Digital • 14 Маусым, 2024

Жүк тасымалын цифрландыру әлеуеті

55 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әнуар бір күні кафеде бір жобаға сайт жасап, серіктестерімен ағылшынша сөйлесіп отырады. Сол кезде қасына бір ер адам жақындап, «Жігіт, IT ма­манысың ба?» деп сұрайды. Әнуар басын изейді. Осы сәтте асфальт жол­да­рының кемшілігін анықтайтын цифрлы жүйе жасау туралы ұсыныс тү­­седі. Жол мен жүк тасымалы, теміржол мәселесін цифрландыру тың әрі ха­лыққа қажет жоба деген ой келіп, келісе кетеді. Солай елімізде «Smart System Technologies» іске қосылды. Ол жоба қаншама пайдалы стартап әкелді.

Жүк тасымалын цифрландыру әлеуеті

Қазір компания жасанды интеллект негізінде небір жаңа жүйелерді әзірлеумен айналысады. Оның басты өнімі – теміржол көлігімен жүк тасымалын жүйелі жоспарлайтын «MultiCode» жүйесі. Ол теміржол көлігімен жүк тасымалын жоспарлау мәселесін шешеді. Бұл бағытта қандай мәселе бар? Мысалы, тауарды тасымалдау үшін шартты түрде 50 вагон сұрап түрлі компаниялар келеді. Тапсырыстың бәрі WhatsApp арқылы қабылданады. Айдың басында белгілі бір маман тапсырыстарды бөледі. Бірақ міндеттерді мерзімінде орындау үшін көлік жете ме, жоқ па – ешкім алдын ала санамайды. Бұдан басқа вагондардың белгілі бір саны қанша уақыт жолда тұратыны немесе бос жүретіні түсініксіз. Бұл – бергі жағы. Арғы жағында біршама дүние бар. Тауардың сапасы, жету уақыты, әртүрлі қылмыстық оқиғалар сынды мәселелер де көбіне қараусыз қалады. Ал Әнуардың тобы барлығын ашық форматқа шығарып, жасанды интеллект көмегін қосып, цифрландыру арқылы шешуге тырысады. Қазір отандық  стартаптың  жүйесінде 71 мың вагон бар, ал басқаруды цифрландыру жоспарында бүкіл әлем бойынша 3,5 млн вагон тұр.

– Біз вагон операторлары үшін жасанды интеллект негізінде бағдарламалық жасақтама жасаймыз. Басты мақсатымыз – заманауи технологиялардың көмегімен теміржол логистикасын тиімді ету. Басында жарты жылдай түрлі тапсырыстар негізінде алгоритмді сынадық. Деректер негізінде вагондардың бос жүрісін кем дегенде 10%, ал дұрысында 40%-ға қысқартуға болатынын көрдік. Бұл айына қосымша ондаған мың доллар табыс табуға мүмкіндік береді. Біздің жасақтаманың тартымдылығын жетілдіру үшін толыққанды SaaS-өнім жасауды шештік. Деректерді ала отырып, жүйе вагон жолда көп тұрмауы немесе бос келмеуі үшін қашан, қайда баратынын анықтайды, – дейді Әнуар Сәрсембинов.

Қазір көптеген вагон парктері ескі ресейлік софт  ERP-ді  қолданып жүр. Ол тапсырыстар санын, жүктің бағытын, жүрген шақырымды, үлкен көлем­дегі ақпаратты өңдей алмайды. Алайда тиімділікті арттыру үшін осының бәрі қажет. Ал Әнуар жүк тасымалының бар­лық қыр-сырын біліп, жүйесіне қосқан. Сонда да ресейлік компаниялардың сұ­раныста екені қынжылтады.

– Іс жүзінде былай. Қате есептердің кесірінен компания тәулігіне 200 км жыл­дамдықпен жүретін вагон жүкті 5 күн­нен кейін 1000 шақырымдық соңғы нүктеде түсіреді деп есептейді. Алайда деректер оның екіталай екенін көрсетеді. Оның үс­тіне бекеттердің маусымдық жүктемесі факторы бар. Шын мәнінде, жүк діттеген жеріне 8 күнде жетеді. Сөйтіп, жоспарлау қате болған кезде вагондар 3 күн бос тұрады. Уақыт кетеді, тіпті заттар бүлі­нуі де мүмкін. Қаржылық мәселені айтпаса да болады. Біздің жүйе көрсетіл­ген кезеңдегі тасымалдың барлық мүм­кін нұсқаларын іріктеп, тарихи деректер­­ді қолдана отырып көбірек табыс түсіре­­тін немесе вагондардың бос жүрісін азай­татын жоспарды диспетчерге береді, – деп түсіндірді ол.

Бір қызығы, логистика саласында  «жо­ғалған» вагондар мәселесі бар.  Паркте мың­даған вагон болса, кейбірі байқалмай қалуы мүмкін. Бос вагондар бар екені дис­петчердің есінен шығып кетіп жатады. Оған мамандар куә. Осылайша, тәулігіне 40-50 вагон «жоғалуы» мүмкін. Таңғалар­лы­ғы бұл жағдайға бәрі үйренген, көн­дік­кен.  Сөйте тұра компаниялар әжептәуір табыстан қағылып отырады. Ал мына жоба осы мәселелердің бәрін қадағалап, шешпек. Олар қазір ТМД елдері, сосын әлем нарығына шығуға ұмтылып жатыр. Үндістан, Латын Америкасы, АҚШ нарықтарын тиімді деп ойлайды.  Оның үстіне бұл елдердегі мәселе біздікімен ұқсас. Әнуар алдына теміржол көлігімен шек­телмейміз, ұшақ, кеме, фураларды цифрландыру жоспарда бар деп үлкен мақсат қойыпты. Лайым солай болғай.