Білім • 22 Тамыз, 2024

Заманауи білім берудегі тың шешімдер

194 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елордада педагогтердің республикалық Тамыз кеңесі өтті. Саммит форматындағы жиын оқу үдерісін цифрландыруға және әлемдік тәжірибені ескере отырып, білім беру барысына жасанды интеллектіні енгізу ерек­шеліктеріне арналды. Дәстүрлі жиынға Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Оқу-ағарту ми­нистрі Ғани Бейсембаев, Ғылым және жоғары білім министрі Cаясат Нұрбек, Парламент депу­­тат­тары, үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық ұйымдар (ЮНЕСКО) мен білім саласының өкілдері қатысты.

Заманауи білім берудегі тың шешімдер

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Өзгерістер мен міндеттер

Тамыз кеңесінде сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүй­сенова өткен оқу жылындағы жетіс­тіктерді саралай келе, білім жүйесін дамы­ту тұжырымдамасына енгізілген өзгеріс­тер туралы тарқатып айтты. Оның айтуынша, аталған өзгерістер білім жүйесінің барлық саласына, буынына қатысты. Бұл жерде әрқайсысын бөле-жа­рып қарастыруға болмайды, өйткені бар­лығы бірігіп, толыққанды жүйені құрайды.

«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, балабақшаларға баратын балалардың тең жартысы мектепке дайындықсыз келеді. Осы орайда  балабақша мен мектеп арасындағы байланысты күшейту қажет. Бұл үшін балаларды ерте жастан оқыту мен тәрбиелеудің мазмұнын, әдістемелерін  бастауыш мектеп пен балабақша жұмысын сәйкестендіре қамтамасыз ету керек. Екіншіден, балалар бойындағы дағдылардың өсу динамикасы олардың жеке даму карталарында жинақталады. Осы карта баламен жұмыс істеудің тактикасын анықтау үшін  оның жеке деректерін сақтай отырып, бастауыш мектепке беріледі. Ал балалары балабақшаға бармайтын ата-аналар үшін балабақшалар мен мектептерде кеңес (консультациялық) орталықтары жұмыс істейді. Бұл жұмысты біз бастадық. Министрліктің соңғы деректері бойынша мұндай орталықтардың саны 5 мыңнан асты. Бұл орталықтар ата-аналарды өз балаларының мүмкіндігін үй жағдайында анықтап, дамыта білуі үшін оқыту және кеңес беру орындарына немесе белгілі уақытта мектепке дайындау мақсатында әртүрлі дамыту курстарына қатыса алатын ортаға айналады. Мұндай жағдайда да мектептерге берілу үшін балалардың даму жеке картасын толтырады», деді Т.Дүйсенова.

вап

Үкімет басшысы орынбасарының мәлім­деуінше, тәрбиешілерді даярлай­тын колледждер мен жоғары оқу орындары сертификаттаудан өтеді. Бұл алдағы уақытта балалармен жұмыс істеуге тек қана кәсіби білімі ғана емес, соны­мен қатар балалармен жұмыс істеу машықтары мен дағдылары ба­рын дәлелдей алған адамдарға рұқ­сат етілетінін білдіреді. Осыған қоса тәр­биешілерге магистратурада өндірістен қол үзбей оқуға мүмкіндік берілмек.

«Қазіргі күні Тараз қаласында балабақ­шаларды ваучерлі қаржылан­дыру бойынша қанатқақты жоба өткізіліп жатыр. Оның негізі мынада. Ваучерлік қаржыландыруға тек нор­мативтік талаптар сақталған балабақ­шалар ғана өте алады. Қазіргідей мем­ле­кеттік тапсырыс алуға конкурс болмайды. Ата-аналар бос орын­дары бар балабақшаларды таңдай­ды. Сәйкесінше, кезекке тұру балабақ­шалардағы бос орындарға емес, бюджет­тің мүмкіндіктерін ескеретін ваучерлерге байланысты болады. Ал ваучерлерді қаржыландыру жан басындағы нормативке негізделіп,  балалардың нақты балабақшаға барған күндеріне беріледі. Біз бір баланың 4 бірдей балабақшаға «барғанын» анықтадық. Бір бала үшін 4 балабақша қаржы алып отырған. Ваучерлік қаржыландыру осындай сыбайластықтың алдын алады», деді Т.Дүйсенова.

Орта білім. Премьер-министрдің орынбасары жиында атап өткендей, білім сапасын көтеру мақсатында орта білім жүйесінде де бірқатар шаралар өткен жылы қабылданды. Бірақ бұл жұмыстар өте баяу жүріп жатыр. Мұнда Оқу-ағарту министрлігі­нің де, жергілікті органдардың да қызметінде салғырттық бар. Үкімет мектептердің білім сапасын арттыратын жобаны мақұлдап, әкімдіктерге тиісті тапсырма берді. Жоба келесі қадамдардан тұрады. Мектептер үш түрге бөлінеді. Біріншіден, күшті мектептермен жұмыс. Бұл жұмысты Назарбаев зияткерлік мектептері (НЗМ), Білім-инновация лицейлері (БИЛ), Республикалық физика-математика мектептері жүргізеді. Таңдау құқығы өңірлердің өзінде. Мұндағы мақсат – жалпы білім беретін мектептерге білімді тарату. Биыл НЗМ, БИЛ қатысуымен Білімді тұрақты дамыту қорының Маңғыстау облысында «Отпан» жобасы басталды. Жоба бо­йынша облыстың 50 мектебін қамтитын тірек мекептер жүйесі құрылады.

«Екінші, орташа деңгейдегі мектептермен жұмысты жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Әкімдіктерге мықты мектептердің әлеуетін орташа мектептерді дамытуға пайдалану тәжірибесін енгізу ұсынылды. Әрі қарай оқыту әдістемелерін өңірдің басқа мектептеріне тарату бойынша облыстың Тірек мектептері жүйесі құрылуы қажет. Үшіншіден, мақсатты мектептермен жұмысты Оқу-ағарту министрлігінің тиісті институттары үйлестіреді. Бұл топтағы жұмыс мақсатты мектептердегі педа­гог­терді базалық, негізгі және жоға­ры деңгейдегі арнайы курстарда оқыту­дан басталады. Оқыту бағыттары мектеп­тердің нақты қажеттіліктері мен аттес­таттау нәтижелері негізінде таңда­ла­ды, бір сөзбен айтқанда, пәндер бо­йынша мұғалімдер өздері қинала­тын тақырыптар оқытылады. Курстар­дың нә­ти­желілігі тоқсан сайын оқушы­лар­дың жетістіктері негізінде бағаланады», деді Премьер-министрдің орынбасары.

Т.Дүйсенованың ойынша, соңғы жылдары пәндер саны көбейіп кетті, ал әлемдік тәжірибеде керісінше, пән­дер­ді кіріктіріп оқыту кең етек алып, оқушылардың мүмкіндігін дамытатын негізгі пәндерді оқыту алға шықты. Ен­дігі кезекте бұл тақырып бойынша са­ра­п­шылардың пікірін де тыңдау керек.

«Техникалық-кәсіби білім. Білікті кадрлар тек жоғары оқу орындарында емес, техникалық-кәсіптік ұйымдар­да да даярлануы керек. Өкінішке қарай, бұл сала білім беру жүйесінің ең осал буыны болып тұр. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2019 жылғы деректері бойынша біз әлемнің 141 елі арасында түлектердің дағдылары бойынша 95-орында тұрмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет колледждерді түгендеп бітті және профильдеуді жүргізіп жатыр. Келесі кезең ЖОО-да жоспарланған өзгеріс­термен сабақтастықты қамта­масыз етуге бағытталған типті транс­фор­ма­ция болуы керек. Біріншіден, осы жы­лы білім берудің халықаралық сала­лық стандарттары енгізілетін тірек кол­ледж­дердің тізбесін айқындау қажет. Әрі қарай, олардың базасында басқа типтегі түлектерді оқыту мен серти­фи­кат­таудың жаңа бағдарла­маларын беру үшін кадрларды озық даярлау орталы­ғын құру қажет», деді вице-премьер.

Спикердің сөзіне қарағанда, техни­калық-кәсіптік білімдегі екінші міндет –  ЖОО білім беру бағдарламалары мен колледждер арасындағы сабақтас­тықты қамтамасыз ету. Бұрын техникумдарды үздік аяқтаған тұлғалар ЖОО-ның үшінші курсына емтихансыз қабылданды. Осы тәжірибе мамандардың біліктілігіне қойылатын жаңа талаптарды ескере отырып жаңар­тылуға тиіс. Өткен жылы Мемлекет басшысы ҰБТ нәтижелері бойынша жоғары білімге арналған гранттың сараланған мөлшерін енгізуді тапсырды. Бұл құрал техникалық және кәсіптік білім беру үшін де бейімделеді, оның нәтижелері бойынша мемлекеттік тапсырыста сараланған тәсіл енгізіледі.

«Үшіншіден, сертификаттау орта­лық­тары түлектердің дағдыларын ғана емес, нақты білім беру ұйымдарының сапасын да бағалайтын болады. Серти­фикатталған және жұмысқа орналастырылған түлектер колледждер жұмысының негізгі индикаторлары саналады. Бұл әлемдік тәжірибе және біз де осы стандарттарға келуіміз керек. Білім беру сапасының тиісті деңгейін бере алмайтын ұйымдар мықты колледж­дермен біріккені немесе жабылғаны жөн. Бұл ретте ауылдық колледждер үшін арнайы жұмыс алгоритмі қажет. Аталған ұйымдар жастарға арналған әлеуметтік лифт рөлін атқара отырып, шағын немесе жылдам нарыққа шығу бағдарламаларын жүзеге асыруы керек. Соның аясында жастар 6 ай немесе бір жыл ішінде қарапайым жұмыс біліктілігін алып, сертификаттаудан өткеннен кейін жұмысқа кірісе алады», деді Т.Дүйсенова.

 

Жасанды интеллект және білім

Саммитте сөйлеген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Тамыз кеңесінің мәні мен биылғы тақырыптың маңыздылығына, өткен оқу жылының негізгі қорытындылары мен оқу сапасын жақсартуға бағытталған болашақтағы міндеттеріне тоқталды.

сми

«Тамыз кеңесі – өткен оқу жылы­ның қорытындысын саралап, ортақ міндетіміз өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие ісін жетілдіре түсу үшін тың идея мен жаңа бастамаларды талқыға салатын ұстаздар қауымының дәстүрлі басқосу алаңы. Шын мәнінде, өткен оқу жылы еліміздің білім беру ұйымдарында қызмет ететін 600 мыңға жуық педагогтің адал да тынымсыз еңбегінің нәтижесінде маңызды оқиға мен жетістікке толы болды. 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша оқушыларымыздың халықаралық аренадағы жүлде қоры 424 медальмен толықты, оның ішінде 50-і – алтын медаль. Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауымен бүгінде 3 мың­ға жуық мектеп бір ауысымда білім береді. 1,5 млн аса оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Сапалы интернет көрсеткіші 3 есе өсті. Өткен жылдың қыркүйегінен бастап барлық білім беру ұйымында «Біртұтас тәрбие» бағдар­ламасы енгізілді. Педагогикалық қолд­ау орталықтарын ашу арқылы ата-ана­лардың оқыту мен тәрбие үдерісі­не қатысу көрсеткіші екі есе артты. Алдымызда отандық білім саласын дамытуды, жетілдіруді талап ететін жаңа міндеттер тұр. Бұл – білім сапасын арттыру, инклюзивтікті күшейту, білімді барлық санаттағы балаларға қолжетімді ету, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», деді Ғ.Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, әр мектеп ондағы әр баланың қабілетін ашатын және еліміздің өркендеуі үшін өзін дамытатын қауіпсіз, жайлы орта болуға тиіс. Қауіпсіздік, сенім мен құрмет педагогтер жұмысында іргелі, негізгі ұстанымға айналуы қажет. Осы жылы білім сапасын арттыру мақсатында әр мектептің ішкі тәртібі мен қағидаларын қамтамасыз етуге баса назар аударғаны маңызды. Бұл – оқу үлгерімі, білім алушылардың мінез-құлқы, сондай-ақ міндетті мектеп формасы. Балалардың мектепке келудегі басты мақсаты – түрлі әлеуметтік мүмкіндігімен, жағдайымен бір-бірін салыстыру немесе жарысу емес, сапалы білім алу. Оқушылар осы негізгі мақсатынан ауытқымауы керек. Арнайы бұйрықта бекітілген біркелкі мектеп формасымен келуге тиіс.

«Ал биылғы Тамыз кеңесінің тақырыбына келсек, бүгінде чат GPT-ді қолданбайтын адам кемде-кем. Бүкіл әлемде қазір жасанды интеллектіні адам өмірінде қолдануға мән беріліп жатыр. Енді осы бағытта біз жасанды интеллектіні мұғалімнің көмекшісі ретінде қолданудың жолдарын, педагогтер арасында жасанды интеллектінің элементтерін сабақ барысында пайдалану тәсілдерін талқыға салдық. Бұл – бір мезетте жасанды интеллектіні білім саласына енгізу емес, білім сапасын арттыруда жасанды интеллектіні қолданудың тиімділігін талқылау. Себебі бүгінгі таңда цифрлық технологиялар информатика пәнінің шеңберінен әлдеқайда шығып кетті. Енді әрбір педагогтің ІТ-құзыреті оның кәсіби біліктілігінің ажырамас бөлігіне айналуы шарт. Жаһандық үдеріс, заманауи талап – осы. Заманауи технологиялар педагогтерден жұмыс барысында жаңа ұстанымды талап етеді.  Сондықтан мұны қолдануға білім берудің барлық сатысы дайын болуға тиіс. Жасанды инттелект технологияларын білім жүйесіне сауатты енгізу – оқытудың тиімділігін, жеке оқушыға бағыттылығын қамтамасыз етеді. Ал бұл өз кезегінде білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», деді министр.

Айта кетейік, Тамыз кеңесі аясында шеберлік сабақтары мен пленарлық сессия және секциялық отырыстар өтті. «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» деп аталған Тамыз кеңесінің тақы­рыбына сай цифрлық шешімдердің сандық көрмесі ұйымдастырылды. Оған білім беру саласында өз өнімдерін ұсынған 40-қа жуық компания қатысты. Сонымен қатар жиын соңында білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін үздік педагогтер марапатталды.

Соңғы жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Шебер дәнекерлеуші

Еңбек • Кеше

Мал баққанға бітеді

Еңбек • Кеше