Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы әлі де жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда іріктеу мен дайындықтың барлық кезеңінен өткен 136 қатысушы директор болып тағайындалды. Оның ішінде 20 директор жайлы мектептерді басқарады.
Оқырмандарға ұғынықты болу үшін толықтыра кетейік, Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісімен білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау жөніндегі жобаны іске асырып келеді. Үміткерлер 8 ай бойы құзыреттілікті бағалау, үш деңгейлі оқыту, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді. Резервке қабылданған жаңа буын басшылары кадр мәселесін шешуге өз үлесін қосады, сонымен қатар жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерді де басқаруға құзыретті болады.
Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, биыл жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында еңбек ететін педагогтерден 13 796 өтінім қабылданған. Тестілеу нәтижесі бойынша келесі кезеңге 900-ге жуық үміткер өтті. Олар педагогикалық шеберлік орталығында «Өзгеріс көшбасшылары: заманауи білім беру ұйымын басқаруға жаңа көзқарас» тақырыбы аясында оқытудан өтіп жатыр. Әрі қарай әңгімелесу түрінде іріктеудің соңғы кезеңі ұйымдастырылады. Іріктеудің барлық 5 кезеңінен өткен қатысушылар республикалық кадр резервіне алынады.
Бұл туралы Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев: «Оқудан, тағылымдамадан, әңгімелесуден өткен үміткерлерге сертификат беріледі. Соның негізінде одан әрі жұмысқа орналасу үшін олар кадр резервіне енгізіледі. Резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады. Атап өтейік, барлық кезеңнен сәтті өтіп, сертификат алғандарға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі», деп түсіндірді.