
Сан ғасыр бойы сабақтасып, үндесіп келе жатқан қайырымдылық ұғымы кейінгі уақытта тереңдей түсті. Әсіресе жас толқынның бойынан адамгершілік, ізгілік, қасиеттерін көру – көңілге медеу. Бір жағынан қазіргі жасөспірімдердің өмірлік ұстанымы ата-аналарының жас күніндегі арман-мақсатына мүлдем ұқсамайды. Жаһандану дәуірінде туып-өскен ұрпақтың ойы, ісі де бөлек, тіпті өздері де дара. Олардың санасында қоғам таңған шекара жоқ. Сондай өреннің бірі – Аяулым Болпанова.
Бүгінде ол – республикалық «28 ілмек» волонтерлік клубының мүшесі. Жетінші сынып оқушысы шала туылған сәбилердің жарық дүниеге бейімделуі үшін денесінің қимылдауына сеп болатын киім-кешектер тоқиды.
– Әдетте күні жетпей туған шақалақтарға қосымша жылу қажет. Өйткені нәрестенің тері астындағы майы жүктіліктің тек 8-9 айында ғана пайда болады екен. Содан сәбиде жылу алмасу үрдісі қалыптасып үлгермейді. Ал медициналық көмектен бөлек, бастан-аяқ қалыпты температураны сақтауы үшін таза экологиялық жүннен тоқылған бас киім, шұлық, қолғап, кеудешелер қолданылады. Әрі жүннен тоқылған киім емдік массаж есебінде де әсер етеді. Денені тітіркендіреді, қан айналымын жақсартады. Оларда тыныс алу жүйесі дұрыс жетілмегендіктен қатты ұйқыға кетіп, дем алмай қалуы мүмкін. Осы орайда тоқыма бұйымдар шақалақтың денесін жыбырлатқан соң, үнемі қозғалуға мәжбүр болады, – деп Аяулым егжей-тегжей айтып берді.
Оған қоса тоқылған киім-кешек бала бойындағы моторикалық қызмет жүйесін жақсартады. Кішкентай жанашырдың айтуынша, мұндай дүниелерді қарапайым дүкен сөрелерінен табу қиын. Себебі машақаты көп, уақытты талап ететіндіктен көпшілігі айналысқысы келмейтін көрінеді.
– Еріктілік қызметті қысылтаяң шақ – пандемия тұсында бастадым. Бос уақытымды ұтымды пайдаланғым келді. Әлеуметтік желілерден жыл сайын елімізде 22 мыңға жуық бала шала туылатынын оқып қалдым. 400-500 грамм шамасындағы шақалақтардың өмірге бейімделуі үшін біраз күтім қажет. Оған жоғары технологиялық жабдықтар, білікті медициналық мамандардан бөлек, қойдың жүнінен тоқылған шұлықтың, киімнің маңызды екенін білгеннен кейін, қолдан келгенше көмектесуді ұйғардым. Сөйтіп, тоқу, қолөнерге деген қызығушылығым волонтерлік қызметке ұласты. Кейін өзім волонтерлік клуб аштым. Осы іспен айналысып жүргенімді білген Көкшетау қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі ұстаздарым қаражатпен көмектесіп, оқушылар мен ата-аналар қатарыма қосылды. Жіп сатып алып, өздері тоқып, клубқа тапсырады. Оны ауруханалардағы арнайы бөлімшелерге, перинаталдық орталыққа әдетте жиынтық етіп апарамыз. Бұл киім-кешектер дене салмағы 500 грамнан жоғары сәбилерге қолданылады, – дейді Аяулым.
Өткен жылғы статистикаға үңілсек, шала туған әрбір жүз сәбидің дене салмағы қалыпты нормадан төмен немесе өте төмен болады. Мұндай салмақ санатындағы өлім көрсеткіші 50%-дан асады. Десек те Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең төменгі көрсеткіш бізде. Яғни 30 жыл ішінде республикада нәрестелер өлімі бес есеге азайған. Бұл – білікті медицина мамандарына жұмыла қол созған Аяулым секілді волонтерлердің де еңбегі.
Жалпы, елімізде 2021-2023 жылдарға арналған Волонтерлікті дамыту жол картасы аясында бірқатар жоба табысты іске асырылды. Нәтижесінде, волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсті. Өнегелі ісімен көпке үлгі бола білген еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Арнайы Qazvolunteer.kz бірыңғай платформасы жасақталды. Бұл да қоғамда волонтерлік қызметтің әлеуетінің артуына сеп болды.
Қазір еріктілеріміз әлемнің түкпір-түкпірінде жүр. Мәселен, жуырда ғана «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорының жетекшісі Перизат Қайрат Палестина аумағына барып, шиеленісті жағдайда Қазақ елі атынан тұрғындарға көмек қолын созды. Одан қалды Иордания, Кения, Таиланд пен Түркия мемлекеттерінде тәжірибе жинақтап, көмек қолын созып жүрген волонтерлеріміз жетерлік. Олар осындай іс-әрекеттерімен ізгі салт-дәстүріміздің жібін жалғап келеді. Бұл ретте бабалар салған сара жолды көрсетіп, бағыттаған қазіргі егде жастағы волонтерлердің де еңбегі ерен.
Алпысты алқымдаған Меңсұлу Измакова волонтерлікпен бала кезінен айналысады. Мұқтаж жанға мүмкіндігінше көмек көрсету оның өмірлік бағдарына айналғалы қашан. Оның үстіне 40 жылдан астам ұстаздық еткен. Ерікті «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», деген аталы сөзді еске алды.
– Мен Атырау облысының Мақат ауданындағы Байшонас елді мекенінде туып-өстім. Бала кезден анам ауылдағы қарттардың үйлеріне барып, жәрдем беретін. Бізді де ертіп жүріп, шаруаға бейімдеді. Үйін жинап, тамағын пісіріп жүретініміз есімде. Сөйтіп, бұл дағды әдетке айналды. Осылай әке-шешем қамқорлық жасауға, игі істен шет қалмауға тәрбиеледі. Күні бүгінге дейін еріктілік қызметімді қалдырған емеспін. Түрлі волонтерлік ұйымға мүше болдым. Мен үшін волонтерлік қызмет – жүрек қалауы. Қазіргі таңда еріктілердің атқарып жүрген игі амалдары ежелден ата-бабамыздан риясыз жалғасып келе жатқан қайырымдылық. Бұл дәстүр «Асар» деп аталатыны көпке мәлім. Бұрын шөп шабу, егін жинау науқандарына, сондай-ақ үй салу сияқты ауыр жұмыста көрініс тауып, халықтың қайырымдылығы мен ұйымшылдығын танытқан. Бұл үрдіс тек қазаққа емес, қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен халықтарына да ортақ. Қайырымдылық жасаған адам сауап үшін деп ақы сұрамайды ғой. Демек жасаған игі іс халықтың мәрттігін ғана емес, бауырмалдығын, көпшілдігін білдіреді, – дейді волонтер.
Кез келген мемлекеттің азаматтық қоғамсыз әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрғыда дамуы екіталай. Осыған дейінгі оқиғалар мен тәжірибе азаматтық белсенділер, үкіметтік емес ұйымдар әрдайым қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғап, халықтың ең өткір мәселелерін шешуге ұмтылатынын талай дәлелдеді. Демек бір мүдде, бір мақсат төңірегінде ұйысқан елде даму да бар.