18 Маусым, 2010

ҮНЕМШІЛДІКТЕН ҰТАРЫМЫЗ МОЛ

592 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Көксарай су реттегіші туралы қоғамда, ғылыми ортада, маман­дар арасында түрлі пікірлер, әртүрлі әңгімелер болғаны белгілі. Ол түсінікті жағдай. Себебі осындай саяси, экономикалық, эколо­гиялық, әлеуметтік маңызы орасан зор гидро­техникалық нысанның өмірге келуі бәрімізді ойлан­дыратыны шындық. Міне, осындай жағдайда Мем­лекет басшысы барлық мәселе­лерді салмақтай келе Көксарайды салу туралы шешім қабылдады. Осы қабылдаған шешім мен оның жү­зеге асуы тәуелсіз Отанымыздың болашаққа деген нық қадам­дарының бірі деп білеміз. Қызылорда облысының суар­малы егіншілігі Сырдария өзенінің су қорына байланысты. Со­ны­мен бірге судың ең көп пайдала­ны­латын кезі маусым-шілде ай­ла­рында өзендегі су қорының азаюынан шаруашылықтар зардап шегіп келген және егістік жерлер­дің топырақ-мелиоративтік, эко­логиялық жағдайы нашарлап, инженерлік дайындалған жерлер ауылшаруашылық айналымынан шығып қалған. “Көксарай” су реттегішінің іске қосылуы, осы мәселелердің оң шешілуіне тікелей әсер ететініне сеніміміз мол. Қай уақытта да Президент назарда ұстап келе жатқан аса маңызды табиғи нысан – Арал теңізінің біртіндеп қалпына келуіне де Көксарайдың ықпалын тигі­зетінін Сыр жұртшылығы аса қанағаттанғандық сезіммен жылы қабылдауда. Енді осы баға жетпес байлық – суды үнемдеп, тиімді пайдалану, басты мәселелердің бірі. Қызылорда облысындағы негізгі дақыл­ – күріш. Ол суды өте мол тұтынады. 1 тонна күріш өндіру үшін орта есеппен 6-8 мың тонна су жұмсалады. Осы бағытта біздің ғалымдар күріш және ауыспалы күріш егісі дақылдарының жаңа сорттарын шығарып, оларды өсірудің иннова­циялық технологиясын әзірлеп, өндіріске енгізуді жүзеге асыруда­мыз. Соңғы жылдары күріштің отандық Ару, Арал-202, Түгіскен-1 сорттары мемлекеттік сынақтан өтіп, аудандастырылды. Бұл сорт­тардың пісіп-жетілу мерзімі 95-115 күн аралығында және әлеуетті өнімділігі гектарына 70-90 центр­ден. Сонымен бірге шетелдік (ресейлік) жоғары өнімді, сабағы нығыз сорттарына балама ретінде қылтық­сыз КазНИИР-5, Каз-НИИР-6, КазНИИР-7 жаңа перспективалы күріш сорттары шығарылды. Бұл сорттар дәнінің ірі­лі­гі­мен, қоршаған ортаға бейім­дел­гіш­тігімен тұзға, суыққа, су тап­шылығына және терең бастыруға төзімділі­гімен ресейлік сорт­тарынан айрықша ерекшеленеді. Күріш шаруашылығында алғаш рет минималдық, нөлдік және жалға егу технологиялары сынақтан өтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Күріштің жаңа сортта­рын, ғылыми негізделген техно­ло­гияларды өндіріске енгізу арқылы суды 20-25% пайызға үнемдеуге қол жетеді. Экологиялық таза өнім алу әлем қауымдастығының алдындағы күрделі міндеттердің бірі. Осы ба­ғытта институт ға­лым­дары мине­ралды және ор­ганикалық тыңайтқыштарды балансты жағдайда қолдану арқылы, экологиялық таза өнім өндіру технологиясын жасап, өндіріске ұсынды және түрлі пес­тицидтерді экологиялық сынақ-тардан өткізуді жүзеге асыруда. Қызылорда облысы әкімдігі мен “ҚазАгроИнновация” АҚ арасында жасалған меморандум “ҚазНИИР” ЖШС жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, күріштің отандық және ресейлік перспек­ти­валы сортта­рының бірегей және элиталық тұқым шаруа­шылығын ұйымдастыруға жол ашты. Егін шаруашы­лығын әртараптандыруды жүзеге асыру мақсатында суды аз тұтына­тын рапс, сафлор, соя, арпа секілді дақылдарды күріш ауыспалы егістігі жағдайында өсірудің технологиясы жасалуда. Бұл жағдай өз кезегінде суды үнемдеу арқылы облыс аймағындағы көлдерді, Арал теңізін толтыруға мүмкіншілік тудырып, өңірдің экологиясының айтар­лықтай қалпына келуіне жол ашады. Аудан, шаруашы­лықаралық магис­тральді каналдар мен коллекторларды таза­лау, ондағы гидро-техникалық құрылым­д­арды жөндеу жұмыс­тары республикалық, облыстық бюджет есе­бінен жүзеге асы­ры­лып отырса, ал шаруашы­лық­іші­лік суару, коллекторлы-кәріздік жүйелер және олардағы гидро­тех­никалық қондырғыларды жөндеу шаруашылықтардың қаржы тап­шылығына байланысты жүзеге аса бермейді. Бұның өзі жоға­рыда жасалған орасан зор жұ­мыс­тардың тиімділігін төмен­детіп, су ысыра­бы­на жол береді. Сондықтан ендігі кезекте осы жұмыстарды мемлекет есебінен субсидиялау немесе қаржы мәсе­лесін шешу, Жолдауда көрсе­тіл­гендей, агроөнеркәсіп саласына қойылған еңбек өнімділігін 2 есе көтеру, азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, экспорттық әлеуетті көтеру сияқты күрделі міндеттерді жүзеге асыруға жол ашар еді. Серікбай ӨмірзаҚов, “Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” ЖШС-нің бас директоры.