19 Маусым, 2010

СӨЗ СОЙЫЛ

565 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
ӘЗІЛ-ОСПАҚ, СЫН-СЫҚАҚ Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР БІРДЕ... Бірде партизан-жазушы Қа­сым Қайсенов Сәбит Мұ­қа­нов­қа кезігіп қалады. Әдеттегідей Сәбең шұрқырай амандасады. – Сәбе, Украинаға ба­рып қайт­тым, – дейді Қа­сым Қай­се­нов. – Дұрыс. –Фила­товтың ауру­­ханасында болып қайттым. – Дұрыс екен. – Ауруханада көзіме опе­рация жасатып қайттым. – Дұрыс болған. – Сәбе-ау, мұның несі дұ­рыс, сау көзбен барып, шыны көз­бен қайттым ғой! – Ә, онда дұрыс болмаған екен! – депті сонда Сәбең. *** Бір ортаңқол актер Бернард Шоуға келіп, театр дире­к­то­рына өзі туралы мінездеме жа­зып беруді сұрапты. Шоу ілти­патпен, асықпай отырып былай деп жазыпты: “Актерді жұ­мысқа алуға кеңес беремін. Ол Гамлетті, Ромеоны, Шей­локты сомдады. Күйсандықта, флейтада, сосын бильярд ойнай алады. Әсіресе ең соң­ғысын өте жақсы ой­найды”. *** Бір әйел та­ныс жазу­шыдан Фран­суаза Са­ган­ның кітабын оқыған-оқы­ма­ғанын сұрапты. – Асы­ғы­ңыз, оқ­ып шық­қа­ныңыз жөн, – депті әйел оны әлі оқы­ма­ға­нын естіп. – Ро­ман­ның шыққанына аттай үш ай болды! – Ал сіз Дантенің “Құдіретті комедиясын” оқыдыңыз ба? – деп қарсы сұрақ қойыпты жа­зушы. – “Жоқ” дейсіз бе? Асық­қаныңыз жөн. Ол кітаптың шық­қанына 600 жылдан асып кетті... Б.САҒЫРБАЙ. АСТАНА. ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ ІЗІМЕН “Қазақтың қазынасы қойдың жүні”, Ол туралы жетеді ойдың мұңы... Тері илеп, жүн түтетін кәсібіңді – Қазағым, қазір неге қойдың бұны? *** “Жігіттер, бар да аспанда, жоқ та аспанда”, Сондықтан құмарлар көп сол аспанға. Зымырандар дамылсыз зулап жатыр, Залалын сезінер-ау шоқ басқанда. *** “Жүк артса жарасады қара нарға”, Ауырды неге артамыз балаларға? Бұғанасы бекімей базарда жүр, Алланың салғанына шара бар ма. *** “Жылқы ішінде қара көк сылаң қаққан”, Бикештер бар бөксесі бұлаң қаққан. Желіккен жезөкшеге тап болғанша, Жігіттер, онан жақсы “жылан” баққан. *** “Кісі емес кісі артынан жамандаған”, Қиын-ай, кісі көңілін таба алмаған. Кейбіреуде құпия “кодекс” бар, Ол кәдімгі қағида: “саған-маған”. *** Халқым отыр, қарашы, халқым отыр, Арасында біреулер шалқып отыр... Өмір деген өзенде енді біреу, Ескегі жоқ қайықта қалқып отыр. *** Кездеспе біздің жақтың келтегіне, Төбелес іздеп жүрген тентегіне. Кездессең біздің жақтың келтегіне... Есіңді жинау қиын ертеңіне. *** Ақ қалады, қалай да ақ қалады, Ақ адамның артында ат қалады. Бірақ аққа сүйкелсе қара күйе, Қаншама жуғаныңмен дақ қалады. *** “Қара су, есік алды жусан ба екен”, Белімді енді бекем бусам ба екен. Тезірек “Мерседеске” мініп алып, Байлықтың артынан кеп қусам ба екен. *** “Ауылым көшіп барады ылай көлге”, Бюджеттің белін өте қынай берме! Бюджеттің белін өте қынай берсең, “Жоқ-жоқ!” деп көкежан-ау “жылай” берме! *** “Байқаймын өткен күннің белгісі жоқ”, Белгісі болмаған соң... бергісі жоқ. Кешегі көсеп-көсеп “көшіп” кеткен, Қулардың қайтып елге келгісі жоқ. *** “Анығын аңғармаған айыпты етер”, Келімсек келсе бізге байып кетер. “Ұзартып-қысқартумен” қаржы үнемдеп, Қалтасы толғаннан соң тайып кетер. Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ. ҚЫЗЫЛОРДА. ПАРА АЛМАЙТЫН АДАМ Ақалақ ақылға келіп, бизнесті безбендеп көрмек болып, дүкен ашу үшін мұрсат беретін бірден-бір дөйдің бөл­месіне кіріп, алдына жайғасты. Жылы жүзбен жайдары қабылдаған шенеунікке іс-шарасының жай-жапсарын жайып салып, “сіз-бізден – шыж-быж артық” екенін біле­тін­дік­тен үстел үстіне белі буылған бір бума теңгені қойған. Шенеунік мұның бұл қылығына: – Пара беріп сатып алмақ­шысың ә! Бәрін ақша шешеді деп ойлайсыңдар! Жемқорлық, коррупция жайлаған заман! – деп көзі шатынап зілдене сөйлегенде, Ақалақ: ­ “әй біткен жерім осы екен” деп бүгежектеп қалған. Шенеунік қасына тақап келгенде тізесі дірілдей орнынан тұра алмай қалды... Жо-жоқ, жыпылықтай шенеунікке мойын бұрып еді, көкесі күлімдеп бұның арқа­сынан қағып, мейірлі жүзбен қолын қысты... Ұсынылған жұмсақ алақан мен күлімкөз жанардан Ақа­лақтың тізе дірілі сап тыйылып еді, шенеунік түрегелген қалпы: – Түбімізге осы жетіп бітіреді! – деп бастады да, одан әрі параның кесір-кесапаты жөнінде таусыла айтып, бұлқан- талқан бусансын кеп... сөйтті де, бүгежектей бүрісіп қалған бұның еңсесін тіктеп құшағына қысты... Кең де керім құшақтан босанып көрім болып тұр еді, есік ашылып екі еңгезердей жігіт кіріп босағаға талтайып тұра қалсын... Ақалақ алақтап орнына барып жайғасқан көкесіне қарап еді, ол қаһарлы қалпы: – Пара алушыдан бұрын пара берушіні тұншықтырған жөн! – деп осы төңіректе сөзін түйдек-түйдек төгілтіп барып есіктегі екеуге ымдап еді, олар өз адамдары екен, бірден ләм-лимсіз шенеунік нұсқаған, мана Ақалақ ұсынған бума пакетті лып еткізіп алып шыға жөнелді. Бұл сәтте Ақалақ “біраз жерге” барып келген... Көз алды бұл­дырап, алдына темір тор елестеп, біткен жерім осы деп опырылып қалған оны көкесі қолтықтап тұрғызып, қолына іс-қағаздарын беріп есікке дейін шығарып салды. Бір сәт Ақалақ өз-өзіне келіп, қолындағы қағаздарына көз жүгртіп еді, қол да қойылған, мөр де басылған екен... Кенже ЕРКІН. АЛМАТЫ. ЕСТІМЕГЕН ЕЛДЕ КӨП... Біздер қонақ күткенде – Ұйығышпыз-ау сүттен де. Қонақты күтіп ас береміз, Жасы үлкеніне бас береміз, Етті тураймыз қиялап Омыртқа, жамбас, төстерден... Әрбір қонақ сый алады, Жасы үлкені тұрғанда Табаққа бірінші қол салуға Жастар жағы ұялады, Сабырсыздық таныту Салт-дәстүрімізге қиянат. Ал бір елді мекенде – Мына көз көрді-ау масқара... Етті жұлмалап сорпасымен, Сары майды тортасымен, Басты тұтастай танауымен Дастархандағыны сыпырып Салады екен “пакетке” Айтпайды ешкім: “Әкетпе”. * * * Табақтың етсіз наны қалды, Шәй дастарқанының шаңы қалды. Ауызын ашқан қонақтың Айтшы қандай сәні қалды? Бәкеш АЙСИН. ҚОСТАНАЙ. ТІКЕНЕК СӨЗ Сиырды сипасаң сүзеді, жаман адамды сыйласаң айналып келіп мойныңды үзеді. *** Адамдар жөнінде нашар пікір айтып, көпке топырақ шашуға әсте болмайды, дегенмен өмір бойы үндемей жүре беруге тағы да болмайды! *** Шайтанның суретін салу қораздың суретін салудан оңай, өйткені шайтанды ешкім көрген емес, сондықтан ұқсамайды деп ешкім айта алмайды. *** Сабақта: “Білмейсің бе, тыныш отыр!” Жұмыста: “Білесің бе, білсең де араласпа!” *** Арақ – ас болмас, Диплом – бас болмас. Ауылдың айтқыштары ТЕЗ КЕТЕ ГӨР Қонақтардың ортасына табақ тартылып, ет туралып жатыр. Сөйтіп отырғанда бір кісі есіктен қарапты. Оны үйдегілер “кел, кел” десіп, асқа шақырады. Ол кісі: “Отыруға уақытым жоқ, кетіп бара жатырмын, тек “ауыз тиейін” – деп табаққа келіпті де, бір білем майды сылқ еткізіп жұтып жіберіпті. Сонда қонақтардың бірі: – Ой, шіркін-ай, ауыз тигенің мынадай болса, отырып жегенде бізді аш қалдыратын екенсің. Баратын жеріңе тез кете гөр, – депті. ТЫНЫШТЫҒЫҢДЫ БЕР Қонақжай үй бір келген кісіні жақсы сыйлапты. Шайға қан­ды­рып, майлы етке тойдырған. Со­ңында жайлы төсек салып беріп, ұйықтауға  жатқанда әлгі қонақ: – Ә, Құдай, енді тыныш­ты­ғыңды бере гөр, – депті. Сонда үй иесі күліп: – Өй, оңбаған, саған барлық жағ­дайды жасадық, енді Тыныш­тық керек болды ма? – депті. Сөйтсе, үй иесінің әйелінің аты Тыныштық екен. Сержан ШӘКІРАТ. АҚТАУ. ҚАЙТСЕМ ЕКЕН, Ә? Уа, халайық, соңғы кездері мәнісім болмай жүр осы. Өйткені, қалтама оны-мұны табыс түспегелі біраз болды. Табыс болғанда айлықты айтып отырған жоқпын, елге бермесек те, өзіміз өйтіп-бүйтіп алып жатырмыз ғой. Бұл құрғыр үйреніп қалған соң қиын екен. Алақаным дуылдап қышиды да тұрады. Бі­рақ түсіп жатқан “та­быс” жоқ. Ала­қа­ным қышуын қояр емес. Басында үйретіп алған өздері. Мен осы шаруа­шылыққа ди­ректор болып келгенде бәрі алдымда құрдай жорғалайтын. Өзімнің де түрім сұсты ғой. Сонан жұмыс жүріп берсін. Мен өзі ұйқы дегенді білмейтін адаммын, өзгелердің де ұйқысын қа­шыр­дым. Маман­дарды құл­­қын сәріден егіс­тікке, фермаға қуа­мын. Кешке бір ара­лап тексеріп қоямын. “Бастық кешке келе қоймас”, – деп жұ­мыс­тың аяғына қарай жұтып алған бір-екі еркінсіген маманның құ­йрығына шала бай­лап қойдым. Бір-екеуі жұмыстан кетті. Сөй­тіп, не керек, темірдей тәртіп орнаған. Көп ұзамай біреуден босаған екі бөлмелі қоржын­тамға екі көрпе, екі жасты­ғымызды, аздаған ыдыс-аяғымызды алып, Еркетай жеңге­ле­ріңіз екеуміз көшіп келдік. Қанша дегенмен қазақ емеспіз бе, көшіп келісімен ерулікке шақыру бастал­ды. Алғаш есік ашқызған өзімнің өндіріс жөніндегі орынбасарым болды. Дастарханда құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Үйі кірсең – шыққысыз. Сабазың мұнша дүние-мүлікті қашан жинап үлгерді екен! Ішіп-жеп, демалып қайттық. Кетераяқ тостың сөйлер алдында орынбасарым маған бір жылқы ата­ды, әйеліме пүліш камзол кигізді. Өмірі ешкімнен ештеңе алып, не беріп көрмеген, ішкен-жегенге мәз басым аң-таңмын. Сыпайылап рахметімді айтып, бас тартқан бо­лып едім, қазақтың жол-жора­л­ғысын айтып мені “илік­тірді”. Оның үстіне әйелім қара саннан шым­шып алған. Құдай біледі бар ғой, бір түйір етін жұлып алғандай ашыды. Қойшы не керек, алдық қой. Осындай үрдіспен араға апта аралатып басбухтың, бас инже­нердің, бас экономистің, бас агрономның, завферменің, бри­га­дирдің... үйлерінде қонақта болып қайттық. Бәрі де құр қайтарған жоқ. Бірі ат, бірі сиыр, бірі соғым, бірі тағы бірдеңе атап жатты. Ең төмені – қой. Әрқайсысының кәстөм-шалбары тағы бар. Әйеліме кигізген бешпент, көйлектер мен орамалға шифоньер толды. Қазақпыз ғой, бір айналым шақырыс біткеннен соң, “сыйға –сый, сыраға – бал, әрі есік көрсетейік” деп біз де ша­қыр­дық. Әрқайсысын жекелеп бөліп жат­падық, түгел ша­қыр­дық. Екі бөлмелі үйіміз қонаққа толы. Біз де солардан көр­ге­ні­мізді істеп, дастарханды қай­қайттық. Ішіп-жем мол. Бәрі шетінен сөйлеп жатыр. Әрқай­сысы сөзінің аяғында қоныс жайлы болсын айтып, “мынау гарнитур, мынау ши­фо­ньер, мынау, мынау...” деп бірдеңе ұсынады. Алмайын десең ұят, азсынды деп өкпелеп қалуы мүм­кін. Конверттерді қалтама тоғыта бердім. Одан бөлек кілем, палас, ыдыс-аяқ деген қаншама! Қойшы не керек, үй дүниеге толды. Осынша дүние-мүлік құрқылтайдың ұясындай екі бөлмеге қайдан сыйсын, “амал жоқ” жазға қарай жаңа үй салғызуға тура келгені. Онда да ақылшылардың “бастықтың үйі ауылдағы ең еңселі үй болуы керек” деген ақылымен кішігірім кеңседей зәулім сарай салынған. Оның қоныс­тойында түскен жиһаз, дүние-мүлікті атама, сұм­дық! Қалта тағы конвертке толды. Қойшы не керек, қазір сол хан сарайында тұрып жа­тыр­мыз. Бірақ соң­ғы кездері жұмыс қо­жы­рап кетті. Мамандар қи­қаңдап еркінситін сияқты. Ұр­сайын десең, алғаның есіңе түседі. Сонсоң ескертумен шек­телесің. Соңғы кездері сәбсім болмай барады. Бәрі бетімен кеткен. Көрсеткіш құлдырады. Аудан­нан күнде еститінім – ұрыс. Бір-екі рет те сөгіс ал­дым. Содан бір жиналыста қа­һар­ыма мініп біразын сіл­кілеп алмақшы болғанмын. Сөйт­сем, әу баста құрдай жор­ға­лағандардың мінездері өзгерген. Сәл дауыс көтере бас­тасаң болды, біреулері жыл­қыша кісінеп, біреулері сиырша мөңіреп, біреулері қойша маңырап шыға келеді. Мұнысы бергендерін ескерткені екен ғой. Үндей алмай қалам. Өздері бұрынғыдай оны-мұны “сый­лық” ұсынуды да қойған қазір. Енді ойланып отырмын: “Қайтсем екен, ә?” Қазір әркім өз командасын құрып жатыр. Мен де қайтадан өз коман­дам­ды құрып, мамандарды жаңалап алсам ба екен? Сонда қызметке жаңадан келгендер немесе бұрынғылардың ішінде орнында қалғандар қарап қал­мас. Мына алақанның қышуы бекер емес. Қой, тез іске кірі­сейін. Сөйтейін де ала­қанның қышуын қан­ды­райын! Әйтпесе қаси-қаси қо­тыр болып кетер. Осым дұрыс шығар, ә?!” Болат ЖАППАРҰЛЫ. ТАРАЗ. ДӘРІГЕРЛІК ТҰШПАРА “Жедел жәрдем” дәрігері ша­қы­ру­мен келіп, азаматты қарап болып: – Әкей, жағ­дай­ы­ңыз қиын... –  деп қалады. – Қалай, қиын бол­­ғанда жұмаққа ат­та­на­мын ба? – деп нау­қас та мысқыл­дай­ды. – Әй қайдам... – Не, тозақтан бір-ақ шығамын ба?.. – Одан да әрі... – Сонда қайсысы?! – Сізді тура қазір тегін ем­дей­тін ауруханаға апарып өткіземіз... * * * Көз дәрігері қабылдауындағы кісіге: – Сіз жақында көзәйнексіз оқитын боласыз, – дейді. – Шынымен бе?! Бұныңыз ғажап болды! Көзәйнекпен әрең-пәрең оқушы едім, көзәйнекті енді кимеймін бе? – Кимейсіз. Тек оқуды сау­сақпен ғана оқисыз... *** – Тісіңізді жұлғаным үшін 3000 теңге тө­лейсіз, – дей­ді тіс дә­рігері қабыл­­да­уын­дағы  кісіге. – Ке­ші­рі­ңіз, бі­рақ бұған дейін сіз әр тіске үнемі 1000 теңгеден алушы едіңіз ғой! – Солайы солай, бірақ сіздің жаңағы жан түршігер айғайыңыздың кесірінен есік алдындағы екі клиентімнен айырылып қалдым. *** Дәрігер науқасқа: – Киімдеріңізді алып, үйге қайтуға жинала беріңіз, сіз бүгін ауруханадан шығасыз. Атаңыз бен әжеңізге сәлем айтарсыз. – Не айтып тұрсыз? Олар баяғыда-ақ о дүниелік болған! – Соны айтып тұрмын ғой, сәлем айтыңыз деп...