Спорт • 18 Маусым, 2024

«Семей» – чемпион!

33 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футзалдан Қазақстан чемпионатында 20 жыл бойы үстемдік құрып, бас бәйгені ешкімге бермеген Алматының «Қайраты» биылғы маусымда күміс медальды қанағат тұтты.

«Семей» – чемпион!

2023–2024 жылдардағы мау­сымның финалында «Қайрат» пен «Семей» сайысқа түсті. Алғашқы үш ойынның нәтижесі бойынша Дави Перейра Де Мендонканың шәкірттері 2:2 есебімен алда келе жатты. Ше­шуші төртінші матч та өте шие­леністі өтті. Бірінші таймның өзінде қос команда бір-бірінің қақпасына үш голдан салды – 3:3. Үзілістен кейін алматылықтар алымды көрінгенімен, қарсы жақтың қорғаныс шебі сауат­ты ойнады. Таблодағы есеп өз­гермегеннен кейін экстра-тайм белгіленді. Қосымша уақытта Кайо Торрес нысананы дәл көздеді. Бұл – семейліктердің сапындағы бра­зилиялық ле­гионердің осы кездесудегі үшінші голы! Хет-трик! Десек те көп ұзамай Алисон таразы басын теңестірді – 4:4.

Бәсеке тең аяқталғаннан соң пенальтилер соғылды. Бұл тартыста «Семейдің» асығы алшы­сынан түсті – 3:1. Сөйтіп, былтыр ғана іргетасын қалаған Абай облысының командасы ел чемпионы атанды. Ал Марлона Веласко баптаған жігіттер күміс медальді қанағат тұтты. «Нағыз сенсация!» деп осыны айтыңыз.

Естеріңізге сала кетейік, келесі жылы 30 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған «Қайрат» 2003-2024 жылдар аралығында қатарынан 20 рет Қазақстан чемпионы атанды. 18 мәрте ел кубогін және 8 рет суперкубокті олжалады. Сондай-ақ алматылықтардың УЕФА Чемпиондар лигасының екі дүркін жеңімпазы (2012/13, 2014/15) және Құрлықаралық кубоктің иегері (2014) деген атағы бар.