
Ішкі істер саласына енгізіліп жатқан цифрлық үдерістер полиция қызметін ең бірінші бюрократиядан арылтуға септеседі. Себебі цифрлық технологиямен атқарылатын жұмыстар айқын және ашық жүргізіледі. Полицияның барлық қызметі көз алдарында ашық жүргеннен кейін халықтың да біртіндеп полицияға деген сенімі арта түсетіні сөзсіз.
Полиция қызметінде 2022 жылы хабарларды қабылдаудың көп арналы жүйесі іске қосылған болатын. Бұл жүйе «102» қосымшасы, мессенджер, әлеуметтік желі (Telegram, Facebook, Вконтакте, ІІМ сайты) арқылы шағымданушылармен бірлесіп әрекет етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ түрлі тәсілмен жөнелтілген хабарламаларды, бейнеқоңырауларды қабылдайды.
Жүйе іске қосылғаннан бері бүгінге дейін полицияға осындай тәсілмен 302,1 мың қоңырау мен хабарлама келіп түскен. Соның ішінде аталған қосымшаға 221 мың хабарлама тіркелсе, оның 7839-ы аудио хабарлама, 128083-і бейнеқоңырау. Ал мессенджер арқылы 80 мыңнан астам хабарлама қабылданған.
Орайы келгенде аталған қосымшаның артықшылықтарына да тоқтала кетейік. Бұл мобильді қосымшадағы «шақырту» батырмасын басқан кезде 102 операторы абонентпен тікелей байланыс орнатады, картадан қоңырау шалушының тұрған орнын көреді және сол бойда телефондағы бейнекамераның көмегімен айналасын шолып, жағдайды тез бағамдап, жақын маңдағы полиция жасағын жөнелтеді.
Азаматтардың шағымдарын дер кезінде қабылдап, қарастыру үшін еліміз бойынша 2 мың жұмыс орны құрылған. Бүгінге дейін 102 қосымшасы арқылы азаматтардың миллионнан астам шағымы қаралған. Бұған қоса, аталған қосымшада автокөліктің тарихын қарастыратын сервис те бар. Ұялы телефонның ұрланған мүліктер тізімінде бар-жоғын да тексеруге болады. Ол үшін сатып алар кезде ұялы телефонның IMEI-кодын енгізсеңіз жеткілікті, осылайша оның жоғалған немесе ұрланған заттардың тізімінде бар-жоғын біле аласыз.
Осындай жүйенің іске қосылуы – тұрғындар мен полиция қызметкерлеріне қылмысқа қарсы күресте жаңа форматта бірлесіп әрекет етуге қолайлы жағдай жасағанын атап өткен жөн.
Полиция қызметіндегі тағы бір тиімді цифрлы шешім – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі «Қорғау» қосымшасы. Қосымша көшедегі көлік ағыны ішінен жалған нөмірлі көлік құралдарын, сондай-ақ іздестіруде жүрген немесе жол ережесін жиі бұзатын және айыппұлы төленбеген көліктерді өзі іздеп анықтайды.
Бұрын осындай көліктерді анықтау үшін полиция қызметкерлеріне барлық автокөлікті тоқтатып, құжаттарын тексеруіне тура келетін. Бұл өз кезегінде заңды сыйлайтын азаматтарға түрлі қолайсыздық тудырып, полицейлер арасындағы жемқорлықтың өршуіне септескені белгілі.
Ал қазір барлық көлікті тоқтатып, тексерудің қажеті жоқ. «Қорғау» қосымшасы көшедегі бейнекамералардағы мәліметтерді өзі-ақ сұрыптап, көлік ағыны ішінен тексерілуге тиіс көлікті анықтаған бойда жақын маңда жүрген полиция қызметкерінің планшетіне «қауіпті» жүргізуші қасынан өтіп бара жатқаны жөнінде хабарлама жөнелтеді. Одан әрі Жедел басқару орталығындағы операторлар «жаппай бейнебақылау» көмегімен полиция қызметкері қауіпті көлікті қалай тоқтатқанын көргеннен кейін, полицейдің бейнежетоны арқылы онлайн-режімде барлық жағдайды толық бақылауға алады. Полиция қызметкері жүргізушіні қалай тексергенін, не туралы сөйлескенін бәрін көріп, естіп отырады. Осылайша, қосымша тек жол ережесін бұзушыларды анықтауға ғана емес, полиция қызметкерлері арасындағы жемқорлықтың алдын алуға да мүмкіндік беріп отыр. Жазадан құтылып кетушілердің жолын кесуге де септігі мол.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күресте ақпараттық технологияларды белсенді қолдану маңызды. Бүгінде полиция қызметкерлерінің көпшілігі қызмет барысында жеке планшеттер қолданады. Осы планшеттің көмегімен олар ведомстволық ақпараттық жүйелерге және басқа да дерек қорларына қауіпсіз байланыс арнасы арқылы кіріп, өзіне қажетті мәліметті тез ала алады. Қазіргі уақытта еліміз бойынша 22 мыңнан астам планшет қолданылады.
Цифрлық жобалар полиция қызметкерлеріне құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз етуге көп көмегін тигізіп жатыр. Соның арқасында полицияның өзі «Цифрлы полицияға» айналып келеді. «Цифрлы полиция» жобасы қызметкерлерді қолайлы әрі жеңіл смарт-жетондармен қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай жетондар нақты уақыт жағдайында бейнекөрсетілім жасайды, сонымен бір мезгілде бейнежазба да жүргізеді.
Қазіргі уақытта 11 аумақтық полиция департаментінде осындай смарт-жетондар қолданылады. Болашақта смарт-жетондарды кезең-кезеңімен еліміздің барлық өңірінде енгізу жоспарланған. Бұл смарт-жетондардың қандай артықшылықтары бар? Біріншіден, смарт-жетонға жазылған бейнежазбаларды өшіріп немесе редакциялап өңдеу мүмкін емес. Сондықтан ол тек полиция қызметкерінің ғана әрекетін қадағаламайды, сонымен бірге құқық бұзушыны да тәртіпке шақыруда үлкен рөл атқарады. Смарт-жетонда полицияның тұрған орны анық көрсетіледі. Жасақ басшысы да жағдайды сол арқылы онлайн бақылай алады. Смарт-жетон қолды болған жағдайда немесе жоғалтып алған кезде оның ішіндегі бейнежазбаларды арнайы бағдарлама арқылы қашықтан жоюға болады. Осындай артықшылықтары нәтижесінде бүгінде тәртіп сақшылары арасындағы жемқорлық анағұрлым азайды. Полиция қызметіне цифрлық өнімдерді енгізу алдағы уақытта да тоқтаусыз жалғаса береді.