Пікір • 18 Қыркүйек, 2024

Жеңілдіктен қағылады

92 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Жолдауында бірқатар маңызды мәселе көтерді. Көбі қаржы секторына байланысты болды. Келесі жылдан бастап коммерциялық қаржы нарығы мен мемлекеттік қаржы секторында елеулі өзгеріс күтіп тұр. Банктер енді экономикаға жұмыс істейді. Егер олар көнбесе, шетелден корпоративті секторды қаржыландырғысы келетін көптеген ойыншы шақырылады.

Жеңілдіктен қағылады

Сурет: instagram.com/aibarpr

Банк қызметі туралы жаңа заң әзірленеді де, оған база­лық және универсалды регулятив енгізеді. Тек байығысы келетін, қожайыны дивидендтен дәмете беретін сараңдау банктерге заңдық пруденциал­ды талап қа­тал болады да, эко­номикаға қаржы салғысы келетін, энтузиаз­­­мы жоғары (шетелдік) банк­терге талаптар жеңілдетіледі. Ал салық мөлшері (КТС) қожайыны алатын дивидендке қатысты болмақ. Яғни акционері банкті сауын сиыр көретін қаржы институттары көбірек салық төлемек. Экономикаға кредит беріп, кәсіпорындарды қаржыландырып, дивидендке тиіспейтін банктерге салық бо­йынша жеңілдіктер жасалады.

Экономи­каға көмектескен банктерге көзқарас дұрыс болады. Ал халыққа онлайн тұты­ну­шы­лық кредит қана беріп, одан табысты күреп алып, дивиденд алғысы келетіндер, 25 пайыз салық төлеуге дайын болғаны жөн.

Жолдауда Ұлттық қор мә­селесі де айтылды. Инвес­ти­циялық бағыт қайта фор­мат­тал­мақ. Ұлттық қорда жатқан 60 млрд доллар шетелдегі біреу­лер­ге арзан қорландыру болмасын деді Мемлекет басшысы. Бұл негізі қиын жағдай. Біздің экономика 60 млрд долларды қорыта алмайды. Ал Ұлттық қор агрессивті инвестицияға емес, тұрақты жинауға негізделген еді. Оны табыстылығы 1-2% болса да, 100 пайыз кепілдігі бар А класты шетелдік облигациялар арқылы қамтамасыз етіп келдік. Енді оларды ауыздандырмай, өзіміздің эко­но­микалық ойын­шы­ларға 1-2%-бен валютамен беретін болсақ, ондай отан­дық бизнес ақшаның 100% қай­та­ты­нын қамтамасыз ету керек. Себебі Ұлттық қор – халық­тың ақшасы.

Бұл ретте, Президент тәуе­кел­ге барып отыр. Ұлттық қор инвес­тициясымен экономика­мызды керемет деңгейге көте­ру­ге болады. Бірақ ол бизнес жауап­ты болып шықпаса, ақша­мыз көзден бұл-бұл ұшады.

Енді атаулы әлеуметтік кө­мек, жәрдемақыға тойға барып немесе кафеде отыра алмайды. Бұл – өте мықты шешім. Болашақта бюджеттің әлеу­мет­тік көмегі қысқаратынын бол­­жауға болады. Себебі нанға ақша алып отырған адамдардың біра­зына шын мәнінде нан керек емес.

Ол әлеуметтік әмиян арқылы жасалады. Карточкаға теңге түспейді. Әмиянға түседі. Ол жерден тек белгілі бір төлемдер – азық-түлік, дәрі-дәрмек, ком­муналдық төлем жасалады. Қол­ға қағаз ақшаны банкоматтан шығара алмайды. Шыны керек, Мемлекет басшысы капиталистік социализм жасап жатыр. Оның толық форматына 2028 жылдары келетін сияқтымыз. Ол жақсы ма? Әділ, жұмысын сүйетін, қара­пайым, жауапты адамдарға қолайлы заман туады. Осы адам­дар өседі. Жең ұшынан бай­ланысуға үйреніп қалған, ауырдың үсті­мен жүретін, жемқорлау, алаяқ­тау адамдарға қиын заман  туа­ды.

 

Айбар Олжаев,

тәуелсіз сарапшы