Әскер • 11 Шілде, 2024

Әуе қорғанысы сенімді қолда

63 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарулы күштер құрамында Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері маңызды орынға ие.

Әуе қорғанысы сенімді қолда

Бұл әскер тегі Қорғаныс министрінің 1992 жылғы 19 мау­сымдағы директивасы негізінде құрылған болатын. Сол тұста әскерлердің құрамына Қазақстан аумағында орналасқан 37-әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусының зениттік, зымыран, радиотехника және авиация бөлімдері, сондай-ақ әуе айлақтық-техникалық бөлімшелері, байланыс және радиотехникалық қамтамасыз ету батальоны кірді.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қалыптасуының басы-қасында әр жылдары Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев, авиация генерал-майоры Анатолий Васимов, генерал-майор Владимир Бондаренко, генерал-лейтенант Оқас Сапаров, генерал-майор Нұржан Мұқанов және басқа да әскерилер тұрды. 1998 жылы Әуе қорғанысы әскерлері Әуе қорғанысы күштерінің құрамына кірді.

Қазіргі уақытта бұл әскер тегі Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің командалық пункті, құрамына зениттік-зымырандық және радиотехникалық бөлімшелері кіретін әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадаларынан тұрады.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскер­лері еліміздің әкім­ші­лік-саяси, өнер­кә­­сіптік-экономи­ка­лық ор­­та­лықтарын әуе­ден қор­ғаудан бө­лек, әуе кеңістігін пай­да­лану тәртібінің сақ­та­луын бақылап, әуе қар­сыласына қарсы кү­рес жүргізеді. Соны­мен қатар Құрлық әскер­ле­рінің топтарын, ма­ңызды әскери және бас­қа да объектілерді қар­сы­ластың авиациялық және ұшқышсыз ұшу құралдарының соққыларынан қорғауды жүзеге асырады.

Бейбіт уақытта Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің сақталуын үздіксіз бақы­лауды жүзеге асыра отырып, тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарады.

Бүгінде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қар­сыластың заманауи әуеден шабуылдау құралдарын барлық ұшу биіктігі мен жылдамдықты диапазонында дер кезінде анықтап, оларға соққы бере алатын зениттік-зымырандық кешендермен және барлау құралдарымен толықтай жарақтанған. Әскерлерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және техникамен жарақтандыру жоспарлы түрде жалғасып келеді. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне жаңғыртылған С-300 зениттік-зымыран кешендері, қазіргі заманғы GM-403 «Нұр» және Қазақстанның барлық әуе кеңістігін бақылауға мүмкіндік беретін «Роса» радиолокациялық стансалары, сондай-ақ орташа қашықтықтағы «БУК-М2Э» және қысқа қашықтықтағы «ТОР-М» жаңа зениттік-зымыран кешендері жеткізілді.

Бүгінде Әуе шабуылына қорғаныс әскерлері үшін жоғары кәсіби офицерлік кадрларды даярлауды Алматы қаласында орна­ласқан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инже­нерлік институты жүзеге асырады. Әскери жоғары оқу орнында жат­тығу кешендері, техникасы және қару-жарағы бар жеке полигон, сон­дай-ақ барлық қажетті оқу-материалдық база қалып­тасқан. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әс­кер­лерінің мамандары өздерінің жоғары шеберліктерін ТМД әуе қорғанысының біріккен жүйесіндегі «Жауынгерлік дос­тас­тық» және «Ашық аспан» халықаралық оқу-жаттығулары барысында бірнеше рет дәлелдеді.