлі экспонат, пластик өңдеушілердің жұмысы, қайта өңделген пластиктен жасалған киім мен интерьер дизайны ұсынылды. Көрмеге келушілер неліктен қалдықты сұ­рып­­тау қа­жет екенін, оны үйде қалай ұйым­дастыруға болатынын, жиналған шикізаттан не өндіруге болатынын көрді. Арнайы экомарафон да өтті.  Онда үш тоннаға жуық пластик жиналып, бір бөлігі Алматы қаласына сыйға тарту етілген 12 ұзын орындық жасауға жұмсалды. Сондай-ақ екі экостанса ашылды. Бұл бастамаға «3.2.1.Старт!» жобасының өткен маусымдарының жеңімпазы «Экосен» компаниясы серіктес болды. Экостансаларға Алматы қаласының тұрғындары қал­дық­тың 11 түрін әкеліп, ақы ре­тінде «CCI Қазақстан» компа­ниясының фирмалық мерчтеріне айырбастауға болатын ұпай­лар алады. Жыл соңына дейін елімізде тағы 25 экостанса ашылады. Бұдан бөлек 6 эко-сенбілік ұйымдастырылды. Жалпы, 2030 жылға қарай отандық нарыққа шығарылатын қаптаманың 100% баламалы көлемін жинау жос­парланып отыр. Бұл бастамаларды Қазақстан Республикасы Президентінің өзі атап өткен. Ол «CCI Қазақстанға» әлеуметтік жауапты бизнестің бірі ретінде «Парыз» сыйлығын табыс етті. Біз компанияның ұстанымын бөлісетін, осы бастаманы қол­дайтын әрбір тұлғаға ал­ғыс айта­мыз», деп түйіндеді «Жа­сыл» экономиканы қолдау және G-Global дамыту коалициясы» заң­ды тұлғалар бірлестігінің бас менеджері Асыл Оқапова.