Жәдігер • 16 Қазан, 2024

Сүйек тарақ

105 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өркениеттің біздің заманымызға дейінгі II-V ғасырларда-ақ дамығанын сан рет жаздық. Басқасын айтпағанда, сақ заманында сән үшін таққан микро моншақтардың өзі қандай? Сақ әйелдерінің сәнге көңіл бөлгеніне Берел жазығындағы 81-қорғаннан табылған сүйек тарақ та дәлел.

Сүйек тарақ

(Суретті Берел-қорық музейінің баспасөз қызметі ұсынды)

Көне қоңыр тарақтың бәлендей безендірілген ою-өрнегі, таңба, белгісі жоқ. Әйел адамның тұтынған тұрмыстық заты екені түсінікті. Жалпы, қазба жұмысы нәтижесінде қару-жарақтан бөлек  әйел затына тиесілі көптеген жәдігер шыққан. Бүгінгі күнге дейін жүздері кертілмей, сүйек тарақтың қаз қалпында сақталғаны қайран қалдырады. Жәдігерге зер салсақ, тістері ұзынша, 4-5 сантиметр. Тарақтың жалпы ұзындығы – 9,5 сантиметр болса, ені – 7 сантиметр. Пішіні трапеция тәрізді, үстіңгі жағында тесігі бар. Тістерінің саны – 15 дана.

Сүйек бұйым 2016 жылы белгілі археолог Зей­нолла Самашевтің жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде Берел жазығынан табылған. Құнды жәдігер бүгінгі таңда Берел қорық музейінің қорында тұр. Келімді-кетімді саяхатшылар музейден көне тарақтан басқа да құнды жәдігерлерді көзбен көре алады. 

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Берел ауылы