
– Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиевтің кітапханасы біздің заманымыздағы атақты кітапханалардың бірі болды. Ол кісі қара базардан сирек кітапты да, Одақтың бүкіл баспаларынан жаңа шығып жатқан жаңалығы бар кітаптарды да іздеп жүріп тегіс жинады. Өзінің қолында барды біреудің қолында бар жақсыға ауыстырды және соның бәрін құныға, құмарта оқыды. Біз көрші тұрдық. Кітапханасын жақсы көретіні сонша, ол кітапты өзінің үш баласынан артық көрмесе, кем көрген жоқ. Бірде Қадыр ағаның шығып кеткенін пайдаланып, ұнаған кітапты қолыма алып парақтап көз жүгірттім де, қайта орнына қойып едім. Қайтып кірген соң төрт қабырға кітаптың ішіндегі мен қозғаған кітаптың қисайып тұрғанын байқап қойған Қадыр аға жедел басып барып әлгі ұстаған кітапты суырып алып, орнына түзеп қойды. Себебі мен шетін қисайтыңқырап қойған екем. Ол кісінің «үйіне келгендерді кетерінде құшақтап шығарып салатын» дейтін әңгіме де рас. «Ал, жігіттер, аман болыңдар» деп қапсыра құшақтап, арқа-басын сипалап, қалта тұсын басып көріп, қимай қоштасатыны бар. Сондағысы кітабын қымқырып кетпесін дегені. Міне, Қадекеңнің сол кітапханасын Ақжайыққа арнайы орталық салып көшіріп алдық. Көптен ойда жүрген шаруа еді, көптің көмегімен ол да орындалды. Әсіресе соңғы «елден келген көк дөненнің суретінің қасында көк шапан тұрсын» деп жеңешеме айтып, оны да түгендеп қойдық. Ағаның өзі ұстап, тұтынған дүниесінің бәрі, тіпті қаламсабына дейін туған жеріне тізіліп барды. Бұл – үлкен орталық. Болашақта, әрине, «кітап қайда» деп іздейтін кезең туғанда, келешек ұрпақ Қадыр оқыған кітаптың ішіндегі афоризмдер мен өзі қалдырған ұлағатты сөздерді пайдаланып, ғылыми еңбек қорғайтын шығар деп үміттенемін.
– Ал өз кітапханаңыз?
– Өзімнің кітапханамда студент кезден жиған, көзкөрген ағалардың ақжарма тілегімен қолтаңба берген, өте көне, қайта басылып шықпайтын кітаптар бар. Қазіргі жағдайда тірі жүрген соң сенің мұраңды ешкім қадірлемейді ғой. Әкемнің кіндік қаны тамған үйінің орнына күйеуім үй салып берді. Сол кезде Құдай аузыма салған болар, мен оған тұрмысқа шығарда: «Ақжайықтың жағасына үй салып берсең, мен саған жар боламын» деп айтқан болатынмын. Ауылға үй салып, кітаптарымды тұтас көшіріп апарып, текшелеп жинадым. Онда түрлі-түрлі кітаптар бар. Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Шона Смаханұлы, Әзілхан Нұршайықов, Мәриям Хакімжанова, Фариза Оңғарсынова мен Күләш Ахметованың қолтаңбасы жазылған және өзіме ыстық кітаптардың бәрі де Жайықтың бойындағы үйде қалды.
– Оны жергілікті оқырмандар пайдалана ала ма?
– Кітапхана саласын мемлекет енді қолға алып, қолдап жатқаны белгілі. Әзірге жергілікті оқырмандарға арналған бұрынғы кітапханалар желісі жұмыс істеп тұр. Кітапты құрметтеп отырған адамды әзірге көріп тұрған жоқпын. Бірақ әлі де үмітім бар. Оқитын ұрпақ оралады. Кітапсыз адамның күні болмайды. «Сол кезде керегін жинап алар» деп, Жайыққа кітапханамды аманаттап, ұстаған дүниемнің бәрін мен де елге қалдырып кеттім. Сол апарған кітаптар жиналған күйі сөресінде сіресіп тұр. Күзетші қойып, қаратып отырмын. Өзімнің ата-бабамның мекені, бұрынғы Ақжайық ауданы тарап кеткен. Қасында, орманның бір мүйісінде Жайыққа қарап тұрған жалғыз үй. Елге барсам, тоқтайтын үйім – сол.
– Әдебиетте шын таланттар бар. Оларға көлеңкесін түсіріп жүретін теріс ниеттегі дарынсыздар да бар. Өмір – күрес болса, осы үдеріс әдебиетке қалай әсер етеді?
– Әдебиетте негізі қалам ұстаған соң, басты мақсат – қолыңнан келгенше ұрпақты тәрбиелейтін шығарма жазу. Ал ақындар қашан, қай кезде де қоғамға оппозиция болады. Ойлы адамның өзі өмір сүрген қоғамдағы әділетсіздікпен ымыраға келе алмауы, көзқарасының сәйкес келмеуі заңдылық. Өйткені ақын жүрегінің іздегені ылғи адалдық пен адамгершілік болса, қоғамда ол сәт сайын бұзылып, өзгеріп тұрады. Соған қарсылық білдіремін деп кейбіреулер қарсы тұрып жатады. Ал менің түсінігімде одан гөрі сен өзіңнің жүрегіңдегіні адамзатқа, келер ұрпағыңа пайдасы тиетін, өркендеп-өсуіне көмегі бар нәрселер қалдырсаң, сол өміршең деп ойлаймын. Ал «мен оппозициямын» деп құр кеңірдек созып айқайлау, көз алдап уақытша тыныштықты бұзудың әдебиетке керегі жоқ.
Тарихтың көші тоқтамайды, бірақ әр ұрпақтың өзі өмір сүріп отырған кезеңнің даму талабына сай өзіне бұйыратын қоғамы, ғасыры бар. Олар қоғамдық өмір мен әлемдік оқиғаларға сөзсіз әсер етеді. Адамзат бәрібір сол өзіне бұйырған ғасырдың қиындығын арқалап өтеді. Біреулердің тағдырына аштық тура келеді, біреулер соғысты көреді, біреулер тас-талқан табиғаттың дүлейінен болатын апаттың зардабын тартады. Қай ұрпақ өзіне не бұйыртса, соны өтейді. Әлімсақтан солай. Мысалы, Шыңғыс хан дәуірі шайқаспен, жаулап алу, қырып-жоюмен тарихта аты қалды. Одан кейінгі қазақ тарихына талай тұғырлы тұлғаларды сыйлаған хандық дәуірі, ол да кейін қирады. Бұлардан соң дәуір-дүниенің бетіне дүбірлеп шыққан ақтар мен қызылдардың қақтығысы революция аталып, ол біздің аталарымызға бұйырса, соғыс әкелерімізге бұйырды. Ал бізге терроризм, технология текетіресі, қатерлі вирус-ауру келді. Сонымен бірге қазақ балаларының жұмыс іздеп, білім қуып, жаппай шетел асып жатқанының да өз себебі бар.
«Әр қазақтың арманы баю шығар,
Байығанға рахат дайын шығар.
Шетелге кетті барлық ақшалылар,
Базарда қалды біздің қайыршылар». Бас-басымызға жағдай тілеп, тойған жерімізде жүре берсек, сонда мынау бабалар тастап кеткен ұлан-ғайыр жер мен елге, байлығыңа, барыңа болашақта кім ие болады? Мені кейде ұйқыдан шошып оятатын бір сауал – осы. Алаң көңілмен ала таңға дейін отырып осындай да өлеңдер жазамын. Бірақ бұлар еш жерде жарияланбайды. Сондықтан әдебиетші соның арасында қаламымен адамзатқа мейірім төгетін, шуақ шашатын, бақытты жасайтын, санасын өсіретін бір сөйлем жазып қалдырса да, адамзат үшін сол олжа. Қашанда бәрінен парасат үстем тұруы керек деп ойлаймын.
– Қазақта табиғи дарыны айқын ақын қыздар көп емес. Өзіңізді тамаша лирик ақын және қоғам қайраткері деп танимыз. Қоғамды кері сүйрейтін кедергілер мен теріс ағымдарға да қарсы іркілмей сөйлейсіз. Ел мен жер, қазақ баласының, әсіресе қыз баланың бағын асыру туралы, қыз тәрбиесі туралы жиі айтасыз. Мұның бәріне қажыр-қайрат пен отаншылдық рух керек. Сізден қазақ қызының ішкі еркіндігін көріп қуанамын. Бұл еркіндік сізге қайдан келді?
– Жалпы, адамның қалыптасуына, баланың тәрбиесіне ықпал ететін, өз шаңырағы, өз тегі және отбасындағы бесіктен басталатын тәрбие. Қазақ – қызын қонақ деп еркелетіп өсіретін ерекше ұлт. Тарихты қараңыз, қазақ ешқашан қызын ешқашан пәренже орамаған, келінді келін деп сыйлап, ардақтаған қазақ әйелін қорлаған ұлт емес. Ата-анам мені бетімнен қақпай, жылы-жұмсағын аузыма тосып, иініме бар асылды жапсырып, бір қыз бала көруге тиіс қамқорлық пен еркелігіне бөлеп өсірсе де, есерлікке салынғам жоқ. Керісінше, еркіндік пен еркелік мінезімдегі батылдық пен өткірлікті ұштады. «Сен қыз баласың, тыныш отыр» деген орынсыз қақпақылды көргенім жоқ. «Сен күйеуге кетесің, аз күндік қонақсың» деген әңгімені ата-анам ешқашан айтқан емес. «О, менің жалғызым. Мен саған көп үміт артамын. Сен оқы» деді. Тәрбие осылай болды. Қазақ қызының еркіндігі – бұл ұлтының еркіндігі. Қазақ қызының намысы, ұлттың намысы деп ойлаймын. Осылай ойлауға әжем себепші болған сияқты. Ол маған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» жырын құлағыма құйып өсірді емес пе? Ендеше, бүгінгі біздің ұрпақ тәрбиесіне ұлттық әдебиет, ауыз әдебиеті өте қажет. «Аяз биді» оқыса, жас балалар ұрлыққа бармас еді. Өзінде барды қанағат тұтуға жастайынан үйреніп, біреудің дүниесіне көз салып, халықтың қазынасына қол сұқпас еді. Ал қазір балаларға ертегі айтуды мүлде қойдық-ау деймін. Сондықтан ұлтты сапалы, дұрыс ұрпақпен қамту үшін Бауыржан Момышұлы айтқандай, әлди айтатын ана, ертегі айтатын әже болуы керек. Қазір балабақшаның тәрбиесін осы бағытқа құруды көздеу керек. Бәлкім, сонда біз ұлтымызды, ұрпағымызды түзейміз. Ал енді қазір телефоннан көргенсіз нәрселерді оқып, көріп өз бетімен өсіп жатқан кішкентай ұрпақты қайта түзеп алу қиын болады. Осыдан кейін «тәртіпсіз ұл, тәрбиесіз қыз қайдан шықты» дейміз. Тәрбиеге шешенің айғайынан гөрі, әкенің «әй» деген бір сөзі ер балаға өтімдірек. «Әкеңді сыйла» деген сөз әр отбасында күн сайын айтылуы керек. Бұл – біздің бабалардан келе жатқан тәрбие дәстүрі.
Қазір жастардың, әсіресе қазақ қыздарының тәрбиесі уыстан шығып кетті деп шырылдап келе жатқаныма отыз жыл болды. Бізге ұлттық идеологияны дәріптейтін насихатшылар даярлау керек еді. Оның орнына медреселер балалардан шала молда дайындап берді. Қазір садақаларды жинап алып, дәріс оқитын солар. Тойларға келіп бата беріп, дәріс оқитын солар. Тіпті баланы сүндеттесе де, бесікке салса да, тұсауын кессе де, солар қабаттасып келіп халыққа уағыз айтып жатыр. Ал кітап оқымайтын, сауаты төмендер осылардың соңынан еріп барады. Біз ғылымға, білімге ұмтылған, медицинаның дамыған, жасанды интеллектің келіп көмекке араласқан, техниканың қарыштап дамыған заманында, өз қағынан жеріп, өзге сенімнің ығына жығылған қыздарымыздың қара жамылып, баласын мектепке жібермейтін надандыққа қалай кетіп қалғандарына таңым бар. Неге бұлай болды? Бұған қалайша жол береміз? Бұл енді тұтас ұлт болып ойланатын мәселе.
–Жалпы, ақын-жазушылар осы уақытқа дейін Парламенттің депутаты сияқты рөл атқарып келгеніне қоғам әбден үйреніп алып, қаламгерлердің бойынан осы күнге дейін сол мінезді іздеп тұрады. Қоғамдағы шындық пен келеңсіздікті айту, ұлттың басындағы проблеманы ортаға салу осы кісілердің міндеті сияқты көреді. Бүгінгі зиялы қауымның азусыздығына ашуланатыны да сондықтан болса керек. Азаматтық позиция жағынан да, бәлкім, шығармашылық жағынан да. Бірақ бұрынғы талаптың да, талғамның да төмендегені рас қой?
– Қай ғасыр болса да, барлық шығармашылық өкілдері: суретші, ақын, жазушы, музыканттардың көпшілігі өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы қайшылықтармен келіспейді. О бастан осылай. Біз білетін қарағайға қарсы біткен бұтақ – сонау Бұқар жыраулар. «Әй, Абылай, сен кім едің?» деп сөз бастау салты сол кезден қалыптасты. Содан кейінгі Махамбет, сол соқпаққа түскен кешегі Бауыржан Момышұлы. Шығармашылық пен шындықты біртұтастықта қарағандардың ішінен көргеніміз – Жұбан Молдағалиев. Өткір мінезі өтірікпен ымыраға келе алмаған Шерхан Мұртаза «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деді ғой. Парламенттің төрінен айтты. Айтарын қасқайып тұрып айтқан қайраткерлік мінез қазақтан бірте-бірте қашықтай берді. Әлде уақыт па, әлде саясат па, әлде ұрпақ ұсақталды ма? Айналасына немқұрайлы қарайтын, асау мінезден ада көнбіс ұрпақ пайда болды. Әлгі «арыстанның жалын сипаса, мысық болады» дегеннің кері. Ақыры осының бәрінен кейін «ұлтым бар, елім бар, мынауың қате» деп басшыға айтатын адамдардың бәрінің не аузын жапты не жалын сипаған арыстан сияқты мысықтың кейпіне ендіріп, жып-жылы пештің түбінде бұйығып жата беретін момындарға айналдырды. Мақтанғаным емес, бір кезде жазып едім: «Сескенбей тура бидің балтасынан, Ұрының жемтік алып қалтасынан, Көкесі төрде отырған талапкерді, Талант деп, қағып қойдық арқасынан». Міне, осындайлардың ортасында өмір сүріп отырмыз қазір. Руға бір бөлініп, тіл таласы тағы туындап, оған діннің алауыздығы қосылып, қазақтың басын біріктірмеуге жасалған әрекетті ендігі жерде қатаң заң ғана түзейді деп ойлаймын.
– Азаматтық позицияға, азаматтық поэзияға сіз қашан келдіңіз?
– Мені жұрт өлеңін махаббат, анаға, әкеге қатысты ғана жазады деп ойлайды. Азаматтық сарындағы жырларыма мән бергісі келмейді. Содан кейін бізде бұрыннан қалыптасқан бір түсінік бар. «Өй, осы әйелдер қалам ұстап не бітіреді? Бесік тербетіп отырмай ма? Бұл – еркектің кәсібі» деген ұғым болды. Сондықтан да әдебиетте қалам ұстаған қазақ әйелі ат төбеліндей аз ғана шоғыр. Саусақпен санарлық. Сенің жырларыңды оқып, оның бағасын беріп отыратын қайбір замандас азамат жігіттер бар. Олар оқымайды. Ал менің шығармамның ішінде не бар, не жоғын білмейді де. Мұхит Мералиевтің тағдыры жайын жазғанда айтам ғой: «Келер деп жадырап жаз, келер көктем, Қыста да қайсар әнші өлеңдеткен. Заманға әділетсіз не демексің, Талантты топас биге тәуелді еткен». Азаматтық үн емес пе? Ақынның айтқаны дұрыс екен демейді ғой. Менікі дұрыс дейді. Әрине, мен қыз жүрегіммен жырлаймын. Себебі оқырманымды маған жақын анаға деген сағынышқа тәрбиелей алсам, қазақтың қызына ару болуды үйрете алсам, ол да аз жұмыс емес қой деп ойлаймын. Әйтпесе, «бәрін қайта өзгертем» деп айқайлап жазу менің жүрегімнің үні емес. Жүрегім менің – сыршылдық, шыншылдық. Сосын таза көңілімнен лықсып төгілген тұнбаны ғана жазамын.
«Тақырыбым «ұсақтау» – бала жайлы,
Әлдилеп ақ сүт берген ана жайлы.
Пәк сезімді жырлау да ескіріпті
Қазір сөздің ірісін бағалайды.
«Көші дедік өмірді пасықтардың,
Махаббат – сандырағы ғашықтардың».
Жоғалды деп арудан нәзік қылық,
Жігіттердің сөз еттік жасықтарын.
Ал мен болсам ризамын ғұмырыма,
Гүл тағамын қызымның бұрымына.
Қарапайым жердегі ана тапқан
Ғашық болдым қазақтың бір ұлына.
Сүйдім қырдың гүлін де, жусанын да,
Жудым сәби жөргегін, қуыршағын да.
Ана болдым кәдімгі, мейірленіп
Тыпырлатқан тірлікті құрсағымда» деп жазамын. Мен өзімнің өмірім арқылы сол қыздардың жүрегіне ой тастасам деймін. Бірақ барлығын қамти алмаймын.
– Аға буындағы ақын апаларымыз жырларын сезімге, сүйіспеншілікке, мейірімге бөлеп жазды. Ал кейінгі қыздар поэзиясында бұл нәрсенің бәрі ашықтау көрініс тауып жатады. Поэзиядағы тылсымдық, жұмбақ сыр құпиясын ашып тастады. Бәрі түсінікті...
– Еркіндік пен ерсілік екі нәрсе. Кей қаламдас сіңлілерім «еркінмін» деп ерсі кетіп бара жатыр. Мен әр жерде айтып жүремін. Қыздарға ешқашан «мен сені сүйемін» деп айтпа деп. Қыз бала жұмбақтығымен, өзінің биіктігімен, қол жетпес қасиетімен ерекше болуы керек. Сұлу гүлге ұмтылған сияқты ынтықтырып, ұмтылтып қою керек қой. Бұлар қазір әркімнің қолында. Ол туралы да бір жазыппын. «Неге сен қыз бола тұра жұмбақ болмайсың? Неге сен көрінген жігіт ұстай салатын арзан затқа айналасың?» Қыз бала өзін таза ұстап үйрену керек. Ол тағы да үйдегі тәрбиеден-ау деймін. Сосын мына қоғамда басқа жақтан келіп жатқан ағымға еріп тұрған қыздар өзінің ұлттық болмысын жоғалтқан. Оның бәрі өлеңге де беріліп жатыр. Қыз бала нәзіктігін сыйлата алмайды. Ал нәзіктік пен тазалыққа кез келгеннің қолы да, батылы да бармайды. Ол кәдімгі қару. Қыз бала өжетпін деп төбелесуге бола ма, еркінмін деп ерсіленуге бола ма? Еркіндік берілді деп аузыңа келгенді сөйлеуге бола ма? Осының барлығы біздің ұлттық тәрбиеде бар. Ол ауыз әдебиетімен, ананың тәрбиесімен беріледі. Сондықтан бізге қыз тәрбиесімен айналысатын, ана тәрбиелейтін мектепті бөлек ашпасақ болмайды.
– Соңғы шыққан кітабыңыз – «Менің Фаризам». Естелік кітаптың өтімділігі қазақтың қос ақын қызының ғұмырбаяндық мезеттерінің деректілігінде әрі тұлғалық бейнелерінде деп ойлаймын. Кітаптың алғашқы тараулары біраз жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көргенде толқу тудырған болатын. Әдебиетте мемуар басы ашылмаған жұмбақ жанр күйінде келеді. Фариза ақын бейнесін осы жанрда жазу идеясы қалай туды? Сіз бұл кітапты неге жаздыңыз?
– Фаризаға талас жоқ, ол – қазақ поэзиясына келген құбылыс. Талантты ақын. Мен өзімді Фаризаны жақыннан білетін адамдардың қатарына жатқызамын. Сонау Атыраудан, студент кезінен бастап екеуміз хат алмаса бастадық. Мен онда Алматыдамын. Кейін ол Шерхан Мұртазаның шақыруымен Алматыға жұмысқа келді. Сол күннен бастап бірге жүрдік, жұмысқа, іссапарға бірге бардық. Театрға бірге баратын, базарды бірге аралайтын, бірге шай ішетін жақын құрбыларға айналдық. Алыстағы анасын сағынса, Атырауға барса, жанына мені ертіп алатын. Міне, осындай жаймашуақ жақсы күндер басымыздан өтті. Оның ешкімге ұқсамайтын өр мінезі болды. Фариза туралы танитындар да, сырттай сыйласқандар да, аздап таныс болғандар да естелік жаза бастады, бірақ ол туралы шынайы жаза алмады. Ал менің қолымда оның жазған хаттары, суреттері сақталып қалыпты. Архивімді ақтарып отырғанда «неге естелік кітап жазбасқа?» деген ой туды. Маған тым болмаса рухы риза болсын деп, суреттері мен естеліктері шаң басып жатпасын деп, бәрін жинақтап, естелік кітап жазып шықтым. Қазақ қоғамы әлі күнге лайықты бағалай алмай жүрген әдеби жанрдың бірі – мемуар, естелік. Мен онда ақынның кемшілік-қате көрсе, бетің бар, жүзің бар демей, айтып тастайтын шынайы мінезін жаздым. Бірақ кейін өзі соған өкінетін еді. Өлең жазған кездегі ішкі арпалысы мен шиыршық атқан шабытты шағы да маған таныс еді. Фариза тыныш отырып жазған емес. Бұрқ-сарқ етіп, бір сілкініп, аласұрып барып, толқыны қайтқан теңіз сияқты саябырлап барып өлең жазатын. Өзіне-өзі сыймай кететін. Буырқанады, шамырқанады, ішін кернеген сырды ақ қағаздың бетіне осылай ақтарған сәтін талай көзіммен көргенмін. «Фариза – мінез» деген сөз содан қалған. Осыларды жаздым. Менде ақынның қолымен жазған жазуы, хаттары, суреттері тарихи жәдігер ретінде сақталса деген ниет болды. Себебі ол дүние менен басқа ешкімде жоқ. Сөйтіп, 85 жасына арнап кітап шығардым. Меніңше, кейінгі ұрпақтың рухани игілігіне айналып, оқиды деп ойлаймын. Бәлкім, келешекте Фаризаның өміріне арнап кино түсіргісі келетіндердің пайдасына асатын керекті дерек болар.
– Қазақ поэзиясына қызмет етіп келесіз. Өзге әдебиеттің де өкілдерін қазақша сөйлеттіңіз. Қазір де қарап отырмайтын боларсыз, қаламыңызға қандай тақырып жақын болып жүр?
– Қазір драма жанры қызықтырып жүр. Әйгілі Желтоқсан зобалаңында Жұбан Молдағалиевтің ашына сөйлеген сөзі бар. Ақынның жүрек үнін желі етіп «Жұбан» деген пьеса жаздым. Сахнаға лайықтап жазуға маған Мәдина Омарова деген жазушы-драматург сіңлім көмектесті. Себебі ол да қазір драмалық шығармалар жазып танылған авторлардың қатарында. Спектакль Оралда қойылды. Енді осы спектакльді Астана театрларының бірі сахналаса деген тілегім бар. Себебі «Мен – қазақпын» деп жалғыз ауыз сөзімен намысымызды жанып, ұлттық санамызды оятқан Жұбан сияқты ақынның рухын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл – менің ақын алдындағы, әдебиет алдындағы қасиетті борышым. Ендігі бір арманым – Мұхит Мералыұлы туралы кино түсіру. Оның «Зәуреш», «Айнамкөз» атты тамаша өлеңдері бар. Театр және кино өнерінде Ақан серінің, Біржан салдың бейнесі бар, бірақ Мұхит жоқ. Сол Мұхит туралы фильм жарыққа шықса екен, оның мәңгі өлмейтін ғажайып әндерінің тынысын, осы әндермен тербелген кең даланың исін әр қазақ сезінсе екен деймін. Осы менің арманым.
– Әңгімеңізге рахмет, апай! Сол арманыңызбен қауышатын күн жақын болсын!
Әңгімелескен –
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ