Жастар • 20 Маусым, 2024

Мемлекеттік қызметтегі маңызды бастама

85 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 5 жыл бұрын Президенттік жастар кадр резерві іске қосылды. Басты мақсат – билік тармақтарында басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыру. Сондай-ақ бас­тамашыл, креативті ойлайтын жастарды мемлекеттік қыз­мет­ке тарту. Бүгінде бұл бірегей мүмкіндікті қалт жібермеген 400 жас бар. Оның 70%-ы орталық және жергілікті атқарушы орган­дарда жауапты лауазымдарға та­ғайындалып үлгерді.

Мемлекеттік қызметтегі маңызды бастама

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ашық үкімет – мемлекеттің басты саясаты. Мұны оңтайлы жүзеге асыруда «eAkimat365» цифрлы платформасының орны бөлек. Өйткені ақпараттық жүйе бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді. Ілкімді жобаны жасақтауға 100-ден аса маман атсалысқан. Арасында Президенттің кадрлық резервінің мүшесі, жалынды жастың бірі – Ербол Төлегенов бар. Бүгінде талапты азамат «Стратегиялық бастамалар орталығы» жауапкерші­лі­гі шектеулі серіктестігінде «eAkimat 365» жүйесін басқарады.

– Қостанай облысының Арқалық қаласында туып-өстім. Ұлттық банктің жергілікті кеңсесінде 5 жылдан аса еңбек еттім. Кейін мансаптық өсуді ұйға­рып, 2021 жылы Президенттік жас­тар кадр резервінің конкурсында бақ сынадым. Сынақтан сәтті өтіп, резервке қабылдандым. Байқағаным, бізде бюд­жеттік өтінімдер мен екі ортадағы ке­лісімдер көп уақытты алады. Яғни кез кел­ген жергілікті әкімдіктегі қызметкер қандай да бір балабақша, білім ордаларын салуға байланысты құжаттарды жолдауда бірнеше сатыдан өткізеді. Сәй­кесінше, қайта-қайта принтерден басып, мөр соқтырып, қолтаңба қойдыру үдерісі міндетті жүреді. Ал біздің жүйе осының барлығын жедел орындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бюджеттік үдерістің ашық болуына, деректер сапасын жетілдіруге, әкімдік қызметкерлерінің уақытын оңтайландыруға ықпал етеді. Әрі шешім қабылдауда объективтілік­ті қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде ха­лықтың жергілікті билікке деген сенімін арт­тырады, – дейді Е.Төлегенов.

Бюджеттік үдерістерді стратегиялық жоспарлауға, функционалдық икемділікті арттыруға сеп болған платформа еліміз­дің алты аймағында қолданыста жүр. Атап айтсақ, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысында бар.

– Платформаның сапалы жұмыс іс­теуіне еліміздегі білікті, өз ісінің шебер бағ­дарламашылары, жүйелік және бизнес талдаушылары күш салды. Сондықтан 2025-2027 жылдар арасында барлық өңір мен республикалық маңызы бар қала­ларда іске қосуды жоспарлап отырмыз. Әзірге платформада шамамен 5 мың мем­лекеттік органның 7 мың пайдаланушысы жұмыс істейді, – дейді жоба жетекшісі.

Бұған қоса Ербол – Ұлттық экономика министрлігінің қоғамдық кеңесінің белсенді мүшесі. Онда стратегиялық құ­жаттар мен нормативтік құқықтық акт­тарға ұсыныстар беріп, жаһанданудың сын-қатерлі жағдайында мемлекет эко­номикасының оңтайлы дамуына септігін тигізеді.

Осындай талантты жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналған кадрлық резервке былтыр 50 азамат қабылданған. Екі жылда бір өтетін іріктеуге 30 мыңнан ас­там жас құжат тапсырыпты. Оның ішінен 6 404 үміткер ғана тестілеуге жіберілген. Конкурста алты кезеңнен мүдірмей өтіп, зерек қарым-қабілетін байқатқандар­дың бірі – Әлібек Сайланбаев. Алматылық маман елдегі цифрландыру саласын дамы­туға үлес қосқысы келеді. Бұл мақсатына кадрлық резерв жол ашатынына сенімді.

– Қазір жасанды интеллектпен айна­лысатын америкалық компанияда еңбек етіп келемін. Мұндағы жобам бұрын бол­маған нәрсені жасайтын жасанды ин­теллекттің ең жылдам дамып келе жатқан түрі – генеративті жасанды интеллект (GenAI – Generative Artificial Intelligence) саласына қатысты. Әлемге әйгілі LLM, ChatGPT сынды машиналық оқыту жүйе­леріне ұқсас. Нақтырақ айтсақ, үлкен тіл үлгілерін қолданып, виртуалды ассис­тент, түрлі ақылды боттар жасап жатырмыз. Яғни генеративті модельдер деректер жиынын пайдаланып, тапсырмаға сәйкес жаңа контент жасау. Мәселен, сіз неше түрлі форматтағы құжатыңызды жүктейсіз, жүйе сіздің ақпаратыңызды өңдеп, зерттеулер жүргізіп, сараптама жасай алады. ЕGov, е-Salyq сынды қо­сымшалардан айырмашылығы – уақытты үнемдеп, деректерді лезде өңдеп береді. Қазір мұны шетелде бизнес сарапшылар жиі қолданады. Олар платформаға есеп құжаттарын жүктеп, белгілі бір кезең аралығындағы кестені әп-сәтте көреді, – дейді Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.

Әлібек Айдосұлы бакалавриатты Na­zar­­­bayev University, магистратураны Сауд Арабиясындағы King Abdullah Uni­ver­sity of Science and Technology уни­вер­сите­­тін­де оқыған. Білікті жас жасан­ды интел­лек­ті еліміздегі басқару жүйесі­не, әртүр­­лі салаға енгізу керек деп санайды.

– Кадрлық резервте үш жыл бола­мыз. Сол үш жылдың ішінде бізге ұсы­ныс­тар беріледі. Мемлекеттік қызметке та­ғайындалған соң, жасанды интеллектті барлық дерлік салаларда қолдануды ұсын­ғым келеді. Өйткені қазір жаһандану үдерісінде технология көмегімен көше­лердегі бейнежазбалардың кадрлары­на талдау жасап, орта қауіпсіздігін же­тіл­діруге, медицинада кез келген емделу­ші­нің диагноздарын зерттеп, болжам жа­сауға болады. Ғарыштан суреттерді бағ­дарлап, қай аумақта көмірқышқыл газы көп бөлінетінін, қай бөлікте өрт болып жатқанын бақылауға мүмкіндік бар. Тіпті мемлекеттік қызметтегі бюрократия мәселесін де осы жолмен азай­та аламыз. Білім беру жүйелеріне пер­соналдық алгоритмді енгізу арқылы отан­дық нарықтағы мамандарға қатысты біраз түйткілдің түйінін тарқату да әбден мүмкін. Яғни әр азаматқа қандай білім берген дұрыс, қай тұсын, пәнін жетіл­діру керек екенін ашып көрсетеді. GenAI ­қат­ты дамып келеді. Сондықтан бұл техно­ло­гиямен неше түрлі жаңа бейне­жаз­ба, ­музыка, әңгімелер шығарса болады. Бірақ оны тек адамзаттың игілігі үшін ғана қолдану қажет, – дейді маман.

Жыл басында Мемлекет басшысы Пре­зиденттік жастар кадр резервінің форумында жастардың осынау инновация­лық ізденістерін оң бағалап, тиісті мемлекет­тік органдар тарапынан мұндай бастама­лар­ға қолдау көрсетілетінін айтқан еді.

«Президенттік жастар кадр резерві дәл осындай талапты жастарға бірегей мүмкіндік береді. Бүгінде резервте 400 маман бар. Соның 280-і орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауап­ты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жү­зеге асырылып жатыр. Мемлекетіміз­ді өркендету үшін жаңа, батыл қадам­дар жасалып келеді. Сондықтан өздеріңіз сияқты еліміздің жалынды жастары осы өз­герістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Нақты статистикаға көз салсақ, бүгін­де орталық мемлекеттік органдарға – 156, жергілікті мемлекеттік органдарға – 36, ұлттық компанияларға – 59, өзге де ұйымдарға 43 резервші тағайындалды. Олардың ішінде 37 резервші саяси, 3 резервші «А» корпусының лауазымдарында, 3 резервші депутаттық қызмет атқарып жүр. Сондай-ақ резервшілер мем­лекеттік органдар жанындағы кон­суль­тативтік-кеңесші органдар мен қо­ғам­дық кеңестердің жұмысына белсен­ді қатысады.

Жастардың бүгіні мен болашағы – ел саясатының негізгі қалқаны. Сон­дық­тан мемлекет олардың сапалы білім алып, ла­йықты жұмысқа орналасуына, әлеу­меттік қажеттіліктерін өтеуге барын­ша жағдай жасап келеді. Ал пре­зи­денттік жас­тар кадрлық резерві – мем­лекет­тің өмір­шең­дігі мен ішкі-сыртқы тұрақ­ты­лығын қам­тамасыз ететін бірегей институт.