Экология • 05 Шілде, 2024

Өзен жағасын ластағандар ескерту алды

73 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында облыстық полиция департаменті «Экопатруль» іс-шарасын ұйымдастырып, заңсыз қоқыс төгушілерді әкімшілік жауапкершілікке тартуды қолға алды. Полиция қызметкерлері табиғатты бүлдірушілерге қолданылатын әкімшілік шаралар жөнінде көшелерде жадынама таратты.

Өзен жағасын ластағандар ескерту алды

№1 қалалық полиция бөлімі жер­гі­лік­ті полиция қызметі бастығының орын­­­басары Қазбек Адайбековтің айтуын­­ша, полиция жасағының рейдтік шаралар жүргізуіне қарамастан, Ақтөбе су қой­масы, Елек және Қарғалы өзендерінің жағасындағы рұқсат етілмеген орындарда қоқыс үйіп кетушілер қатары азаяр емес. Қазіргі кезде өзендер бойына қо­қыс тастамау туралы ескертулерді еле­местен қоршаған ортаны бүлдіруші­лер­дің қарасы өте көп.

Мұнымен қоса «Жасыл ел» отряды, облыстық жастар ресурстық орталы­ғының 150 мүшесі Ақтөбе су қой­масы жағасын тазалауға келіп, «Jasyl cross 2024» плоггинг-жүгіру марафонын өткізді. Плоггинг – қашықтыққа жүгі­руді қоқыс жинаумен алмастыратын жаңа экологиялық қозғалыс. Мара­фонға қатысушылар бес топқа бөлініп, бір-бірімен жарыса жүгі­ріп, қолдарындағы қапшықта­рын қоқысқа ­толтырды. Көңіл­ді музыка ырғағымен билеп жүріп қо­қыс жина­ған жастарға демалушылар да қосылды. «Жасыл ел» студенттік құры­лыс отряды облыстық штабының жетек­шісі Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, жастар аз уақытта су қоймасы төңірегінен 18 тонна қалдық жинап, демалушылар тастаған қағаз, пластик және шыны құтыларды, пластик пакеттерді сұрыптап бөліп, кө­лікке тиеп, қоқыс полигонына жіберді.

«Таза Қазақстан» акциясы басталға­лы қала көшелері мен өзен жағалау­лары, тоғай арасы біраз тазаланды. Үш айдан бері «Таза Қазақстан» акциясына Ақтөбе облысынан 213 мың 954 тұрғын қатыс­қан. Олар 18 мың 982 аула, 276 саябақ пен гүлбақты тазалап, 285 мың 910 түп көшет отырғызды.

Ақтөбе облысы