Шымкент • 02 Қараша, 2024

Маңызды әлеуметтік нысандар

69 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында бірқатар әлеуметтік маңызды нысан, тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Бірнеше тұрғын үй қайта жаңғыртылды. Нысандардың тапсырылу, ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты.

Маңызды әлеуметтік нысандар

Қоныс тойы

Мемлекеттік бағдарлама аясында мегаполистегі 304 отбасына жаңа пәтер кілті тапсырылды. Шаһар басшысы тұр­ғындарды мерекелерімен құттықтап, толағай табыс тіледі.

Пайдалануға берілген үйлер қа­ланың Бозарық шағын ауданында ор­наласқан. Үй кезегінде тұрған азаматтар баспананы «Отбасы банк» АҚ ар­қылы мемлекеттік бағдарламаның «2-10-20», «5-10-20» бағыттары аясында несие түрінде рәсімдеп алды. Жаңа үйге қоныстанғандар ішінде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған, толық емес, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйым қызметкерлері бар.

рп

Осы баспаналарды алуға 304 пәтерден тұратын 8 көпқабатты тұрғын үйге конкурс жүргізілді. Қазір үйлі болған азаматтармен сатып алу-сату келісім­шарты жасалып жатыр. Бұдан бөлек, мем­лекеттік бағдарлама аясында «От­басы банк» АҚ арқылы 400 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үйге конкурс жүр­гізілу үстінде.

Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағд­ар­ламалар тұрғындардың жайлы өмір сү­руіне көмегін тигізеді. Кредиттік тұрғын үйлердің қол­жетімділігін арт­тыру, табысы аз азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есе­бінен 311 отбасына тұрғын үй сертификаты берілді. Бұл маңызды құжат қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмек есебінде жүреді. Осы сертификатты алған азаматтар кейін несиелік баспанаға қол жеткізе алады. Биыл мегаполисте жыл соңына дейін тағы да 4 мыңнан астам пәтер тапсырылады.

 

Жаңғырту бағдарламасының тиімділігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын сапалы баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын кешенді жаңғырту жөнінде нақтылы мақсат-міндеттер белгіледі. 2029 жылға қарай ел көлемінде апатты жағдайдағы 1500 тұр­ғын үй иесін жаңа пәтерлерге қо­ныстандыру жөнінде тапсырма берді.

Осыған байланысты Шымкентте тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырыла бас­тады. Қазір мегаполисте 2 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар, оның 70 пайыздан астамы жарты ғасыр бұрын салынған, көпшілігі апатты жағ­дайда. 134 тұрғын үй әбден ескірген. Дегенмен үй­лерді сүріп тастамас бұрын тұрғын­дар­дан толық келісім алу қажет екен.

Міне, осы бағдарлама шеңберінде қала әкімі «Shymkent City» шағын ауда­нындағы тұрғындарға пәтер кілтін табыстады. Айналма өткеліндегі тұрғын үйлердің бірі сүрілуге жататын нысандар тізіміне енген. Ғимарат 60 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Қауіпсіздік пен энергия­ны тиімді жұмсау талаптарына мүл­де сәйкес келмейді. Мұндай үйлер тұр­ғын­дарға ғана ғана емес, айналадағы ин­фра­құрылымға да қауіпті. Сондықтан оларды бұзып, орнына жаңасын салған жөн.

Бағдарлама шартына сәйкес апатты үйлердің иелері жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмелері бірдей пәтер алады. Жаңа баспана бұрынғымен салыстырғанда 20 шаршы метрге кең. Сондай-ақ қоныстанушылар есептегіштерге қо­сымша ақы төлемейді. Тұрғын үй заманауи талапқа сай салынған. Қорыта айт­қанда, мемлекеттік тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы азаматтарды сапалы үймен қамтамасыз етуге, қала­ның сәулеттік келбетін жақсартуға, эколо­гиялық жағдайды түзеуге, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.

 

Балалар жаңа мектепке барады

Қала әкімі шаһардағы алғашқы екі жайлы мектептің ашылуына қатысты. Нұршуақ шағын ауданындағы жаңа білім беру ғимараты 2000 орынға шақталған, ал Қарабастау тұрғын алабындағы мектеп 1200 орынға есептелген. Бұл мектептерде оқушылар оқу жылының ІІ тоқсанынан бастап оқиды.

Мектеп тапшылығы жылдар бойы шаһарда өзекті мәселе болып келді. Осы проблеманы шешуге «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы септігін тигізіп отыр. Қазір елімізде апатты, үш ауысымды мектептер мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді.

«Жайлы мектепте» бастауыш пен жоғары сынып оқушыларының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай қарастырылған. Білім ұялары заманауи пәндік кабинеттермен, STEM-зертханалармен, роботтехника сыныптарымен жабдықталған. Мүгедектігі бар балаларға кедергісіз орта қалыптастырылған. Қауіпсіздік шараларына да ерекше назар аударылып, сандық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған. Хореографиялықпен қос­қанда төрт спорт залы, демалыс ай­мақ­тары мен воркаут, нетворкинг алаң­дары бар. Ұлттық жоба аясында Шым­кентте бұған қосымша тағы 18 «Жайлы мектеп» ашылады деп жос­парланған.

 

Көк тудың желбірегені...

Мегаполисте ең биік тутұғыры қа­­ланып, мемлекеттік ту көтерілді. Тутұғырдың биіктігі – 100 метр. Аталған ны­санның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, атақты спортшылар мен жас­тар қатысты. Тұрғындарды айтулы іс-шарамен құттықтаған шаһар басшысы «Tulip Hall» концерттік сарайының маңындағы бұл биік тутұғыр қаланың мақ­танышы ғана емес, мәдени-сәулеттік нысан ретінде қонақтар мен туристерді өзіне тартатын орын боларына сенім білдірді. Ұзындығы 30, ені 15 метрлік көк байрақты мегаполистің әр нүктесінен көруге болады. Салтанатты іс-шараға жиналған көпшілік қауым туымыз көкке көтерілгенде бойларын мақтаныш сезімі кернеп, патриоттық рухты оятқан керемет әсерде қалғандарын айтады.

 

ШЫМКЕНТ