Таным • 03 Қыркүйек, 2024

Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгірі

158 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Арқа даласының жер маржаны Баянауылдағы тылсым әрі ғажайып орындардың қа­тарында Қоңыр әулие үңгірінің алар орны зор. Бұл – Қоңыр әулиенің есімі берілген әлемдегі сегіз үңгірдің бірі. Оны көпшілік Қызыл Ілиястың, Қызыр ата­ның мекені деп те атайды.

Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгірі

Суреттерді түсірген – автор

Кіреберісі атты адам еңкей­мей сыйып кететіндей кең, әрі қарай тарыла түсетін Қоңыр әулиенің үңгірін кейбір адамдар Абай облысындағы Қоңыр әулие үңгірімен шатастыратыны бар. Баян тауларының басында, теңіз деңгейінен шамамен 800 метр биікте орналасқан ерекше қасиетті орынға күн сайын тәу етіп келетіндер, тілек тілейтіндер үзіліп көрген емес. Білетіндер Қоңыр әулие үңгірінің тылсым күші бар, тілеген тілектерді қабыл етеді деседі. Іші екі бөлмелі үйдің аумағындай, аузы күнбатысқа қараған үңгірдің жалпы ұзындығы шамамен 25 метр­дей болып қалар. Ішіндегі ауа температурасы қысы-жазы бір қалыпта, өзгеріссіз тұрады.

Жергілікті қариялар айтатын аңыз­ға сенсек, Қоңыр әулие үңгірі жердің, жануарлар мен құстар әлемі­нің қорғаушысы Нұх пайғамбар зама­нынан бар. Бүкіләлемдік су тас­қыны кезінде үш көріпкел Нұх пай­ғамбардың кемесінен қалып қойыпты-мыс. Үшеуі үш бақанды жалғап, оны пайғамбардың кемесіне байлайды. Сөйтіп, бүкіләлемдік ағыспен бойлап солтүстіктен оңтүстікке бет­тепті. Алғашқы болып үлкен әулие Құ­ланның бөренесі тасқа соғылып, жұ­лынып кетеді. Бұл қазіргі Қызылтау маңында болған. Ол жерде Құлан әулие үңгірі сақталып қалған. Ал ортаншы әулие Қыранның бөренесі Ақбет тауына соғылады. Алапат судың беті қайтып,  таулар мен шоқылар ашыла бастағанда, кенже әулие Қоңыр­дың бөренесі үңгірге келіп тірел­ген екен.  Қоңыр әулие сол жерге қоныстанады. Үңгір ежелден қасиетті са­налады. Оның түбіндегі қазантасқа су жиналады. Ел арасында әлгі қасиетті суды ішкен адам түрлі аурудан жазыла­ды, тіпті әйелдерді бедеуліктен құтқарады деген әңгіме бар. Ғұлама Мәшһүр Жүсіп бұл жердің киелілігін дәріптеп, «Әулиелердің Алладан пәрмен сұрай­тын жері», деп атап кеткен.

ва

Қоңыр әулие үңгірінің шырақшы­сы Алтынбек Құрмановқа үңгірге бас-көз болу құрметі ата-бабасынан жалғасып келе жатыр. Санамаласақ, ол – әулетіндегі сегізінші шырақшы екен. А.Құрмановтың өзі – еліміздегі үздік өлкетанушы, Қазақстан туризм са­ласының үздігі, «Елім-ай» тұңғыш сыйлығының иегері. Көкірегі толы – қазына, арғы-бергі тарихты жақсы біледі. Айтуынша, үңгір жайлы ал­ғаш­қы мәліметтер XVII–XVIII ғасырларда жа­зылған архивтік құжаттардан мәлім.

– Баянауылдағы Қоңыр әулие үң­гі­рі ер­теде ел арасында қасиетімен аса танымал болғаны, тіпті Абылай ханның өзі бұл мекенді кие тұтқаны туралы деректер аз емес. Әлкей Марғұлан атамыз 1978 жылы осы өңірге арнайы экспедициямен келгенде нақтырақ суреттейді. Ол кісінің айтуынша, жер бетіндегі Қоңыр әулие есімімен байланысты үңгірлердің саны – сегіз. Бесеуі Тұран даласында, яғни Қазақстанда. Жұрт соның екі-үшеуіне ғана барады деп сипаттайды ғұлама ғалым. Мен Әлкей атамыздың деректеріне сүйене отырып, барлық Қоңыр әулие үңгірін аралап шықтым. Жалпы, Қоңыр әулие аталатын үңгір орналасқан аумақ­та туғандар халқын өркениет кө­ші­не сүйреген, атақты тұлғалар дүние­ге келген. Анау Семей жеріндегі Қа­рауыл маңынан (ол жерде де Қоңыр әулие үңгірі бар) Абай, Шәкәрім, Мұх­тар бастаған ұлт қаймақтары дү­­ниеге келді. Баянауылда арысы Бұ­қар жырау, берісі Қаныш Сәтбаев бас­та­ған ғұламалар мен ғалымдардың көші түзілді. Мұның бәрі тектен-тек емес. Үшінші Қоңыр әулие үңгірі оңтүстіктегі Қазығұртта. Ол жерге адам сирек барады. Одан кейінгісі – Түркістандағы Сайрам ауданында болса, бесіншісі – батыс­та, көне Сарайшық қаласының жанында. Батыстағысының үстіне зират салынып кеткен. Биылғы топан су ол үңгірдің біраз жерін сыдырып кет­кенге ұқсайды, – деп әңгімеледі шырақшы.

Ал өзге үш Қоңыр әулие үңгірі Еуропада орналасқан. Оның бірі – Иор­дания мен Израиль мемлекеттерінің шекарасында орналасса, тағы екеуі Мажарстанның батыс Карпаты мен Түркияның Хасар тауында. Иордания мен Израиль тоғысқан тұстағы киелі орынды жергілікті халық Ескендір Зұлқарнайдың тәу ететін орны деп те атайды. Ескендір патша жорыққа аттанар алдында әлгі үңгірге кіріп, 2 күнге жоғалады екен.

Бұл мақаламызға зер салған оқыр­ман қауымның көкейінде «атал­ған Қоңыр әулие үңгірлерін не біріктіре­ді?» деген заңды сауалдың туындайтыны даусыз. Бұл сұраққа жауапты Алтынбек Құрмановтың сөзімен бергенді құп көрдік.

–  Түркі жұрты Ұлы Тұран даласына ислам діні келгенше Күнге та­бынды. Тәңір құты – Ұмай ана дейді. Ха­дистерде айтылатын 124 мың пай­ғам­бар­дың бірі түркі нәсілінен болған деседі. Түркі халықтарында ол Қызыр Ілияс, Қыдыр ата аталса, славян ха­лықтары Илья пайғамбар деп атаған. Оның үстіне халқымызда ежелден берілетін:

«Қыдыр болсын жолдасың,

Қызыр Ілияс қолдасын», дейтін бата бар. Сол Қызыр пайғамбарға 18 мың ғаламның иесі қиямет-қайымға дейін ғұмыр сыйлаған екен. Мен Құран Кәріммен қоса, Інжілді, Тәуратты, Зәбүрді, тағысын-тағы түрлі діни бағыт­тағы қасиетті кітаптарды оқы­дым. Барлығында Қызыр Ілияс тірі де­лінеді. Хадистерге сүйенер болсақ, Қызыр ата ол Нұх пайғамбардың өзі болып шығады. Аңыздарда Нұх пай­ғамбар осындай үңгірлерді мекендеп, қасиет иесін шырақшылар мен бақсылар, ғалым-оқымыстылар ғана көре алады деп келтіріледі. Ұзын бойлы, үстінде ақ-сұр шапаны бар қоңыр адам үңгірге күн бата кіріп, таң алдында күнмен таласа шығып кетеді екен. Ая­ғы жерге тимейді, ол кірген үңгірдегі ауа өзгермейді. Ал қасиетті үңгірді іздеп барғандардың ті­легі қабыл болады. Осылайша, Баянауыл­­да­ғы Қоңыр әулие тас үңгірі – ер­те­ден бері адамзат баласының анасы – Бай-ананың құт мекені, – дейді өлкетанушы.

Жоғарыда айтқанымыздай, Қоңыр әулие үңгірі туралы деректер ертедегі жиһангездер мен саяхатшылардың жазбаларында жиі кездеседі. Орыс жылнамашысы Петр Рычковтың 1779 жылы жарық көрген «Топография Оренбургской губернии» атты кітабында Ресейден шыққан экспедицияның Баянауылға, Абылай ханның ордасына келгені жазылады. Бұл кітаптың тұтас бір бөлігі Абылай ханға арналған. Тарихшы кітабында: «Баянауылда Қоңыр әулие аталатын, жергілікті халық киелі орын санайтын қасиетті мекен бар. Бұл жерге біз Абылай ханның рұқсатымен екі күн қондық. Үңгірге Мұхаммед пайғамбардың жолын қуушылар түнейді, құрбандық шалып, тілек тілейді. Тілеген тілектері қабыл болады», деп жазылған.

«Тарихтан белгілі, 1824 жылы Қар­қаралы округі құрылды. Патша өкі­метінің өкілі, жүзбасы Карбышев ара­да көп уақыт өтпей өз әскерімен Баянауылға келіп, Баянауылды Қар­қаралы округінің құрамына қо­самыз деп хабар түсіреді. Бұл тұста Баянауылда Шоң мен Қазанғап би­лердің дәуірлеп тұрған кезеңі. Басына ноқта түспеген ел, қос би «жоқ» деген кесімді жауаптарын айтыпты. Болмаған соң Карбышев жергілікті рубасыларынан «жеке округ боламыз» деген қолхат алады. Патша әскері жергілікті халықтың наразылығынан қорықты ма екен, аялдап, қонатын жер таппай сасады. Сонда көпті көрген қариялар: «Қоңыр әулиеге барыңдар, ол жақта сендерге ешкім тиіспейді», деп ақыл-кеңесін беріпті. Сол әскери жасақтың құрамында поляктің революционер ақыны, жиһанкез Адольф Янушкевичтің болғаны да мәлім. Янушкевичтің 1846 жылы Парижде басылып шыққан «Күнделіктер мен хаттар» кітабының 317-бетінде Қоңыр әулие үңгірінің кіре беріс суреті бар. Поляк ақыны оны өз қолымен түсірген. Бұл кітапты Ленинградта оқып жүр­генімде Кунсткамерадан көрдім. Әлгіде: «Жердің аты – Баянаула. Баян – Тә­ңір құтының аты болса, аула – оның мекені. Осы бір киелі ме­кенде 10 күн болдым. Жаратқанға Польшаға аман-есен жеткізе гөр деп жалбарындым. Сол арманым қабыл болды. Бүгінде сол жерді сағынамын, түсіме кіреді. Бірақ менің жасым ұлғайды әрі алыс Еуропада тұрамын. Кім де кім Алтын Сарыарқаға барса, Баянауылға табан тіресін. Ол жерде Қоңыр әулиеге соқпай кетпесін. Себебі жайған алақаны бос қайтпайды», деп жазылған. Ал 1856 жылы Шоқан Уәлиханов орыс баспасөзінде жарық көрген «Баянаульский внешний округ» мақаласында ол нағашысы Мұса мырзамен Қоңыр әулие басында екі түн түнегенін баян етеді», деп тәмамдады әңгімесін Алтынбек Жұматұлы.

Қоңыр әулие үңгірі Баянауылдағы Жасыбай демалыс айма­ғынан шамамен 15 шақырымдай жер­де орналасқан. Мекенге апаратын грейдер жол бар. Үңгірге көтері­лу үшін шамамен мың метрдей бас­палдақпен жаяу өрлеу керек. Аумақ ерекше қорғалатын ұлттық парк аймағына еніп тұрғандықтан, ол жерде құрылыс салуға, келімді-кетімді адам­дарға жайлылық тудыруға рұқсат жоқ. Келешекте туристер саны қазіргіден де еселене түсер болса, бұл жерге заманға сай инфрақұрылымдар қажет болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұлттық парк қызметкерлерінің қолымен тұрғызылған баспалдақ та мәңгілік емес. Шырақшы Алтынбек Құрманов аумақтың экологиялық тепе-теңдігін бұзбайтын, бірақ келушілерге қолайлы жағдайлар жасайтын бір туристік жоба керек деген пікірде.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Қоңыр әулие мекені