Бокс • 15 Маусым, 2024

Бапкердің берік байламы

79 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ол – жазғы Олимпия ойындарының аурасын 19 жасында-ақ сезінген спортшы. 27 жасында кәсіби мансабын аяқтады. Ұлттық құрама сапында өткерген 9 жылдың ішінде бапкерлер қосқан қандай додадан да олжасыз оралған емес. Тәуелсіз Қазақстанның тарихына есім-сойын бокстан тұңғыш әлем чемпионы деп қашаған қабылан қазір жұрт алдына жиі шыға бермейді.

Бапкердің берік байламы

Ол бокстан құрама команда сапына өткенде жасы 18-ге енді іліккен түбіт мұрты тебіндеген бозбала еді. 19 жасында төрт жылда айналып соғар жазғы Олим­пиаданың отын көрді. Бір­ақ Барселона жазғы Олимпия ойын­­дарына (1992) қай қырынан сынасаң да қынабынан суырылған қылыштай қылпып тұрған оғ­ланды қызметі құзыретті, өктем дауыс иелері көріктің аузына әкеп тұрып додаға қостырған жоқ. Ол үшін Жұмаділов жазықты емес еді. Саяси дауылдың екпіні екенін жас жігіт түсінді. Болаттың орнына шығарған боксшының алғашқы айналымынан аса алмай, қою шаңның арасында қалғаны белгілі. Ал Қазақстан тәуелсіз ел ретінде жазғы Олимпиада ойындарына тұңғыш рет апарған делегация ішінде Болат та барды. Олжалы оралып қанжығасына күміс медальды бөктеріп қайтты. Араға төрт жыл салып 2000 жылы Сидней жазғы Олимпиадасынан да Жұмаділов жампоз күміс медальды еншіледі. Оған дейін екі бірдей жазғы Олимпиаданың финалына шыққан бірде-бір бокс­шымыз болған жоқ. Болаттың спорттық жылнамасындағы жетістікке көз жүгіртсең, көңілің өседі. 9 жылдың ішінде тау тұрғызар толайым жеңісін елдің уысына үйіп берді. Үш рет әлем чемпионатынан медаль олжалады. 1995 жылы әлем біріншілігі Германияда өтіп, Болат финалда неміс Золтан Лункаға есе жіберді. Әрине, өз жерінде жанкүйердің жанашырлығы мен ағайынның алқалауы Золтанға рух бергені сөзсіз. 1997 жылы әлем чемпионатынан қола медаль, арада екі жыл аунағанда АҚШ-тың Хьюстон қаласында әлемдік дүбірдің алтын медалі тұңғыш рет қазақ елінің боксшысына бұйырды. «Қуан қазақ, ұлың сенің чемпион!» деп маңдайымыз көк тірей қуандық. Төбемізге көтеріп құрметтедік. Одан кейін ғасырлар тоғысында, келер мыңжылдық босағадан аттағанда Олимпиаданың екінші күмісін тарту етті. Ол боксты доғарғанда жасы 27-ден асқан еді. «Жастарға орын босату керек» деген ұстанымға ұйыған саңлақтың әлеуетін білетіндер тағы төрт жыл шарыққа ұстап шарболат­тай шыңдаса, Афины жазғы Олимпиадасына қосуға болатын еді дейді. Ал өзінде ондай өкініш жоқ. «Мен ел спортына қосар үлесімді 9 жылдың ішінде сарқып бердім», дейді қысқа қайырып. Биыл жазда өтетін Париж жазғы Олимпиадасында жолдама алған ұлттық құрама мүшелерінің арасында төрт жылдық додасына алғаш рет 30 жасында қатысатын боксшылар да бар. Ал жампоз Жұмаділовтің 27 жасына дейін үш мәрте жолы түсті.

 Өзі мекен ететін тұрғын үй кешенінің жертөлесіне жөндеу жүргізіп, ұядай ғана орыннан бокс залын ашыпты. Және кімнің атында деңіз: «Феликс Цой атындағы бокс залы».

– Менің қазір саған әлем чемпионы, жазғы Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері ретінде сұхбат беріп отырғаным әуелі құдай, одан кейін жеке бапкерім Феликс Цойдың арқасы. Ауылда гимнас­тика, күреспен шұғылдандым. Боксшы болам дегем ой санамда жаңғырған емес. Алғашқы мүшелге толғанда асқар тау тірегім әкем дүние салды. Ауыртпалық анамыздың арқасын аяздай қарып, темірдей қажағанын бала болсам да сезіндім. Әкем өмірден озғанда тағдырдың сан сынағы сансыратып, жігеріңді құм етпес үшін рухыңды құлатпау керек екенін ұғындым. Кейін біз Тараз қаласына көшіп келдік. Мұнда күрес үйірмесіне қара­ғанда бокстың даңқы дәуірлеп тұр екен. Сыныптағы балалар да, ауладағы көршілер де қолақ­пандай қолғапты киіп алып, бірін-бірі төмпештеп жатады. Бапкер Феликс Цой ә дегеннен мінезді кісі болып көрінді. Білгір маман менің әр қимылымды жіті қадағалап, бақылап отырып­ты. Жаттығудан қалмай, өзіне ша­қырып жақын таныстық, кете­рімде уақытында жаттығуға үз­бей келуімді міндеттеді. Бапкер ретінде жұлдызымның жануына Цойдың сіңірген еңбегі орасан, – деді Болат боксшы. Шәкірттің ұстазға деген риясыз сағынышын, бапкерге деген құрметін жанарынан оқыдық.

Әкесінен ажыраған шағында боксқа келген ұлға бапкер зор үміт артады. Дене бітімі қыр­ғидай ғана баланың қимылы шиыршық атып жарқылдайды. Ауа қармап жұдырығын көз ілеспес жылдамдықпен сілтейді кеп. Ең алдымен Болатты бап­кердің шылбырына байлаған – төзімділігі еді. Қасына еріп бірге барған балалардың барлығы дерлік бокс залын ауладағы ойын қызығына айырбастап тастап кетті. Алағызған көңілі соларды қалап тұратын бала да кей күндері анасына үйірмеге баратынын ескертіп, ойынның қызығына батып қас қарайғанша доп қуады. Сондайда бапкері үйге іздеп келіп, қызыққа кеткен шәкіртін залға қайырып әкелетін. Бапкердің сұңғылалығы да, мейірімі мен қайырымдылығы кемеріне келген жан екені осы бір қарекетінен-ақ менмұндалайды. «Оқы» дейді боксшы шәкіртіне. Сөйтеді де, өзі жетелеп жүріп Тараздағы химия-механика техникумына оқуға түсіреді. Бокстан жоғары жетістіктің шыңына шықсаң атағың мен абыройың аспандап институтқа да қабылдануға жол ашылатынын айтады. Бапкердің осы бірауыз сөзі қазақ боксында тұңғыш әлем чемпионы болып қалыптасуына негіз болды. Өзі де боксты бар ынта-ықыласымен үйренуге ұмтылды, төккен тердің өтеуіне толайым жеңіс бұйырды. Жоғары білім алуына да орасан мүмкіндік туды.

2000 жылдан кейін жұрт­шылық Жұмаділовтен көз жазып қалды. Спорттың сан салалы сілемі, оның ішінде бокстың маңынан тұңғыш әлем чемпио­ны көрінбей кетті. Кеден саласында бірнеше жыл қызмет еткен саңлақты қайта «үйіріне» қосқан Қайрат Боранбаев екен. «Білгеніңмен бөлісіп, шеберлі­гіңді үйрет» деп Арқалық қала­сынан қызмет ұсынған. Одан бері бапкерлік қызметіне кір жұқ­тырмай бірнеше өңірде абыроймен атқарды.

Жұрт көзіне жиі түсе бер­мейтін, сіңірген еңбегін жарияға жар салуды қаламайтын қазақ боксының қайраткерінен ұлттық құраманың қарым-қабілетін сұра­дық. «Кемінде 1 алтын медаль бұйыруға тиіс. Қазақ боксының айбаты мен айбарынан әлем бокс­шылары әлі де ығады. Халықтың боксшыларға зор сенім артатыны да сондықтан. Тек 2021 жылы Токио Олимпиадасынан ғана бокс­шылар алтын медаль алған жоқ. Оған дейінгі қатысқан барлық жазғы Олимпиадада былғары қолғап шеберлері алтынсыз қайтпағанын білесіз. Сол дәстүр қайта сабақталуға тиіс», дейді. Әлем чемпионымен дидарласып, жертөледен шыққанда жаттығуға асыққан жеткіншектер сөмкелерін арқалап залға кіріп бара жатты.