
Суреттерді түсіргендер – С.Сабиров, Т.Қазанғапов, Н.ЖҰМАҒАЗЫ
Тарихи медаль!
Алғашқы алтын медальді шорт-трекшілер Әділ Ғалияхметов, Айбек Нәсен, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Абзал Әжғалиев, Глеб Ивченко иеленіп, мерейімізді асырды. Күміс жүлде Жапония, қола медаль Қытай құрамасына бұйырды. Біздің спортшылардың жеңісін кездейсоқтық деуге әсте келмейді. Бұл – ұзақ жылғы өлшеусіз төгілген тердің өтеуіне бұйырған жетістік. Командалық сайыстың үздігі саналып келген Оңтүстік Корея құрамасы қысқы Азия ойындарынан шеттетілген соң ғана орайы келді деген де жай сөз. Жігіттер бұл биіктен көріну үшін бірнеше жыл тынымсыз әзірлік жүргізді, түрлі додаларға қатысып әбден ысылды.
Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қысқы Азия ойындарында медаль еншілеген спортшыларды құттықтады.
– Шорт-тректен ерлер ұлттық құрамасы барша жанкүйерді қуанышқа бөлеп, ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені салды. Қытай төрінде әнұранымыз шырқалып, көк туымыз биікте желбіреді. Жүлденің біз үшін маңызы зор. Өйткені бұл – еліміздің шорт-трек спорты тарихындағы қысқы Азия ойындарында жеңіп алған алғашқы алтын медаль. Осы орайда жаттықтырушылар құрамының да еселі еңбегін ерекше айта кеткен жөн. Кезекті сайыс күнінде еншімізге бірнеше медальды байлаған саңлақтарға алғыс білдіремін. Алда сайысқа түсетін спортшыларға сәттілік тілеймін, – деді министр.
Ұлттық құраманың бас бапкері Петр Гамидов спортшылардың толайым табысы жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.
– Қытайға аттанғанда зор жауапкершілік арқалап бара жатқанымызды барлығымыз да сезіндік. Жігіттердің командалық сайыста алтын медаль олжалап, тарихтың жаңа парағын ашуы – зор табыс. Бұл спортта алдын ала тон пішіп, жауырынға қарап болжам жасау әсте мүмкін емес. Өйткені кез келген оқыс жағдай болуы мүмкін. Десе де жекелей сайыста да шәкірттеріміздің жарқырап көрінетініне сенімді болдық. Ерлердің эстафеталық додасында жүлде бұйырады деп үміт еттік. Азия құрлығында Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония сынды ақ айдын үстіндегі аламанға ерекше екпін салатын елдердің үздіктерімен жүлдеге таластық. Бізде бұл спорттың қарқынды дамып келе жатқанына бір дәлел – бүгінде өзге елдер де санасады, – деді П.Гамидов.
Араға бір мүшел мерзім үзіліс салып қысқы Азия ойындарының додасына қосылған Абзал Әжғалиев те ұлттық құрама мүшелерінің ынтымағы мен қажыр-қайратына бұйырған табыстың оңай келмегеніне тоқталды.
– 2011 жылы қысқы Азия ойындары Алматы мен Астана қаласында өтті. Сонда эстафеталық сайыста қола медаль бұйырып еді. Одан кейін жарақатымды емдетіп жүріп қысқы Азия ойындарына жолым түспеді. Енді міне, елімізді алтын медальмен қуантқанымызға шүкіршілік деймін. Аралас эстафеталық сайыста күміс жүлде олжалау да орасан жетістік, – деді А.Әжғалиев. Қысқы Олимпия ойындарында жүлдеге сынық сүйем жетпей сүрінген саңлақ (Абзал 2014 жылы Сочи қысқы Олимпиадасында – 5, 2018 жылы Пхёнчханда – 6, 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы аламанда 4-орынға тұрақтады) ақ Азияда додасында жекелей сында жолы болмағанымен, эстафеталық сайыста топ жарған жетістігін жоғары бағалайтынын айтты.
Харбинде алауы тұтанған қысқы Азия ойындарында қанжығамызға кезекті медальды шорт-трек құрамасы байлады. 2000 метрге аралас эстафетада сайысқа түсіп, Әділ Ғалияхметов, Малика Ермек, Денис Никиша, Яна Хан финалдық сында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Әйелдер құрамасы да 3000 метрге жүйткуде күміс жүлде еншіледі. Малика Ермек, Зейнеп Құмархан, Алина Әжғалиева, Мадина Жанбосынова, Яна Хан, Ольга Тихонова бастаған үздіктер жанкүйер сенімін ақтады.
Шорт-трекшілер Харбиндегі тартысты түйіндей сала Әлем кубогіне аттанып кетті.
Әкенің жеңісін жалғаған ұл
ІХ қысқы Азия ойындарында шаңғышыларымыз да тәуір нәтиже көрсетіп жатыр. Ерлер арасында спринттік сайыстың іріктеу кезеңінде Константин Борцов 5-орын алса, Олжас Климин 7-орынға, Ілияс Исабек 8-орынға, Владислав Ковалев 12-сатыға тұрақтап, келесі айналымға өтті. Финалдық тартыста Константин Борцов 2:58.28 уақыт көрсеткішімен мәреге үшінші болып жетіп, қола медальды еншілеген еді. Бірақ көмбеге екінші келген жапон спортшысы Харуки Ямашитаның «тыйым салынған материалды қолданғаны» анықталып, жарыстан шеттетілді де, күміс жүлде Константинге берілді.
Сәйкестікті қарасаңызшы, осыдан тура 29 жыл бұрын да ІІІ қысқы Азия ойындары дәл осы Харбиннің шұрайлы шұратында өткен болатын. 1996 жылдың қысында өткен ІІІ қысқы Азия ойындарында Константиннің әкесі Владимир Борцов қатысып, алтын, күміс медаль олжалады. Жүлдегер бүгінде жеке бапкері болып жүрген әкесінің тәлімі арқасында осындай жетістікке жеткенін мақтанышпен айтты.
– Отбасымыз үшін бұл медальдің мән-маңызы өте жоғары. Себебі 1996 жылы Харбинде әкем қысқы Азия ойындарының эстафеталық сайысында чемпион атанғанда мен екі айдан асқан құндақтағы сәби едім. Арада 29 жыл өткенде әкем әрі бапкерімнің жеңісті жолын жалғап, медаль олжаладым, – деді К.Борцов.
Ерлер арасында 10 шақырымға еркін стильде бәйгеге қосылған Олжас Климин қашықтықты 21 минут, 20,3 секундта өндіріп, қола жүлдені еншіледі. Алтын, күміс медальдарды жапон спортшылары иеленді.
Әйелдер арасында 5 шақырымдық додада Надежда Степашкина – 5, Ксения Шалыгина –7, Ангелина Шурыга –8, Дарья Рожко 9-орынды місе тұтты.
Әзірге бұйырғаны – екі жүлде
Коньки спортынан Евгений Кошкин 100 метрге жүгіруден күміс медаль еншіледі. Жерлесіміз бұл қашықтықты 9,47 секундта жүйткіп өтті. Өкінішке қарай, Алтай Жәрдембекұлы 4-орынды қанағат тұтты. Артур Ғалиев 12-сатыға, Никита Важенин 15-орынға тұрақтады.
Әйелдер құрамасы командалық спринт сайысында қола медаль еншіледі. Кристина Силаева, Дарья Важенина, Надежда Морозова үмітті ақтап, мәртебемізді өсірді.
Қытайға аттанған спортшыларымызды қолдауға әйгілі саңлақтар да арнайы барып, жанкүйер болып жүр. Олардың арасында Нагано қысқы Олимпиадасының қола жүлдегері Людмила Прокашева да бар.
– Мен 1996 жылы дәл осы Харбинде өткен қысқы Азия ойындарында конькимен жүгіруден екі қашықтықта (1500, 3000 метр) чемпион атанған едім. Одан бері де 29 жыл өте шығыпты. Бүгінде бұл спорт түрі де ерекше дамып кетті. Мұз үстіндегі жылдамдық та өзгеше. Әлемде бәсекелестік жоғары. Спортшыларымыз елімізде коньки мектебінің іргесі берік қаланғанын көрсетіп, жүлде олжалады. Қыздардың командалық сайыста қола медаль еншілеуі сөзімізге дәлел. Бұдан да жақсы нәтижемен қуантатынына сенімдімін, – деді даңқты спортшы.
Күміс те, қола да бар
Фристайл-акробатикадан Аяна Жолдас 76.54 ұпай жинап, қола медаль олжалады. Әйелдер додасында Ардана Махановаға да сенім артылған еді, бірақ ол финалдық сынға жетпеді.
Ерлер арасындағы тартыста Роман Иванов та іріктеу кезеңінен өткен жоқ. Келешегінен көп үміт күттіретін жас дарындар Ұланбатыр Өмірзақов пен Асылхан Асан да жүлдеге жетпей сүрінді. Ұланбатыр 5-орынды, Асылхан 6-орынды қанағат тұтты.
Осы спорт түрінен командалық тартыста Аяна Жолдас, Асылхан Асан, Шерзод Хаширбаев жалпы нәтижеде 235,39 ұпай жинап, күміс жүлдегер атанды.
Іріктеу кезеңінен сүрінбеді
Хоккейден ерлер құрамасы да кезекті тартысты жеңіске жетті. Жапония ұлттық құрамасын 4:1 есебімен ығыстырған жігіттер Оңтүстік Корея хоккейшілерін 2:1 нәтижесімен ұтып, ширек финалға өтті. Іріктеу додасында Таиланд (12:0), Қытай (6:1), Тайбэй (17:0) құрамаларын ірі есеппен жеңген жігіттерге алдағы кезеңде де сенім зор.
Әйелдер құрамасы да топтық кезеңдегі шешуші сында Оңтүстік Корея хоккейшілерін 1:0 есебімен жеңді.
Харбин мен Ябули қалаларын дүбірге бөлеген қысқы Азия ойындарында елімізден 137 спортшы қатысып жатыр. Олар 6 спорт түрінен 51 медаль жиынтығы үшін додаға қосылады. Жалпы, құрлық тартысына 32 елден 1000-нан астам спортшы қатысып, 64 медаль жиынтығын бөліске салады.