Аймақтар • 29 Қараша, 2024

Шаруасы ширап, өндірісі өркендеген өңір

207 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Түркістан облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 4 трлн теңгеден асты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.

Шаруасы ширап, өндірісі өркендеген өңір

Өңірде өнеркәсіп өнімі көлемі 8,8%-ға артып, 960 млрд теңгеден асты. Онда қайта өңдеуге басымдық берілген. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 463 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 113%-ға артты. Тау-кен, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, жиһаз өндірісі салаларындағы өсім көрсеткіші көңіл тоғайтарлық.

Өндірісті дамытуда энергетика тапшы­лығын шешу мен индустриялық аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында, Үкіметке энергия бағасын төмендету бойынша ұсыныс енгізіліп, қолдау тапқан. Сондай-ақ қуат тапшылығын шешуге 1,9 трлн теңгеге жалпы қуаты 2,7 ГВт болатын 7 ірі жоба жүзеге асады. Сайрамда қуаты 1000 МВт болатын станса құрылысы басталды.

Облыста алғаш рет 100 га аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асты. Жоба аясында 308 млрд теңге инвестиция тартылып, 151 өндірістік ғимарат салынады. Нәтижесінде 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке жылына 2 млрд теңге салық түседі. Қазір 10 нысан салынып, 8 кәсіпорын ашылып, 712 жұмыс орны құрылып үлгерген.

Аймақта жаңбырлатып суғару қондыр­ғыларын шығаратын кәсіпорын ашылды. Жиһаз, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар іске қосылды. Бұрын тек шетелден әкелінетін су үнемдеу технологиясы қазір Түркістанда шығарылуда. Өндірістік паркте ашылған компаниялардың су үнемдеу технологиялары еліміздің өзге өңірлеріне де жеткізіліп отыр.

Өңірге жыл басынан бері 888,5 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Ал жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн долларды құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге орындалған.

«Облысқа инвестиция тарту және тәжі­рибе алмасу мақсатында Қытай, Ресей, Аустралия, Қатар, Оңтүстік Корея, Өзбекстан елдеріне түркістандық кәсіпкерлер сапарын ұйымдастырып, алпауыт компаниялармен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде, шетел капиталының қатысуымен жалпы құны 910 млн долларды құрайтын 6 инвестициялық жоба басталды. Ал қазан айында Түркістан қаласына 127 шетелдік компанияны шақырып, 301 млрд теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды», деді Д.Сатыбалды.

Осы келісім арқылы дрон, бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық техника өн­діретін кәсіпорындарды ашу жұмысы басталды. Аймақта «Өнеркәсіптік жылыжай кеше­­ні», «Алюминий бұйымдарын шығаратын за­уыт», «Өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығара­­тын зауыт», «Каустикалық сода, пвх, кальций карбиді, әк цемент шығаратын зауыт» жобалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге фосфорит кендерін өңдеу және мұнай өңдеу зауыттары салынуда. Алдағы уақытта түркістандық зауыттар өз елімізді және экспортты түрлі өніммен қамтамасыз ететін болады. Одан бөлек, алдағы уақытта индустриялық аймақтарда тұрмыстық техника, өсімдік майы, газ қондырғылары, лифт құрастыру, әскери палатка, санфаянс, сэндвич панелі және сусындар өндіретін зауыттар ашылады.

Аймақта энертегика, агроөнеркәсіптік кешен, өндіріс және қайта өңдеу, туризм салаларында маңызды 145 инвестициялық жобалар пулы дайындалды. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылып, кірістер қосымша 100 млрд теңгеге ұлғаяды. Бүгінде, жалпы құны 86 млрд теңге болатын 31 инвестцииялық жоба іске қосылып, 1300-ден аса жұмыс орны пайда болды.

Облыс тұрғындарының 80%-ы ауылда тұ­ратындықтан, ауыл шаруашылығы – өңірдің маңызды саласы. Қазір ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын енгізу, мал мен өсімдік өнімін терең өңдеу жұмысы жүргізілуде. Өңірде жыл сайын су тапшылығы байқалады. Облысқа керек судың 70%-ы көрші елден келеді. Сол себепті заманауи су үнемдеу технологиясын ендіріп, жаңа дақылдар мен сорттарды өсіруге басымдық беріледі. Су үнемдеу технологиясын 216,3 мың га-ға енгізіп, суармалы жерлердің үлесін ­40%-ға жеткізу жоспарланған. Биылдың өзін­де бұл технология 50 мың га-ға дейін жет­кізілді. Су үнемдеу технологияларының қол­жетімділігін арттыруға жалпы құны 11,7 млрд теңгені құрайтын 3 өндіріс орны іске қосылды.

Салада өнім көлемі 958 млрд теңгені құ­рап, өсім 105,8%-ға жетті. Өнім көлемі бо­йын­ша облыс республикада жетекші орын­­да тұр. Бұл бағытта нарықты отандық өнім­мен қамтамасыз ету мақсатында 2024–2027 жылдарға жалпы 507 млрд теңге болатын 105 жо­баны іске асыру жоспарланған. Осы арқы­лы 8 мыңнан аса жұмыс орны қалыптасады.

Аймақта «BNK Group LTD» компаниясының құны 7 млрд теңгені құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты, құны 4,1 млрд теңге болатын «14 мың га тамшылатып суару өндірісі», «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорнының құны 650 млн теңгені құрайтын жылына 9 мың га тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісі іске қосылды. Оған қоса шетелдік инвестордың құны 2 млрд теңге болатын 40 мың га-ға тамшылатып суару өндірісі келесі жылы жүзеге асырылады.

«Түркістан облысы республикада мақта өсіретін жалғыз аймақ. Биыл 106 мың га-ға мақ­та егілді. Дегенмен, дәстүрлі әдісті қолдан­ған­дықтан өнімділігі төмен болды. Енді заманауи суды үнемдеу технологиясын қолданып, эли­талық сорттарды өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды. Яғни, мақта өсіруден бастап жіп, мата және киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін қамтылады. Түркістан қаласында мақтаны терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды. Жоба құны – 147 млрд теңге. Зауытта 4 000-нан аса жұмыс орны ашылады», деді облыс әкімі.

Жалпы өңірде мақта кластерінде 9 жобаны іске асыру жоспарланған. Толық іске қосылғанда 40 мыңнан аса жұмыс орны құрылып, 50 мың тоннаға жуық дайын өнім өндіріледі. Бюджетке миллиардтаған салық түседі. Мақта өнімділігі 3 есеге дейін артып, өнімділік көрсеткіші га-на 70 центнерге жетеді деп межеленген. Мақтаға су үнемдеу технологиясы қолданылуда.

Онда егістікті әртараптандыру бағытында да жұмыс басталған. Аймақта жүгеріні терең өңдейтін «Крахмал-сірне» зауыты салынып жатыр. Жоба құны – 36 млрд теңге. Ол толық іске қосылғанда жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге мүмкіндік береді. 550 жаңа жұмыс орны ашылып, жүгеріден 26 түрлі өнім шығарылады.

Ет экспорты жөнінен Түркістан облысы көш бастап тұр. Экспорттағы ірі қара мал етінің 80%-ы, яғни, 6,9 мың тоннасы, қой етінің 75%-ы осы өңірге тиесілі. 4,7 мың тонна қой еті экспортталды. Аустралия елінің тәжірибесін қолданып, ет кластерін дамыту жоспарланған. Заманауи мал биржасы, бордақылау кешені, ет өнімдерін терең және қайта өңдеу бағытында 5 жобаны іске асыру көзделген. Оған 55 млрд теңге көлемінде инвестиция салынып, 600 жұмыс орны құрылды. Сөйтіп 35 мың тонна өнім шығарылған. Ал сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыруға 2 ірі тауарлы сүт фермасы жобасы жүзеге асырылды. Жобалар құны – 7,8 млрд теңге.

Өңірде 50 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында соғылып жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 49 нысан бой көтеруде. Жыл басынан бері аймаққа 400 мыңнан аса, Е-qonaq жүйесіндегі деректе 10 айда 19 мың шетелдік турист келген.

Облыста жалпы 2,1 млн тұрғын немесе халықтың 97,9%-ы ауызсумен қамтылған. Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауызсу құбырына қосылып, 13 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Екі жылда 187 мың тұрғын табиғи газға қосылды. Осы жылы 1161 км жолға жөндеу жұмысы жүргізіліп, 560 км пайдалануға беріледі, жолдың нормативті үлесі 94%-ға жетеді.