18 Маусым, 2010

ӨҢІРДІ ӨРКЕНДЕТЕТІН ЖОБАЛАР

406 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Биылғы жылы Үкімет әзірлеген үдемелі индус­трия­лық-инновациялық дамудың мем­ле­кет­тік бағдарламасы мен елімізді индустрияландыру картасына облыстан 11 жоба еніп отыр. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқар­ма­сының мәліметтерінше, елімізді өркендетуге бастайтын серпінді жобалардың қатарындағы олардың  барлығы да 2014  жылы іске қосылады. Бұлардың алды болып Екібастұздағы “Энергия-Капитал-1” ЖШС іске қосылады. Жаңа кәсіпорын тәулігіне 30 тонна нан-тоқаш өнімдерін пісіре алады. Бұл инвестициялық жобаны қаржыландыруға 1 млрд. 113 миллион теңге жұмсалды. Өңірдегі және кеншілер қаласындағы азық-түлік белдеуін қалыптастыруда іске қосылатын кәсіпорынның маңызы зор. Осы жерде 160 адам  еңбек ететін жаңа жұмыс орындары ашылады. Екінші бір жақсы жаңалық – “Қазақстан электролиз” зауыты АҚ-тың екінші кезегі іске қосылады. Яғни, отандық алюминий өндірісінің жылдық көлемі 250 мың тоннаға жетеді деген сөз. Қуаты жылына 30 000 тонна хлор және каустикалық соданы мембрандық әдіспен шығаратын “Каустик” зауытының, Бозшакөл кен байыту комбинатының құрылыстарын салу қолға алынуда. Сонымен қатар, облыс орталығындағы фармацевтикалық зауытты қайта жаңарту жобалары жүзеге аспақшы. Ал бұдан басқа да облыста өңірлік индустрияланды­ру картасы жасалды. Бұған жалпы құны 138,3 млрд. теңге тұра­тын 32 жоба қатысатын болады. Осы күндері бұл жоба­ларды орта жолда қалдырмай іске асыратын қаржы­ландыру көздерін айқындайтын  жұмыстар жүргізілуде. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.