Білім • 11 Шілде, 2024

Жазғы демалыс қызығы

200 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жазғы каникул күндерінде Ақтөбе облысында қала сыр­тын­да 7,мектепішілік 574 лагерь жұмыс істеп, өңірдегі жүз мың­нан астам мек­теп оқушы­сына қы­зықты демалыс сыйлай­ды. Облыс­тық білім басқар­масы БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын ұйым­дастырып, үш ла­герьдегі сауықтыру ша­ра­ларымен таныс-
тырды.

Жазғы демалыс қызығы

Қарғалы өзеніне таяу, табиғаты тамаша жерде «Campit» лагері орналасқан. Тал-теректермен көмкерілген, ауласы ағаш, гүлдерге толы демалыс орнында баскетбол, волейбол, би алаңдары жасақталған. Шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы үстелдері, ағаштан қиып жасалған сәнді орындығы бар жаз­ғы күркелер орналасқан. Ұқыпты отыр­ғы­зылған және әдемілеп қырқылған ағаш-бұталардан, гүлдерден бағбанның ше­­бер қолы білінеді. Лагерь ортасында асханасы, түкпірде бірнеше жатын кор­пусы орналасқан. Біз барғанымызда би ала­ңында екінші маусымның жабылу салтанаты өтіп жатты. Лагерьде би, қолөнер, сурет, футбол, спорттық туризм, роботтехника үйір­мелері, ағылшын тілін үйре­ту курсы ашылған. Күнде кешкілік би кеші өтеді, балалар әткеншектері бар арқан сая­бағында ойнағанды жақсы көреді.

«Әр маусымда 300 баладан қабылдай­мыз. Биылғы жазда 2 100 баланың демалысын ұйымдастыруды жоспарладық. Бір баланың демалыс ұзақтығы – 10 күн. Осы айда «Қазақстан халқына» қоры­ның жолдамасымен Ойыл, Шалқар, Хром­тау, Қобда аудандарынан келген 382 бала тынығып, жақсы көңіл күймен ат­танды. Мен жаз бойы лагерьде боламын. Диетолог маманымыз ас мәзірін, күнделікті келетін айран-сүт, жеміс-жи­дек сапасын қадағалап отырады», дейді «Campit» жекеменшік лагерінің директоры Айболат Ташпентаев.

Шалқар ауданы ГСК-12 бекетінен келген Батырхан Жүзбай осы жерде демалыс жақсы өтіп жатқанына риза. 5-сыныпты аяқтаған оқушы бұл жерден көп дос­ тапқан. Хромтау ауданы Никельтау ауылы­нан келген Әлижан Төлеев та өзіне үйірмелерден көп нәрсе үйренгенін айтады. Балаларға лагерь автобусымен Ақтөбедегі планетарий үйіне барып, жұл­дыздарды тамашалау сәті қатты ұна­ған. Олар келесі жылы тағы келеміз деп құлшынып отыр.

Екінші аялдаған жеріміз – «Шұғыла» жеке­меншік лагері. Қарғалы өзеніне таяу орналасқан демалыс орнының тыныштығын балалардың күлкісі мен дауыстары бұзып тұр. Биыл алты маусымға 2 100 бала келеді деп жоспарланған. Әр маусымда 300 бала сауықтырылады. Демалыс орнын «Арлан-секъюрити» мекемесінің қызметкерлері күні-түні күзетеді. Лагерь қыз­меткерлері таңғы сағат 5.00-ден жұмыс­қа кірісіп, түнгі сағат 12.00-ге дейін балалар ұйықтағанша тазалыққа жауапты. Таңғы және түскі демалыстан соң балалар шығармашылық сайыстар мен спорт­тық шараларға қатысады. Лагерьдің өз бас­сейні бар. Бұл жерде әр күн бір-біріне ұқсамайды. Демалушылар алты топ­қа бөлінген. Әр топта екі жетекші, бір тәрбиеші үнемі балалармен бірге. Олар – қала­дағы мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары.

«Ұстаздық тәжірибесі мол, балалармен жақсы тіл табыса алатын педагог мамандарға жазғы жұмысты ұсындық. Олар жыл­да жаз маусымында бізде жұ­мыс іс­тейді. «Шұғылаға» жылда келіп дем­ала­тын ба­лалар оларды жақсы таниды. Бала­лар алты рет тамақтанады. Тамақ са­пасы санитарлық талаптарға сай. Көп­балалы және атаулы әлеуметтік кө­мек ала­тын отбасылардың балалары білім бас­­қармасы­ның тегін жолдамасымен келеді. Ла­герьдің өз медбикесі бол­са да, ме­дициналық орталықпен ке­лісімшарт­қа отырдық. Бала өзін жай­сыз сезінсе, біл­ікті мамандар келіп қа­рай­ды. Әзірше сырттан медициналық кө­мек­ке қажеттілік болған жоқ. Демалыс аяқ­талып, балалар үйлеріне қайтар сәтте бір-бірімен қимай қоштасады», дейді «Шұғы­ла» лагерінің директоры Мереке Бай­драх­ман­ұлы.

Пойызбен жеткендерді лагерь қызмет­керлері лагерь автобусымен күтіп алса, қала балаларын ата-аналары жеткізеді. «Біздің лагерьге жолдама құны – 95 мың теңге тұрады. Оны кө­бінесе ірі өндірістік мекемелердің кәсіподақ ұйымдары қыз­меткерлері­­нің балаларына сатып ала­ды. Ата-аналар өз қаржысына Ақтөбе қа­ласындағы Әбілқайыр хан, 1 мекен­жайын­дағы кең­семізден сатып ала алады. Сайтымыз бен инстаграм парақшамызда жолдама мамыр айынан бастап сатылатыны көрсетіледі. Бүгінде алты маусымға да орын қалмады. Ата-аналар хабарла­сып, қосымша орын ашсаңыз деп өтініш айтады. Маусым айында Алға, Ырғыз ­аудандары мен Атырау, Батыс Қазақстан облыс­тарының оқушылары демалды. Мау­сымдық тәрбиеші, жетекшілерден басқа, лагерь штатында тұрақты 40 адам жұ­мыс істейді. Олардың қатарында бағбан, кіші техникалық қызметкер, аула сыпырушы, аспаз, күзетшілер бар», дейді М.Байдрахманұлы.

Қыркүйек туып, балалар мектепке оралған соң лагерь ауласы босап қалады. Осы кезде табиғат аясында отбасымен бір-екі күнге демалып кетушілер сиректеу бол­са да табылады. Қыста лагерьдің спорт алаңқайы мұз айдыны мен сырғанаққа айналады. Сәуірдегі су тасқынында лагерь корпустары да бүлінді. Іргедегі Қарғалы өзені тасып, лагерь корпусының ортан беліне дейін су басып, бүкіл жиһаз, төсек-орынды ­ша­йып кетті. Жер кепкен соң барлық мүлкі жаңартылған.

Ендігі бағытымыз – қаладағы Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы. Осы оқу орнында алты маусымға есептелген мек­тепі­шілік лагерь ұйымдастырылған. Бір мау­сымдағы демалыс ұзақтығы – он екі күнге есептелген. «1-сыныптан 7-сыныпқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Олар ертеңгілік сағат 8.00-де келіп, 17.00-де үй­леріне қайтады. Ақылы түрде демалатын оқушыларымыз да бар. Он екі күн­ге жолдама құны – 29 мың 256 теңге тұрады. Мектепішілік лагерьде бір бала 12 күн өткізеді. Қазір лагерьдің екінші мау­сымына жазылған балалар бар. Осы мау­сымда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 144 баласы тегін тынықса, 66 бала ақылы түрде демалып жатыр. Төрт рет тамақтанады. Бізде әр күн қызықты өтеді. Мұражай, Жас натуралистер бекеті, «Алақай» қуыршақ театры, «Kinder Land», бассейн, аквапаркқа мектептің автобусы­мен апарамыз. Жұмыстағы ата-ана да кешкі беске дейін алаңдамайды. Қазір мектебіміздің 39 қызметкері лагерьде жұмыс істейді. Мұғалімдер тәрбиеші болып жүр. Кіші техникалық қызметкерлер аспаздарымызды жұмысқа қабылдадық. Жас ұстаздар жаздық лагерьде жұмыс істеп, тәжірибе жинайды. Қыркүйекте сабақ басталғанда үздік шыққан үш үздік тәрбиешіге арнайы сыйақы беріледі», дейді аталған мектеп-гимназия директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары, лагерь директоры Гүлназ Қадырова. Д.Қонаев атын­дағы мектеп-гимназия айналасы тап-тұйнақтай, мектеп шарбағына әртүрлі гүлдер мен қарағай, шырша ағаштары әр беріп тұр. Ұжымның ұстаздары мектептің айналасын өз қолдарымен әсемдеген. Бір ерекшелігі, осы білім ошағында жас ер мұғалімдер көп екен. Олар мектеп тазалығына, көгалдандыруға ерекше мән беріп, бәрін өз қолдарымен жасаған.

Облыстық білім басқармасы қо­сым­ша білім беру және тәрбие жұмыс­тары бөлімінің бас маманы Аяжан Тәже­баеваның айтуынша, «Күншуақ», «Әсем» дема­лыс орындары жыл бойы, «Campit» «Шұғыла», «Мұнайшы», «Мұғалжар», «Әлия» лагерьлері жаз мезгілінде ғана жұмыс істейді. Әзірше маусымдық үш лагерьдің санитар­лық-эпидемиялық рұқсаты бар. «Негізі­нен ерекше балаларды сауықтыруға ар­налған «Күншуақ» лагері жаз кезінде әлеуметтік осал топтағы от­басылардың балаларын да сауық­тыра­ды. Хром­тау ауданында орналасқан «Мұғал­жар» лагері Дөң кен байыту комбинаты, «Қазхром» ТҰК» жұмыскерлерінің балаларын қабылдайды. Өздеріңіз көріп отырғандай, «Әсем», Күншуақ», «Шұ­ғыла», «Кәмпит», «Мұғалжар» ла­герьлері жұмысын бастап кетті. Сондай-ақ «Қазақ­стан халқына» қорының «Жаз­дық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында өңіріміздегі 1 147 ауыл баласын сауықтыру жоспарланды. Жаздың ал­ғашқы айында Алға ауданынан – 103, Әйтеке биден – 108, Байғанин ауданы­нан – 120, Ырғыз ауданынан – 78, Қарғалы­дан – 60, Қобдадан – 65, Мәртөктен – 133, Мұғалжардан – 75, Ойылдан – 84, Темір ауданынан – 175, Хромтаудан – 76, Шалқар ауданынан 70 мектеп оқу­шы­сы қордың қаржылай қолдауымен лагерьде тынығып қайтты», дейді Аяжан Тәжебаева .

Таяу күндері Қобда ауданының Егін­ді­­бұлақ ауылында жаңадан салынған «Әлия» лагері де балаларға есігін ашады.

Ақтөбе облысы