Үкімет • 25 Қазан, 2024

Экология саласындағы ынтымақтастық артады

241 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, онда Қазақстан мен Өзбекстанның экология саласындағы ынтымақтастығы туралы заң қаралды.

Экология саласындағы ынтымақтастық артады

Одақтастық байланыс нығаяды

Отырысты ашқан М.Әшімбаев алдымен қатысушыларды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, Мемлекеттік егемендік туралы декларация ғасырларға жалғасқан мемлекеттіліктің қайта жаңғыруының жарқын көрінісі екенін атап өтті.

Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Депутаттар атап өткендей, келісім Қазақстан мен Өзбекстанның қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимылын одан әрі дамытуды көздейді. Нақты айтқанда, бұл бағыттағы бірлескен жұмыс ауа мен судың ластануына жол бермеу, қатты тұр­мыстық қалдықтарды бақылау, био­ло­гиялық әралуандықты сақтау, эко­жүйені тоқыраудан қорғау, құмды дауыл­дардың алдын алу сияқты бірқатар маңызды шараны қамтиды. Бұған қоса ке­лісімде Арал бассейніндегі эколо­гия­лық жағдайды жақсарту жөнін­де бірлескен іс-шаралар әзірлеу қарастырылған.

Сонымен қатар халықаралық құжат­тың нормаларына сәйкес қоршаған ортаға мониторинг жүргізу саласында бірлескен ғылыми зерттеу жүргізіледі. Заңда әр тарап мемлекеттерінің шекара маңындағы аумақтарында қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпарат алмасу регламентін әзірлеу, өзара хабардар ету және қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыда әсер ететін төтенше жағдайлар бойынша қажетті шаралар қабылдау мәселелері де айқындалды.

«Қаралған келісім бауырлас екі ел­дің қоршаған ортаны қорғау саласын­дағы ынтымақтастығын нығайту мақ­сатымен әзірленді. Келісім аясында ауа мен судың ластануының алдын алу, қатты тұрмыстық және қауіп­ті қалдықтарды басқару жүйе­сін жетілдіру бағыттары бойынша та­­рап­тардың бірлескен іс-қимыл­да­ры қарастырылған. Сондай-ақ био­ло­гиялық әралуандықты сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу және басқа да маңызды бағыттар айқындалып отыр. Жалпы, мақұлданған заң екі мемлекет арасындағы одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Осы келісімді қарау барысында құжаттың қазақ тіліндегі мәтінінде қателік кеткені белгілі болды. Сенат төрағасы мұндай олқылыққа жол беруге болмайтынын баса айтты.

«Қазақ тіліндегі құжаттарда қателердің кездесуі – бүгін пайда болған мәселе емес. Бұл проблеманы депутаттарымыз да үнемі көтеріп жүр. Сол себепті қазіргі таңда қазақ тіліндегі мәтіннен қате жіберіп, оны қайта түзету орынсыз», деді Палата спикері.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесі нығайып, осы салада кәсіби мамандардың қатары артқанына назар аударды. Сондықтан Сенат төрағасы бұл салада тиісті мамандармен жұмысты күшейту керек екенін айтты.

«Бүгінде шет тілдердегі іргелі ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аударып жүрген білікті мамандарымыз бар. Кейінгі жылдары олар белсенді жұмыс істеп келеді. Оны бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан бізде түрлі тер­миндермен жұмыс істейтін, қалып­тасқан мамандар жеткілікті деп айтуға әбден болады. Сол себепті құжат­тарда қазақ тіліндегі мәтінде қателік бол­мауға тиіс. Ал халықаралық келісім­дерде бұған мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан тиісті ведомство осы мә­сел­еден қорытынды шығарып, кәсіби маман­дармен жұмыс істеуге тиіс. Алда­ғы уақытта мұндай олқылық қайталан­байды деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Ветеринария саласында бақылау әлсіз

Отырыс кезінде сенаторлар өздері­нің депутаттық сауалын жолдап, өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, Арман Өтеғұлов ветеринария саласында тиісті бақылаудың жоқ екенін айтып, Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алды. Бұл мәселе азық-түлік қауіп­сіз­дігіне қатер төндіреді. Депутат­тың айтуынша, кейінгі екі жылда кейбір аймақтарда түйнеме сияқты қауіпті аурулар мен тамақтан жаппай уланудың өсуі байқалды. Бұл проблемалар еліміздің өнім экспортына, әсіресе, ветеринарлық стандартқа сәйкес келмеуіне байланысты етті басқа елдерге жіберуге мүмкіндік бермеуге тікелей әсер етеді.

«Қалыптасқан жағдайға талдау жаса­ғанда негізгі себептің бірі – мем­лекет­тік орган құрылымының тиімсіз еке­нін көрсетіп отыр. Функ­циялардың ша­шы­раңқы болуы, күш-жігердің қайта­лануы, мүдде­лер қақтығысы проблема­ларды тиімді шешуге кедергі келтіреді. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі бір-біріне қарама-қарсы әртүрлі міндеттерді атқара отырып, ветеринария саласындағы реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын қалай нәтижелі жүзеге асырады?» деді сенатор.

А.Өтеғұлов осыған байланысты санитарлық, ветеринарлық және азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты біртұтас мемлекеттік орган құруды ұсынды.

 

Ара шаруашылығына бағдарлама қажет

Сенатор Закиржан Кузиев отан­дық омарташыларды алаңдатып отыр­ған проблемаларға тоқталып, өнім сапа­сының және саланың даму қарқы­ны­ның төмендеуіне жол бермеуді көздейтін бірқатар шараны атап өтті. Депутат балды сәйкестендірудің ұлттық стандарттарын қабылдау және өнімді өндірушіден тұтынушыға дейін бақылаудың электрондық жүйесін енгізу қажет екенін жеткізді.

Оның айтуынша, еліміздегі омарташылардың әлеуеті зор болса да қиындыққа душар болып отырған көрінеді. Импорттан бажсыз келетін және сапасы тексерілмей шекарадан өтетін бал тұтынушылардың денсаулығы мен жергілікті өнім өндіру­шілерге қауіп төндіріп отыр. Ауру туғызатын араны заңсыз әкелу біздегі араның тұқымын жойып жіберетін кененің пайда болуына себеп болады. Сонымен қатар күмәнді химиялық заттарды қолдану жағдайды нашарлатып тұр және мемлекеттік қолдау бағдарламасының болмауы саланы дамытуға мүмкіндік бермей келеді. 2023 жылы елімізде 4 мыңнан аса тонна бал өнімі өндірілді, бірақ экспорт тек 222 тоннаны ғана құрады, бұл жалпы көлемнің 5%-ын құрайды. Ресейдегі балдың сапасына қойылатын талаптардың қатаюы да жағдайды ушықтыруы мүмкін. 1 қыр­күйектен бастап Ресейде «бал» ұғымы белгіленді, ал 1 желтоқсан­нан бастап тексерулер басталады. Зерттеулер бойынша Ресейдегі балдың 38%-ы жалған екенін ескере отырып, сапасыз балдың елімізге келу ықтималдығы арта түседі.

«Ара шаруашылығын қолдау жөнінде мемлекеттік бағдарлама қабылдауды сұраймыз, оған қаржылан­дыру, оқыту және ғылыми зерттеу шараларын да қосу керек. Бал импортын қатаң бақылау орнату, сертификаттау­ды міндеттеу және стандартқа сәйкес зертханалық зерттеулер енгізу керек. Араның жағдайын ветеринарлық және санитарлық бақылауды да, зиянкестермен күресті де күшейту керек. Сондай-ақ «бал» ұғымын бекіту және жалған өніммен күрес үшін «Ара шаруашылығы туралы» заңға түзетулер әзірлеу маңызды. Сироптар мен қанттың бұрмалануын болдырмау үшін балды сәйкестендірудің ұлттық стандартын қабылдау, сондай-ақ нарықтың ашықтығын арттыру үшін өндірушіден тұтынушыға дейін балды бақылаудың электрондық жүйесін енгізу қажет», деді З.Кузиев.

 

Қалдықты өңдеудің салығы көп

Сенатор Ернұр Әйткенов қалдық­тар­ды жинау және қайта өңдеу сала­сына қатысты жоғары салық жүкте­месі «жасыл» экономикаға көшу үдері­сін тежейді деп есептейді. Сондық­тан сенатор Салық кодексіне тиісті заңна­ма­лық түзетулер енгізуді және қатты тұр­мыстық қалдықтарды бас­қару мәселелерінде бірыңғай мем­лекет­тік саясат әзірлеуді ұсынды. Депутат­тың пікірінше, қалдықтарды тиімді өңдеудегі негізгі кедергілердің бірі – қайталама шикізатты жинау мен өңдеуге салық жүктемесінің жоғарылығы.

«Дамыған елдердегі қалдықты бас­қару жүйесінде жинау, тасымалдау, қай­та өңдеу және кәдеге жарату сияқты бар­лық кезең қамтылады. Алайда елімізде бұл үдеріс қоқысты шығару және оны полигондарда көмумен ғана шектеледі. Мұнда қоқысты қайта өңдеу және кәдеге жарату деңгейі 24%-ды ғана құрайды. Қолданыстағы заңнама аясындағы керітартпа ықпалды да атап өту қажет. Салық кодексінде осы салаға салық жүктемесі жоғары белгіленген, бұл жалпы қайталама шикізатты жинаудың қымбаттауына әкеледі. Мысалы, 10 кг макулатура тапсыру үшін қабылдау пунктіне жеке куәлік әкелу, сатып алу актісін толтыру керек және ақша төлеген кезде ЖТС-тың 10%-ы ұсталады. Бұл фактілер қайталама шикізат жи­нау­шылардың нара­зылығын туғызып қана қой­май, күш-қуатты ұлғайтуда шикі­зат тапшылығын туындатады. Соны­мен қатар қазақстандық қайта өңдеу­ші­лердің бәсекеге қабілеттілігін төмен­детеді және нарықтағы үлесін жоғалтуға ықпал етеді», деп атап өтті сенатор.

Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысына ҚТҚ басқару мәселесінде бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлеу үшін барлық мүдделі тарапты тарта отырып, жұмыс комиссиясын құруды ұсынды.

«Қайталама шикізатты жинау және қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіп­керлік субъектілері үшін Салық кодексіне салық жүктемесін азайту жөніндегі түзетулер енгізу мүмкіндігін қарастыру керек. Қайталама шикізатты қайта өңдеушілерді дамыту және қолдау жөніндегі Жол картасын әзірлеу, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау тетіктерін қайта қарау қажет», деді сенатор Е.Әйткенов.