
Оқу-ағарту министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, еліміздің намысын 30 құзыреттілік бойынша 32 қатысушы және 30 халықаралық сарапшы қорғады. «Ұлт үздігі» аталымы және құзыреттіліктер бойынша үздіктер: Орал ақпараттық технологиялар колледжі «Веб-технологиялар» мамандығының студенті Руслан Юсупов; Шымкент қаласының жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі «Сән технологиясы» мамандығының студенті Әйгерім Досова; Қостанай автомобиль көлігі колледжі «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» мамандығының студенті Данияр Әбікенов; Алматы құрылыс-техникалық колледжі «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары»мамандығының студенті Михаил Попов; Семей қаласының Радиотехника және байланыс колледжі «Мобильді роботтехника» мамандығының студенттері Тимур Бабенко мен Эльнар Жуасбаев; Алматы қаласы «Әділет» колледжі «Қонақүй ресепшионисі» мамандығының студенті Жанель Сағындық; Павлодар сервис және тамақтану колледжі «Мейрамхана сервисі» мамандығының студенті Артур Лейман.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жоғарыдағы жеңімпаздарды арнайы қабылдап, құттықтауын жеткізіп, толайым табыстар тіледі. Оның айтуынша, студенттердің бұл нәтижесі ерекше атап айтуға тұрарлық қуаныш.
«Мемлекет басшысының Жолдауында алдағы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы мұндай жеңістің маңызын арттыра түседі. Еңбек адамының беделін арттыру мақсатында биылғы қыркүйек айынан бастап 300 мыңнан аса колледж студентінің шәкіртақысы 50%-ға артты, ал мемлекеттік тапсырыс көлемі 12 мың орынға ұлғайды. «WorldSkills» стандарттары білім бағдарламаларына енгізілді. Жеңімпаз студенттерді, олардың педагогтері мен ата-аналарын шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің жетістіктеріңіз еліміздің дамуы жолындағы жаңа кәсіби белестеріңіздің негізіне айналатынына сенімдімін!», деді министр.
«WorldSkills International» – 25 жасқа дейінгі жас мамандардың кәсіби дағдыларын анықтауға, дамытуға бағытталған ірі халықаралық жарыс. Чемпионат халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және цифрлық трансформация жағдайында жұмысшы мамандықтары мен заманауи техникалық білімнің маңызын арттыруға, сонымен қатар бүкіл әлем бойынша техникалық мамандықтар бойынша кәсіби даярлықтың мәртебесін, стандарттарын насихаттауға бағытталған. Ал чемпионатқа қатысу оқу бағдарламаларын жақсартуға, заманауи стандарттарды енгізуге, техникалық және кәсіптік мамандықтарға жастарды тартуға ықпал етеді. Бүгінгі таңда аталған халықаралық қозғалыс 85 елде кәсіби даярлық стандарттарын арттырып, оның қолдауымен өңірлік, ұлттық және әлемдік чемпионаттар, континенттік біріншіліктер өткізіліп келеді. Қазақстан 2014 жылдан бастап «WorldSkills»-тің толыққанды мүшесі саналады, бұл жаңа талаптарға сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын даярлаудың ұлттық жүйесін қайта қарауға негіз болды.
«WorldSkills-2024» чемпионатының қатысушысы, Қазақстан құрама командасының мүшесі әрі «Ұлт үздігі» аталымының иегері Артур Лейман халықаралық жарыс үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік бергенін айтады. «Біз жарыс алдында өзге де елдерден келген қатысушылармен танысып, араласып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алдық. Мысалы, мен сайысқа түскен «Мейрамхана сервисі» бағыты бойынша 6 елден келген қарсыластарым болды. Олардың да қарым-қабілетін көрдік. Жаңа нәрсе үйрендік. Ұйымдастырушылар өте жоғары деңгейде дайындалған. Жарысты ұйымдастыру тарапы түсіндіргендей, мен жарыс нәтижесінде ең жоғары балл жинаған команда мүшесі болдым. Сондықтан мені «Ұлт үздігі» аталымы бойынша жеңімпаз деп таныды», дейді.
Ал «Қонақүй ресепшионисі» құзыреттілігі бойынша ел намысын халықаралық жарыста қорғаған Жанель Сағындық: «Өз бағытымда жеңімпаз атанып, Франция елінен медальонмен оралдым. Бұл – менің әлемдік аренадағы алғашқы тәжірибем. Бұған дейін ел көлеміндегі республикалық байқауларда өнер көрсетіп келдім. «WorldSkills» чемпионаты маған кәсіби дамуыма үлкен серпіліс берді. Франция, Швеция елдерінде қонақүй шаруашылығы өте жақсы дамыған. Шетелдік әріптестермен, өнер көрсетушілермен тәжірибе алмасып, көп жаңа дүние білдім. Оған қоса жаңа достар таптым. Бәрінен де чемпионат Францияға барсам деген арманымның орындалуына себепкер болғанына, елімді халықаралық деңгейде көрсете алғаныма, жүлдемен оралғаныма бақыттымын!», деп қуанышын бөлісті.