
Сондай айтулы сайыс жуырда елорда төрінде өтті. Ел ертеңі үшін етігімен су кешкен Алаш қайраткерлерінің рухына арналған республикалық турнир жалауын желбіретті.
«Алашорда қайраткерлерінің рухына тағзым етіп, жас ұрпақ бойына патриоттық түсінікті сіңіру мақсатында осы турнирді ұйымдастырдық. Рас, бұған дейін әр спорттан түрлі деңгейдегі сайыстар өтті. Бірақ Алашорда жетекшілерінің ерен еңбегіне құрмет көрсетіп, тұлғалардың есімін ұлықтау мақсатында дода ұйымдастыру өте сирек. Елімізде кикбоксинг спортының дамуына елеулі үлес қосып жүрген жолдасым Ернар Омаровпен бірлесіп оқушылар мен студенттер арасында өткіздік. Барлық өңірден жиналған 500-ден астам спортшы қатысты. Әр салмақта чемпион атанған, жүлдегер болған спортшылар марапатталды», деді Б.Айдаров.
Өз қаржысына ауқымды дода өткізген ұйымдастырушылар «Alash Orda Cup» республикалық турнирі жыл сайын жалғасын тапса дейді. Бағлан турнирдің медалін арнайы тапсырыспен жасатқанын айтты. «Келешекте де бұл турнир жалғасын табуға тиіс. Өйткені додаға қатысатын спортшылар Алаш арыстары, ұлт қайраткерлерінің ғибратты ғұмыры, өнегелі істері жайында естеліктерді тыңдайды. Жас ұрпақ санасына отаншылдық рухты сіңіруге осындай шараның тигізер септігі мол. Сондықтан да бұл турнирді жыл сайын өткізу дәстүрге айналуға тиіс», деп атап өтті Б.Айдаров. Кикбоксинг олимпиадалық спорт түрі саналмайтындықтан да қаржылай қолдау көрсету, демеушілік таныту кемшін соғатынын жеткізді. Алашорда қайраткерлерінің рухына арналған турнирді жыл сайын өткізуге қаржылай демейтін азаматтар табылса деген тілегін айтты.
Бағлан өзі де осы кикбоксингпен кәсіби шұғылданып, түрлі сайыста жеңіске жетті. Әлі де бабында, әуесқойлар арасында әлем кубогі, жаһан чемпионаты сынды айтулы додалардан олжасыз қайтқан емес. Биыл күзде Біріккен Араб Әмірлігінде әлем чемпионаты өтеді. Іріктеуден өтсе, ел сенімін арқалап жаһандық сайыста айқасқа түспек.