Спорт • 19 Маусым, 2024

Жарыс күнделігі

39 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ресейлік Егор Агафоновпен жұптасып өнер көрсетіп жүрген Григорий Ломакин Тунисте өтіп жатқан ITF M15 санатындағы турнирде қатарынан үшінші мәрте жеңімпаз атанды. Соңғы жарыстың финалында олар Пауло Сарайва Дос Сантос (Бра­зилия)/Крис Ван Вик (ОАР) жұбын 6:3, 6:3 есебімен ұтты. Бұл Қазақстан теннисшісінің спорттық ман­сабындағы 26 титулы.

Жарыс күнделігі

Фото: ru.freepik.com

  • Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) 2024/25 жылдардағы маусымының кестесі жарияланды. Тұрақты біріншілікті «Барыс» Астанада бастайды. Дэвид Немировски баптайтын команда 4 қыркүйекте «Нефтехимикпен» кездессе, одан кейін «Трактор» (6 қыркүйек) және «Амурмен» (9 қыркүйек) шеберлік байқасады.
  • Грекияның Патры қаласында муай-тайдан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. 70 елден келген 800-ден аса спортшылардың басын қосқан байрақты бәсекеде еліміздің ерлер құрамасы үш жүлде жеңіп алды. Тарқатып айтсақ, 57 кг салмақта Шәміл Ермағамбетовке тең келер ешкім табылмады. Финалда ол ресейлік Салават Исаевқа сан соқтырды. 63,5 кг салмақ дәрежесінде Әбіл Ғалиев алтын тұ­ғырға көтерілді. Финалдық айқаста қазақ спортшысы вьетнамдық Нгуен Доан Лонгтың осал тұсын оңай тапты. Ал Алмас Сәрсембеков күміс медальды ие­ленді. Шешуші тұста қандасымыз Ресейдің тағы бір өкілі Мажид Темаевқа есе жіберді.
  • Оңтүстік Кореяда жеңіл атлетиканың кейбір түрлері бойынша Азия чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста бес жерлесіміз өнер көрсеткенімен, олардың бірде-біреуі жүлделі орынға іліге алмады. Ең үздік көрсеткішке Иван Иванов қол жеткізді. Ол ядро лақтырудан төртінші орынға табан тіреді.
  • Словенияның астанасы Люблянада үстел теннисінен өтіп жатқан WTT Star Contender турнирінде Кирилл Герасименко 1/8 финалда сүрінді. Алғашында ол аса тартысты бәсекелерде хор­ватиялық Фран Коич пен Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, словениялық Дарко Йоргичтен 3:2 есептерімен басым түсті. Бірақ одан кейін Олимпия ойындарының алты дүркін жүлдегері, Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы, Әлем кубогінің иегері, германиялық Дмитрий Овчаровтан ұтылды.
  • Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 11 турында мынадай нәтижелер тіркелді: «Шахтер» – «Атырау» 0:3, «Тобыл» – «Қайрат» 1:0, «Қайсар» – «Тұран» 1:1, «Жетісу» – «Жеңіс» 2:2, «Елімай» – «Ақтөбе» 2:2 және «Астана» – «Ордабасы» 0:1.
  • Түркияның Анталья қаласында садақ атудан Олимпия ойындарының соңғы лицензиялық турнирі өтті. Өкінішке қарай, Қазақстанның әйелдер құрамасы үшін бұл жарыс сәтсіз аяқталды. Анадолы еліне сапар шеккен екі мергеніміз ғана 1/8 финалға шықты. Сол межеде Алина Ілиясова словакиялық Дениса Баранковадан ұтылса, Елизавета Авдеева ирандық Мобиньи Фаллаға жол берді.
  • 22-30 маусым аралығында Иорданияда күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы (U-17) Азия біріншілігінің шымылдығы түріледі. Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Алмат Кебісбаев аталған додада мына шәкірттеріне сенім артып отыр: 45 кг – Нұрдәулет Құмарұлы , 48 кг – Зарап Сұңқар, 51 кг – Едіге Төлеутаев, 55 кг – Алпамыс Болатұлы, 60 кг – Шәміл Досбол, 65 кг – Данияр Қанағатбек, 71 кг – Әбіл­мансұр Ақылбек, 80 кг – Еркебұлан Анапия, 92 кг – Әділет Тойшыбек және 110 кг – Айдос Қайратов.
  • Чехияның Брно қаласында көркем гимнас­тикадан Гран-при сериясының соңғы кезеңі өз мәресіне жетті. Бұл жарыста жерлестеріміздің арасынан жалғыз Айбота Ертайқызы өнер көрсетті. Көпсайыстың қорытындысы бойынша ол жетінші орын алса, жаттығудың үш түрі бойынша финалға шықты. Бірақ сол бәсекелердің бірде-біреуінде жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Ақботаның нәтижесі мынадай: «Доп» - төртінші, «таспа» – бесінші және «ұршық» – жетінші орын.