18 Маусым, 2010

ҒАРЫШТЫҚ КЕЛІСІМДЕР ҚОЛДАУ ТАПТЫ

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі кезекті пленарлық отырысында он жеті мәселе қаралса, соның алдыңғы жетеуі Кеден одағының ережелерін айқындайтын заңдық құжаттар болды. Баяндаманы Қаржы министрі Болат Жәмішев жасады. Депутаттар бірыңғай кедендік кеңістіктің 1 шілдеден бастап күшіне енетінін ескеріп, заң жобаларын бірауыздан мақұлдады. “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республи­ка­сының Үкіметі арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесі мен ғарыш аппа­раттарын құрастыру-сынау кешенін құру және пайдалану шарттары туралы келісімді рати­фикациялау туралы” және “Қа­зақстан Респуб­лика­сының Үкі­меті мен Ресей Федерациясының Үкіметі ара­сындағы “Байқоңыр” кешенінде болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау тура­лы” заң жобалары бойынша баян­­даманы Ұлттық ғарыш агент­тігі төр­ағасының орын­ба­са­ры Мейірбек Молдабеков жаса­ды. Ол аталған ғарыштық жүйе әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін, қорғаныс пен қауіп­сіздік және жерді пайдалану, картография, биология, жылжы­май­тын мүлік мониторингі және өзге де міндеттерді қамтиды. Сон­дай-ақ келісім отандық ға­рыш аппараттарын өндіруге, жобалауға, жинауға және сынауға мүмкіндік береді. Бұл үшін ке­дендік жеңілдіктер қарастырыл­ған. Жоба 2012 жылға дейін жүзеге асуы тиіс. Владимир Нехорошевтің сұрағына орай жауабында баян­дамашы жоғары технологиялық ғарыш аппараттарының 60 пайыз­дық жұмысы жинақтауға арналса, қалған 40 пайызы жүйе­лі жобалау мен математикалық қамтамасыз ету бағдарламасын әзірлеумен байланысты екендігін ерекше атап өтті. Осы тұрғыдан келгенде, қазақстандық ғалымдар соңғысына қазірдің өзінде дай­ын, дейді Мейірбек Молда­бек­ұлы. Екінші келісім бойынша “Байқоңыр” ғарыш айлағындағы бірқатар нысандарды пайдалану мерзімінің аяқталуына немесе Ресей әскери контингентінің ке­туіне байланысты ол жалға беру құрамынан шығарылған. Міне, осы және “Бәйтерек” зымыран ғарыш кешенін құруға қажет бір­қатар нысандар да Қазақстан та­рапына қайтарылып отыр. Осы­ған орай нысандарға бару үшін рұқсат беру ережелеріне де өз­герістер енгізілгені белгілі болды. Қазақстандық нысандарға рұқсат “Қазғарыш”, ал ресейліктер үшін “Роскосмос” пен “Байқоңыр” қа­ласы әкімдігі тарапынан бері­летін болады. Шетелдіктер өтінімі 45 күн ішінде шешілсе, қазақстандықтар үшін бұл 5 күнге дейін қысқартылыпты. Депутаттар аталған заңдық құжаттардың еліміз үшін ма­ңыз­ды екендігін ескеріп, мақұлдауды ұйғарды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.