Ғылым • 13 Қыркүйек, 2024

Жас ғалым: мүмкіндіктер межесі

84 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елімізде ғалымдардың жалпы саны 22 мыңнан асады. Ғылыми дәре­жесі бар қызметкерлердің орташа жасы – 57. Зерттеуші­лер­­­­­­­д­ің 15 пайызы – зейнет жасындағылар. Бұл рес­ми көрсеткіш­тер­­ әлі де біраз мәселенің бар екенінен хабар береді, соның ішінде ке­зек күт­тірмейтіні – ғылымға жастарды тарту. Себебі отан­дық ғы­­лым­ның «қартайып» кеткені қай жағынан да тиімсіз. «Соңғы кезде жас ғалымдарды қолдау артып келеді» деген мазмұндағы ойды зерт­теу­­шілер де, үкімет мүшелері де жиі айтады. Біз осы туралы әңгімелеп, насихаты кемшін ғылым саласының жүгін жеңілдеткенді жөн көрдік.

Жас ғалым: мүмкіндіктер межесі

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Мемлекет қамқорлығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Ғылым күнінде өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық екенін, осы тұрғыда әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау керегін атап өтті. Сонымен қатар Президент осы отырыста жас ғалымдарға қарата: «Сіздер әлемнің үздік ғылыми орталықтарында болып, тәжірибе жинақтап жүрсіздер. Кезінде халқымыздың көрнекті тұлғалары мен қайраткерлерінің де ағартушылықпен айналысқаны тегін емес. Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Бір сөзбен, сіздер сияқты ғалымдар Отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады», деді.

Иә, жастардың ғылымға көптеп келгені керек. Десе де бұған оларды ынталандыратын шаралар қабылданып, лайықты жағдай жасалуға тиіс. Шыны керек, жастардың ғылымға келуіне мүмкіндіктер баршылық. Енді соның бір парасын тарқатып көрелік.

 

Ғылымға қадам

Магистратура. Қалыптасқан дәстүр бойынша ғылымға бет бұрудың бастапқы қадамы магистратурадан басталады. Елімізде жыл сайын магистратурада оқуға 13 мың грант бөлінеді. Бұл дегеніңіз – осыншама адамның ғылымға келуіне жасалған жағдай. Биыл қыркүйектің 1-інен бастап магистранттардың стипендиясы 15 пайызға көтерілді. Қазір магистратураның грант бөліміне түскен студенттер айына 107 061 теңге стипендия алады.

Сонымен қатар ғылымға қадам басуды ойлап жүрген жандар магис­тра­тураны шетелде «Болашақ» бағ­дар­ламасымен оқи алады. Мысалы, өткен аптада Шетелде кадрлар даярлау жө­ніндегі республикалық комиссия отырысының қорытынды шешімімен 120 стипендиант шетелдердегі таң­дау­лы жоғары оқу орындарында магистратура бағдарламалары бойынша білім алатындар тізіміне қосылды. Олардың шетелде алаңдамай білім алуына (стипендия, жатын орын, жол шығындары) қажетті жағдай жасалған.

Докторантура. Бұл деңгей зерт­теу­шілер үшін ғылымның қай­на­ған қазаны іспеттес. Өйткені бұл – ғы­лым­мен айналысудың жақсы бір мүм­кін­дігі. Елімізде докторантура­да оқуға жыл са­йын 2 мың грант бө­лі­неді. Биыл жаңа оқу маусымынан бас­тап док­то­рант­тардың стипендиясы да 15 пайыз­ға кө­те­рілді. Докторантурада грант негізінде білім алып жүрген студенттерге айына 240 мың теңге стипендия түседі.

Магистратураны ғана емес, докторантураны да «Болашақ» бағдар­ла­масымен шетелде оқуға мүмкіндік беріл­ген. Жақында жарияланған Шетел­де кадрлар даярлау жөніндегі респуб­ликалық комиссия отырысының қоры­тындысы бойынша 6 адам докторан­ту­раны шетелде оқуға мүмкіндік алды.

Постдокторантура. Көбі докдорантурадан кейін тоқтап қалады, докторлық дәрежесін де қорғай алмай жатады. Ал постдокторантура зерттеушінің білімін әрі қарай жетілдіріп, ғылыми тақырыбына тереңдей түсіп, ғылыммен айналысуына, бастысы ғылыми дәрежесін қорғап шы­ғуына жағдай жасайды. Пост­док­то­ран­тураға түсу үшін 40 жасқа толмаған, кемінде соңғы 1 жыл бойы толық жұ­мыс күні негізінде ғылыми зерттеу жұмысының тобына мүше немесе ғылыми жұмыс тобының жетекшісі болуы керек. Постдокторантураға елі­міз­де жыл сайын 1 000 грант бөлінеді. Осын­шама адам постдокторантурада оқы­ғанда 500 мың теңге стипендия алады.

 

Тағылымдама

«500 ғалым» бағдарламасы. Бұл – Президенттің 2020 жылғы ­1 қыр­­­күйектегі Жолдауында берілген тап­сыр­масынан соң қолға алынып, 2021 жыл­­дан бастап іске асырыла бастаған жоба. Аталған тағылымдамалық бағ­дар­­лама зерттеушілерге шетелдік ғылы­ми, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 3-12 айға дейінгі тағылымдамадан өтуіне, сонымен қатар осы арқылы біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. «500 ғалым» жобасымен 2021-2023 жылдар аралығында үміткерлерден ­1 225 адам іріктеліп, стипендиат атанды. Бағдарлама бойынша инженерлік, жаратылыстану, әлеуметтік ғылым­дар саласындағы, сондай-ақ ақпа­рат­тық-коммуникациялық техноло­гиялар, медицина, білім беру, агро­өнер­кәсіптік кешен саласы ең жиі таң­­да­­латын бағыттарға жатады. Ғылыми тағылымдаманың иесіне визаны ресім­деу, тұру, тамақтану, меди­ци­налық сақтандыру, тіпті арнайы ғы­лы­ми әдебиеттерді сатып алуға дейінгі шы­ғындар республикалық бюджет есе­бі­нен толық төленеді.

 

Грант

«Жас ғалым» жобасы. Бұл гранттық жоба жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру мақсатында енгізілген. Бұрын ғылым­ға жаңа келген жастар саладағы сақа­лар­мен, яғни грант алудың қыр-сырын жетік білетін ғалымдармен бірдей грант­тық қаржыландыру конкурсына қатысатын. Жас ерекшелігі мен ғылым­дағы тәжірибесі ескеріл­мей­тіндік­тен, жастардың грант алу мүм­кіндігі де аз еді. Осыған орай «Жас ғалым» гранттық жобасы дайындалды. Бұл аға буын ғалымдардың зерттеу жұ­мыстарына жастарды бір қадам жақын­дату мақсатында әзірленді. Нәти­­же­сінде, әрбір ғылыми зерттеудің шең­берінде ғылыми мақалалар жария­ланып, соған сәйкес инженерлік-тех­нологиялық бағыттар бойынша инно­вациялық патенттер алынып жатыр әрі ұтып алған жастардың көпшілігі білікті, тәжірибелі аға толқын ғалымдардың деңгейінде қарастырылатын жобаларға қатысып жүр.

Жалпы конкурстағы жас ға­лым­дар үлесі. Жоғарыда жазға­нымыздай, біраз бұрын жалпы конкурсқа аты дардай академиктермен, профессорлармен бірге қатысатын еді, содан сағы сынған жастар келесі конкурс­ты күтпей, мүлде басқа салаға кетіп қалатын жағдайлар болған. Міне, осындай кедергілерді жою мақсатында ғылыми жобаларға арналған барлық конкурстың құжаттамасына арнайы бір талап енгізілді. Осы шарт бойынша конкурсқа жолданатын жоба оның қатысушылары құрамында кем дегенде 30 пайызға дейін 40 жасқа дейінгі жас­тар болғанда ғана өтетін болды. Бұл жас ғалымдарды шеттетпеуге ықпал еткен шарт бола алғандай. Себебі ғылыми жетекшілер өздерінің ғылыми жоба­ларына грант алу үшін зерттеу тобына, қатарына 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарды қосуға міндетті.

 

Әлеуметтік көмек

Шын мәнінде қандай да бір тұралап тұрған саланы аяққа тұрғызу үшін сол бағытқа білікті мамандарды көптеп тарту керек. Бұл тетіктің тиімді жұмыс істейтінін «Педагог мәртебесі» заңын қабылдауынан, осыған қоса педагогтердің жалақысын көбейту, педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттердің стипендиясын басқа мамандықтардағы қатарластарынан артық ету секілді кешенді жұмыстардан көз жеткіздік. Бүгінде мұғалімдік мамандықты таңдайтын «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлерінің саны өскен. Кезінде кетіп қалғандар да өзінің кәсібіне қайта оралғанын көз көрді. Бұған заңды түрде енгізілген әлеуметтік көмектің айтарлықтай ықпалы болғаны анық. Міне, осындай әлеуметтік қолдаудың түрлері ғалымдарға арналған жаңа заңда көрініс тапты. Бұл – биыл қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң. Аталған заң бойынша енді жас ғалымдарды (40 жасқа дейінгі) баспанамен қамту үшін мүмкіндіктер беру қарастырылған. Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасындағы келісім шеңберінде 2023 жылғы ­1 жел­тоқсаннан бастап аталған банк ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының жас ғалымдарына арналған 2023-2027 жылдар аралығына кредит беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама бойынша ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының тұрғын үйге мұқтаж ғылыми қызметкерлері үшін бастапқы және қайталама нарықта тұрғын үй сатып алу үшін банк тарапынан қарыз беріледі. Құны 20 млн теңгеге дейінгі үй бағасының 10 пайызынын бастап 50 пайызға дейінгі мөлшерін салып, қалған соманы жылдық 5 пайызбен 25 жылға дейін ипотекаға алуға болады. Қарыз сомасының 50%-ын жинаған соң, қарыз бойынша жылдық сыйақы мөлшері 3,5%-ға төмендейді. «Отбасы банкінің» сайтында осы бағдарламаға қатысуға құқылы ғылыми ұйымдардың, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының тізімі жарияланған. Тізімде ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, жалпы алғанда 53 ұйым бар. Осы ұйымдардың ғылыми қызметкерлері жоғарыда жазылған жеңілдетілген ипотекалық несиемен үй ала алады.

Биылғы мамырдың соңында Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым ордасында ғалымдармен кездесу өткізді. Сол кездесу соңында Президент жас ғалымдарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету мемлекеттің міндеті екенін атап өтіп, ғылымның түрлі саласында еселі еңбек етіп жүрген 10 азаматқа салтанатты түрде пәтер сертификатын табыстады. Осыған қоса Қ.Тоқаев аталған кездесуде: «Былтыр 284 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы елі­міздегі ғылымды және жалпы ға­лым­дар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады», деді.

 

Жас ғалымдар кеңесі мен ұйымдар

Елімізде жас ғалымдарға арналған түрлі ұйымдар бар. Мұндай ұйым­дар­дың көп болғаны керек. Себебі бұл жас­тарды ғылымға тартуға, ғылымға жаңа келген жас буынды өзіндей қанаттас қатарластарымен қиындықтарды бірге еңсеруге, әріптес, дос табуға, түйт­кілдердің түйінін тарқататын орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осындай ұйымдардың бір­қа­тарын төменде тізбектеп, тарқата жаз­­­бақпыз. Оған дейін бір нәрсені түрте кетейік, төмендегі ұйымдардың бел­сенді мүшелері қазіргі таңда ғы­лымды басқару саласында, атап айт­қанда, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының бас­шы қызметкерлері, сондай-ақ Пре­зи­дент жанындағы ұлттық ғылым ака­де­мия­сының, Ұлттық ғылыми кеңестің, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің белді мүшелері болып отыр.

Академиядағы кеңес. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Жас ғалымдар кеңесі бар. Кеңеске іріктелген көшбасшы ғалымдар ғылымды дамытумен қатар сараптамалық-зерттеу қызметімен айналысады. Академия ғылыми-әкімшілендіру саласында алғаш рет жас ғалымдардың құқығын қорғау үшін омбудсмен, төралқа мүшесі, жас ғалымдар кеңесінің лауазымына, жас ғалымдардың мәртебесін көтеру миссиясына мән беріп отыр. Жетекші жас ғалымдар академияның сараптамалық-талдау қызметіне, ғылымды насихаттауға, форсайттық зерттеулер, ақпараттық жұмыстар жүргізуге, сондай-ақ ғылым жөніндегі Ұлттық баяндама дайындауға өз ұсыныстарын енгізеді.

Министрліктегі кеңес. Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанынан да Жас ғалымдар кеңесі құрылған. Аталған кеңес – жас ғалым­дар­ды ғылыми, ғылыми-техни­ка­лық қызметке, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәти­­желерін коммерцияландыру жөнін­дегі қызметке тарту мәселелері бойын­ша министрліктің жанындағы консуль­тативтік-кеңесші орган. Кеңес мүше­лері нормативтік-құқықтық акті­лердің, ғылымды дамытудың мем­лекет­тік бағдарламалары мен өзге де құ­жаттардың мазмұны бойынша ұсы­ныс­тарды алға тарту, енгізу арқылы жас ғалымдардың кәсіби дамуына қо­лай­лы жағдай жасауға мүмкіндік алады.

Университет жанындағы ұйым­дар. Еліміздегі жоғары оқу орын­да­рының жанынан құрылған немесе университетте оқып жүрген идея­лас жастардың бастамасымен құрыл­ған жас ғалымдар кеңестері де, альянс­тары да бар. Мұндай ұйымдар универ­си­теттегі студенттерді ғылымға тартуға, ғылыммен айналысатын жастардың басын біріктіруге мүмкіндік береді. Сондай ұйымның үздік үлгісін Назар­баев университетінің студенттері құрған «Young Researchers Alliance» (YRA) жұмыстарынан көріп жүрміз.

Жас ғалымдар альянсы («Young Researchers Alliance» – YRA) Назарбаев уни­вер­ситетінде жұмыс істейтін және білім алып жатқан жас ғалымдардың бас­та­­масымен 2018 жылғы 18 сәуірде құ­рылды. Бұл ұйым әртүрлі саладағы ниеттес, мұраттас жас зерттеушілердің басын біріктіретін ауқымды алаңға айналып келеді. Альянс жас ғалым­дар ара­сындағы өзара кәсіби ынты­мақ­тастықты дамытуды және жаңадан бастаған зерттеушілердің арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасауды көздейді. Кішкентай командадан басталған ұйым­ның қазірде 198 мүшесі бар және қатары күн сайын өсіп отыр. Ерікті, өзін-өзі басқаратын, ком­мерциялық емес қо­ғам­дық бір­лестік ретінде құрылған YRA бүгін­де жыл сайынғы дәстүрлі Жас ға­лым­дар форумын, тақырыптарға ар­нал­­­ған ғылыми семинарлар серия­сын ұйым­дастырады. Осыған қоса альянс Назар­баев университетінің «Әлеу­мет­тік даму қоры» корпоративтік қоры­­ның қол­дауымен аталған жоғары оқу орны­ның бакалаврлары мен магис­трант­та­ры­ның ғылыми-зерт­теу жоба­ларын қар­жы­­лан­­ды­ратын (1 млн теңге) грант ұсынады.