Оқу-ағарту министрлігі педагогика саласындағы сүбелі мақалаларды жариялауға ұсынылатын басылымдар тізіміне «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты газет-журналдардың да енгізілгенін хабарлады. Аталған тізім министрлікке қарасты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сайтында жарияланды.
Бұл – Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің 2024 жылғы 20 мамырдағы №20-1-20-7/3360-И хатына сәйкес бекітілген басылымдар тізбегі. Міне, сол тізімге «Қазақ газеттерінің» құрамына кіретін «Балдырған», «Ақжелкен» журналдары мен «Ана тілі» «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері қосылды. Енді педагогтер өзінің біліктілігін арттыруға сеп болар үздік жұмыстарын, тәжірибесін, мақаласын жоғарыда аталған басылымдарда да жариялай алады.
Ұлттың маңдайалды ғалымдары мен ақын-жазушыларын жас күнінде шығармашылыққа баулыған тарихи газет-журналдарымыз алдағы жылдары тізімнің басынан орын алады деп сенеміз. Сонымен қатар бас басылым – «Egemen Qazaqstan» газетінің де білім саласындағы түйткілді тақырыптарды ұдайы көтеріп, оң шешімін табуға атсалысып, жетістіктер мен игі істерді, жағымды жаңалықтарды қалың оқырманға жеткізуде маңызды орын алатыны белгілі.