Аймақтар • 23 Қазан, 2024

Тұлға есімі гимназияға қалай берілді?

160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәтбаев қаласындағы С.Сейфуллин атындағы гимназияға биыл 30 жыл толды. Экономикалық қиыншылыққа қарамастан, 1993 жылы сол кездегі қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі Әлия Сәденова шаһар әкіміне қалада гимназия ашу туралы ұсыныспен шығады. Бұл ұсыныс қолдау тауып, №19 мектептің қосымша ғимараты ретінде салынып жатқан нысанды гимназияға беру туралы ұйғарым жасалады да, сол кездегі «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі құрылысты жедел аяқтауға кірісіп кетеді. Сөйтіп, 1994 жылы Әлия Кәмешқызы гимназия директоры болып тағайындалды. Сол жылы 1 қыркүйекте гимназия ресми түрде жұмысын бастады.

Тұлға есімі гимназияға қалай берілді?

Бірақ... ғимарат құрылысы толық аяқталмағандықтан, гимназия оқушылары бір жыл бойы қаланың әр мектептерінде шашырап жүріп оқиды.

Бұл гимназия тарихына қатысты бір үзік сыр болса, екіншісі оның қалайша Сәкен Сейфуллин есімін иеленгені туралы.

1994 жылы қазан айының бас кезінде бұрынғы Жезқазған облысында Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші ашылып, республикалық ақындар мүшәйрасы өткізілді. Жаңаарқа ауданында дүрілдеген той өтті. Сол тұста мен қалалық газеттің басшысы едім. Қала тойға дайындалып жатты. Бірақ тойға барғанда ауыз толтырып айтатын ерекшелеу ештеңе байқала қоймады. Бір күні «Жаңадан ашылып жатқан гимназияға неге Сәкен есімін бермеске?» деген ой сарт ете қалды. Қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Қойшыбек Тоқтамысұлы деген ағамыз әкім-қараларға сөзі өтімді еді. Ол кісі менің ойымды құп көрді.

Тәуелсіздікті енді ғана алып, әлі көп нәрсе жүйелене қоймаған кез ғой, көше, мектеп атауларын әкімдер өздерінің шешімі арқылы беру­ге құқылы еді. Қала әкімі Серәлі Досмағанбетов деген азамат бола­тын.

Сөйтіп, Сәкеннің тойына дейін әкімнің шешімі шығып, оны қалалық газеттің бірінші бетіне жариялап та жібердік. Бұл ақынның 100 жылдығына орай тамаша тарту-таралғы болды.

Кейін гимназия басшысы Әлия Кәмешқызымен сөйлесіп, білмейтін кісі секілденіп, «гимназияға Сәкен Сейфуллин есімі қалай беріліп еді?» деп сұрадым.

«Өз басым гимназияға Шоқан Уәлихановтың есімін қолайлы көріп жүрген едім. Бірақ Қойшыбек ағамыз қала басшылығына Сәкен ағамыздың есімін ұсыныпты, сосын әрине, біз де мақұлдап, солай аталуын дұрыс көрдік», деді Ә.Сәденова.

Міне, содан бері де 30 жыл зу етіп өте шығыпты. Сәкен есімін қалай иеленгенін сол гимназия ұстаздарының да, оқушы­ла­ры­ның да, былайғы көпшіліктің де біле жүргені дұрыс-ау.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы