18 Маусым, 2010

ЖЕРГІЛІКТІ ЖОБАЛАР ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

518 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елбасының бағалы да байып­ты бастамасымен елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру жос­парлы жүргізіліп жатқаны барша­мызға мәлім. Сыр аймағындағы жергілікті жобалар да жүйелі жүргізілуде деп айтуға толық негіз бар. – Елбасы мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының тетігін бекітіп берді, – дейді облыс әкімі Болат­бек Қуандықов, – “Бизнес­тің жол картасы-2020” бағдар­ламасы осы бағыттағы шараларды кезең-кезеңмен жүзеге асыруға негіз болады. Сыр аймағында еліміздің индустриялық картасына жалпы құны 245 млрд. теңге болатын 54 жоба енгізіліп отыр. Бұл жобалар жүзеге асырылғанда 8 мыңнан астам сырбойылықтар жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілмек. Әкім айтса айтқандай, бүгінгі күннің өзінде аймақта 22 жобаны жоспарлы жүргізу бастау алған. Егер, нақтылай айтар болсақ, Сыр өңірінде индустрияландыру он­жылдығының алғашқы жылында жалпы құны 21,8 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іріктеліп алынған. Бізге түскен деректерге жүгінсек, ағымдағы жылдың 1шілдесіне дейін 7 жоба, ал жыл аяғына дейін 3 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Сөз орайы келгенде айта кетейік, осы жобалар аясында Сыр өңірі халқының игілігіне жарату бағытында қолға алынып жатқан игілікті шаралардың өзі бір төбе. Атап айтқанда, Ақша­бұлақ кенішінде босқа жанып жатқан “көгілдір отынды” қала халқының игілігіне жарату бағы­тында батыл қадамдар жасалуда. Жылына 420 млн. текше метр өңделген газды Қызылорда қаласына жеткізетін құбырдың екінші желісі іске қосылмақ. Осының негізінде бұл желі таяу уақытта Қазақстанның батысына тартылатын магистралды газ құ­бырына қосылып, Сыр аймағы­ның аудандарын да арзан “көгілдір отынмен” қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Ақшабұлақ газынан өндірі­летін арзан электр қуатын бұрын Қазақ­стан­ның солтүстігіне тар­тылған жоғары кернеулі желіге қосу көбірек айтылатын. Жергі­лікті билік ықпалымен енді бұл желі Ақшабұлақ кенішінен Қызылорда қаласына тікелей тартылатын болды. Бір қуанар­лығы, электр же­лісін тарту жобасының техникалы-экономи­калық негіздемесі дайындалып, мемлекеттік бағдар­ламаға енгізіл­ген. Осы бір игілікті істің нәти­жесінде облыстың өзіндік электр энергиясын өндіру қуаты 350-450 мгвт-қа жеткізілмек. Келесі өмірлік маңызы бар тағы бір жоба – Қызылорда қала-сындағы “УАД” ЖШС иелігіндегі асфальт-битум зауыты. Бүгінде өткен жылы бой көтерген битум зауыты заманауи технологиямен толық жабдықталған. Тәулігіне 500 тонна битум шығаратын аталмыш зауыттың жалпы құны 700 млн. теңгені құрайды екен. Бұл зауыт гидронды қышқылдандыру үдерісін өткізіп, одан битум шығарады. Ал­ғашқы өнімдер автокөлік жолда­рына төселе бастаған. Сондай-ақ “УАД” ЖШС ағымдағы жылы ас­фальт зауытын іске қосуға құлшы­на кірісіп те кеткен. Сағатына 180 тонна өнім шығаратын бұл өндіріс орны қыруар қажеттілікті өтей­тініне ешкім де шүбә келтірмес. Сыр аймағындағы ағымдағы жылғы үлкен жобалардың қата­рында аймақ тұрғындарын өзін-өздері азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында тауарлы сүт фер­масы мен нан зауыты құрылыстарын салу да қарастырылған. Сондай-ақ, мал бордақылау алаңдарын, құ­рамажем өндіру орындарын салу да жоспарда бар. Шындығында, жергілікті жобалар негізінде аймақта ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Егер саралап айтар болсақ, жоғарыда айтқандай, Қызылорда қаласындағы жылу-электр орталығын қайта құрып, оның газға көшірілуі, қаладағы жүзден астам көшенің қайтадан жөндеуден өткізілуі, коммуналдық саланың сан жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан күрделі түйіндерінің біртіндеп тарқатылуы, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автобан құрылысының қарқын алуы, “САРАТС-2” жобасы бойынша атқарылатын жұмыстар­ды қосымша зерттеу үшін жұмыс тобының құрылуы  Сыр өңірінің күні ертең өркен жаюына бірден-бір себепші болмақ. Ал, аймақтағы күрделі әлеуметтік мәселелер де кезең-кезеңмен өз шешімдерін таппақ. Бүгінде барлық әлеуметтік нысандардың тізімі жасалып, оларды жоспарлы салу ағымдағы жылы бастау алуда. Үстіміздегі жылы Қызылорда қаласы мен аудандарда ондаған білім ошақтары пайдалануға берілмек. Осы әлеу­меттік нысандар ішінде Қызылорда қаласындағы ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхана салынуының орны ерекше. Сондай-ақ “Қаз­атомпром” АҚ облыс басшысының ұсынысын қабыл алып, қаладан жаңа перзентхана салуды қолға алмақшы. Елбасының тікелей бақы­лауында тұрған “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы да Сыр өңірінде жүйелі жүргізілуде. Бұл бағытта аймақ кәсіпкерлеріне 571,4 млн. теңге бөлініп отыр. Егер саралап айтсақ, аталмыш бағдарла­ма аясында жеке кәсіпкерлікті қолдауға 374,6 млн. теңге, инфра­құрылымды дамытуға 196,8 млн. теңге қаржы бөлінбек. Кредиттер бойынша несие пайызын субси­диялауға және экспортқа бағыттал­ған өндірісті қолдауға 260,6 млн. теңге, “Шағын және орта бизнеске кредиттерді ішінара кепілдендіру” бағдарламасы бойынша несиелен­діруге  81,4 млн. теңге қаржы жұмсалмақ. Ал, бизнеске сервистік қызмет көрсету бағдарламасына 32,5 млн. теңге қаралған. Келесі жылы “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша бөлінетін қаржы биылғыдан 3 есе көп болады деген болжам да бар. Демек, жергілікті кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тауып, индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға білек түре кіріспек. Айта кетейік, жақында облыс әкімдігі мен “Марсель Петролеум” және “КазПетролгрупп” компаниялары арасында өзара экономикалық ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Осыған сәйкес “Марсель Петролеум” ЖШС республикалық бюджет есебінен облыстық медициналық орталыққа алынған ядролық-магниттік томог­раф пен компьютерлік томографқа жаңа ғимарат салып береді. Енді сырбойылықтар осы қондыр­ғылардың қызметін пайдалану үшін шалғайдағы Шымкент пен Астана қалаларына сабылмай, оның игілігін осы жерде көретін болады. Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, жергілікті жерден өндірілген өнімдерді кеңінен тұтыну мәселесі бо­ла­шақта өзінің баянды шешімін та­батын болады. Себебі, жергілікті ин­дус­трияландыру картасына ен­гізілген жобалардың басым бөлігі осы талаптардың үделерінен та­былу мақсатын көздеген. Еркін ӘБІЛ. ҚЫЗЫЛОРДА.