
Облыс аумағында Есілден басқа Шағалалы, Сілеті, Қамысақты атты төрт өзен бар. Бұлардан басқа Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Шарық, Жембарақ, Иманбұрлық сияқты кейбір жазда құрғап қалатын өзеншіктер бар. «Қазгидромет» филиалы директорының орынбасары Наталья Левинаның айтуынша, осы салалардың тасуының, көлдердің арнасынан асып кетіп жайылуының салдарынан су үлкен өзендерге құйылып, тасытады. Облыста гидрологиялық мониторинг жасайтын 22 гидробекет бар. Солардың мәліметтеріне қарағанда, биыл да Есілдің тасу қаупі жоғары. Сергеевка суқоймасындағы бүгінгі таңдағы су деңгейі 802 см, бұл бөгеннен асатын су қазірдің өзінде 2 см жоғары шығады деген сөз. 2024 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғандағы ең биік деңгей – 88 см, ол «Крещенка» ауылының маңында тіркелген. Сергеев қаласының маңындағы деңгей былтырғыдан 87 см жоғары.
«2024 жылғы тасқынның себептерін зерделегенімізде, өзеннің тасуына негізгі себеп – сеңдердің соқтығып, арнаны бітеп тастағандығы. Сондықтан өзен арнасын тазалау – басты міндет», дейді маман. Қазір Есіл мұзының қалыңдығы – орта есеппен 72 см. Қар суының көлемі қазіргі болжаммен нормадан артық болмайды. Облыстың барлық ауданындағы қар көлемі қалыпты, тек Ғ.Мүсірепов ауданында ғана нормадан 30-40%-дай артық.
Гидрометтің болжамы бойынша, облыс аумағына наурыздың алғашқы он күндігінде қалың қар түседі. Алайда үшінші он күндіктен бастап қар еріп, жаңбыр жауа бастайды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің мәлімдеуінше, қаладағы және қала іргесіндегі Бескөл ауылының түбіндегі барлық 8 дамба жөнделіп, былтырғы шайылған тұстары тегіс бітелген. Топырақ үю жұмыстары аяқталған. Қаланың Ущев көшесіндегі дамбасы бетон плиталарымен қапталған.
Облыс аумағында 4 791 үйде тұратын, 14 811 адамы бар 116 елді мекенді су басу қаупі бар. Соның ішінде 24 елді мекен бұл қауіпті аймаққа былтырғы тасқыннан кейін қосылды. 40 елді мекенге өзеннің, 13 ауылға көлдердің суы тасуынан, 63 елді мекенге қар суының көп болуынан су кіруі мүмкін. Былтырғы су тасқынын ескере отырып, облыста 2025 жылғы тасқынға тосқын жасау жоспары жасалған. Бүгінге дейін 109 шара атқарылған. Соның ішінде елді мекендерді қорғайтын валдарды жөндеу, жаңадан тұрғызу жөнінде 40, республикалық, облыстық, жергілікті маңызы бар автожолдарда су өткізетін құбырлар орнату жөнінде 41 жұмыс атқарылған. Жаңадан 38 шақырымдық дамба тұрғызылды. 41 шақырымдай дамбалар жөнделіп, бекітілді. Облыста құқық қорғау, ТЖД, Ұлттық ұлан, жергілікті атқарушы билік өкілдерінен құралған, жедел көмек беретін 1904 адамдық топ құрылған. Олардың қарамағына 1347 бірлік техника берілген.
Қосымша 27,8 мың тонна инертті материалдар, 51 мың қап, 130,5 тонна жанар-жағармай дайындалып қойған. Олардың санын, көлемін көбейту әлі де жалғасып жатыр. Эвакуацияланатын тұрғындарды қабылдайтын, 17 мыңдай адамға арналған 249 бекет әзірленді.
Облыстағы Петропавл, Сергеев, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Шарық суқоймалары «ҚазСуШар» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалына қарайды. Филиалдың директоры Шұғайып Ибатуллиннің айтуынша, Сергеев суқоймасы – Есіл өзені бойынша су реттеудегі ең маңызды стратегиялық су торабы. Ол Петропавл суқоймасымен бірге Солтүстік Қазақстан облысын тұтастай, Қостанай, Ақмола облыстарының біраз бөлігін ауызсумен қамтамасыз ететін біртұтас су шаруашылығы кешені. Сонымен бірге Сергеев суқоймасынан электр қуаты да өндіріледі.
«Былтырғы тасқында осы су торабының сол жағалауындағы 2 мың текше метрдей топырақты су шайып кетті. Оны жөндеуге, бекітуге республикалық бюджеттен 194 млн теңге бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары екі кезеңмен жүргізіліп, қазір толық аяқталды. Алдымен 1176 текше метр тас үйілді, екінші кезеңде ол түйіліп, тегіс бетондалды. Қазір өзеннің арнасын тазалау жұмыстары жалғасып жатыр», деді ол.
Үшінші – Шарық су торабы апатты жағдайда, сондықтан 2016 жылдан бері ол суды бөгемей, тек транзиттік рөл атқарады. Оны жөндеу 2028 жылға жоспарланған.
Солтүстік Қазақстан облысы