
Былтыр ғана жұмысын бастаған «Жомарт жан» республикалық орталығы «Мектепке жол», «Жүректен жүрекке», «Мейірім» және «Қамқор» қайырымдылық жобаларын сәтті жүзеге асырған. Былтыр көктемгі су тасқыны тұсында белсенділер 1 700 тоннадан аса ең қажетті тауарларды тасымалдап, қайырымдылыққа 800 млн теңгеден аса қаражат жинаған. Осылайша түрлі әлеуметтік жобалар мен мұқтаж жандарға жалпы сомасы 1 млрд 300 млн теңге көлемінде көмек көрсетілген. Достық үйінде ұйымдастырылған іс-шарада орталықтың ендігі бағыт-бағдары айқындалды.
– Негізгі мақсат – халықтың әлеуметтік осал топтарына жәрдем беру, мұқтаж жандарды жарылқау, жалпы қайырымдылық қызметін дәріптеу. Биыл да бұл үрдістен жаңылмай, игі істерді жалғастырамыз. Әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытында да бірқатар жұмыс жоспарланып отыр. Өңірлерде спорт алаңдарын дамыту, жастар орталықтарын құруға баса мән беріледі. Оның үстіне ҚХА-ның 30 жылдығына орай өткізілетін іс-шараларға белсенді атсалысамыз. Бұған қоса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Жұмысшы мамандықтар жылында қоғамда жұмысшылардың мәртебесін көтеруге, адал еңбек, кәсібилік секілді қасиеттерді өскелең ұрпаққа насихаттауға үлес қосамыз. Сонымен қатар Наурыз мейрамын, Жеңістің 80 жылдығын тойлауға ерекше көңіл бөлінеді, – деді «Жомарт жан» республикалық орталығының басшысы Евгений Больгерт.
Басқосуға Сенат депутаты Закиржан Кузиев, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, ҚХА «Жомарт жан» өңірлік орталықтарының төрағалары, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың мүшелері қатысты.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы қарсаңында ел Үкіметі ауқымды іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл – 150-ден аса ірі іс-шаралар мен 5 мыңға жуық түрлі бастамаларды қамтиды. Оның әрқайсысы мейірімділік, қайырымдылық, тұрақтылық, бірлік құндылықтарын насихаттауға бағытталады. Мерекенің мерейін көтеруде қайырымдылық науқандар, Ассамблеяның 24-сессиясы, кеңейтілген отырыстар, сондай-ақ ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен форумдар өткізіледі. Ассамблея өз қызметін Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде таныстыруды жоспарлап отыр. Тағы бір айта кетерлігі, «Бірлік» би ансамблінің гастрольдік сапары ұйымдастырылады, – деді Е.Кочетов.
Ал талқылауға Zoom платформасы арқылы қатысқан облыстық «Жомарт жан» орталықтарының, ҚХА этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдарының төрағалары бұл мерейтой тек мереке емес, этносаралық келісімді одан әрі нығайтуға серпін беретінін баса айтты.