Маман • 02 Сәуір, 2025

Білікті жолбасшы маманға зәруміз

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көрікті жерлердің ажарын ашып, туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқан кезеңде қонақтарға жол сілтеп, сапалы қызмет ұсынатын гидтердің жұмысында кемшілік болмауға тиіс. Қызмет сапасын айтпас бұрын, дәл қазір елімізде гид мамандардың тапшылығы байқалады. Дерекке сүйенсек, 300-ден аса адам гид ретінде жұмыс істеп жүрсе, ресми реестрде 80-нен аса ғана гид тіркелген.

Білікті жолбасшы маманға зәруміз

Осы тақырыпқа қатысты мәсе­лелер Президент іс басқар­­масының Прези­дент­тік ор­талығында өткен гидтер мен экскурсия жетекшілерінің І форумында айтылды. Басқосуды Астана қаласының әкімдігі, «Астана даму орталығы» ЖШС, Астана гидтер клубы, Қазақстанның гидтер және экскурсоводтар одағы, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ бір­лесіп ұйымдастырды. Жиынға Астана қаласында туристерге экскурсия жасаумен айналысып жүрген 100-ден аса азамат қатысты. ПІБ Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова экскурсия жетекшілерінің арқасында Президенттік орталыққа келетін қонақтардың көбейгенін атап өтті.

– Сапалы туристік сервис құру білікті кадрлар даярлау ісімен де тығыз байланысты. Яғни турис­терге елдің бай мұрасын дұрыс көрсете алатын гидтердің жұмысын елеусіз қалдыруға болмайды. Гид-экскурсовод жай ғана жол көрсетуші емес, ол – қонақтардың санасына еліміз туралы жақсы ой қалып­тастыратын «мәдени елші». Демек, қонақтардың сапары сәт­ті болмағы гидтердің кәсіби­­лігіне, біліміне, шеберлігіне, тіпті жеке қасиеттеріне де байланыс­ты. Жоғары білікті гид елдің тари­хын, мәдениетін, этнографиясын және географиясын жақсы білу­ге тиіс. Президенттік орталық елор­да­ның ең маңызды туристік нысан­дарының бірі ретінде мәдени туризм­ді дамы­туға ерекше көңіл бөледі. Экскурсия жетекшілерінің кәсіби­­лігінің арқасында орта­лық елі­міз­дің саяси тарихына қызы­ғушылық танытқан жастарға, зерттеушілерге, дипломатиялық деле­га­ция­ларға, туристерге арнал­ған мәдени ошаққа айналып келеді, – дейді Б.Қайыпова.

Астана қаласы Инвести­ция­лар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бас­шы­сының орынбасары Мақсат Жаңабаевтың айтуынша, былтыр елордаға келген турис­тер саны 2023 жылмен салыстырғанда 14% -ға өсіп, 1,5 млн адамды құраған. Олардың ішінде Қытай, Түркия, Ресей, Үндістан, Германия, Оңтүстік Корея, АҚШ-тан келген қонақтардың үлесі басым. Демек, қазір Астанада қазақ, орыс, ағылшын тілін білетін гидтерден бөлек, қытай, корей, үнді, түрік тілін білетін гидтерге де сұраныс жоғары. Аталған елдерден туристер топ болып келген соң, олар сапардың басы-қасында кәсіби маман жүргенін қалайды. Осы шетелдік қонақтарға елдің туристік әлеуетін барынша айшықтап көрсетуге келгенде гидтер мен экскурсия жетекшілерін аттап өте алмаймыз. Өйткені олар сапарлаған өлке туралы мазмұнды ақпарат ұсынғаннан бөлек, турис­тер қызығатын орындарды жақсы біледі. Біз қазір оқыған, курстан өткен, саланы ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеген гидтер туралы айтып отырмыз. Олардың жұмысына оқымаған, оқыса да бірді-екілі курс­­тан өтіп жұмыс істеп жүргендер ке­дергі болмауға тиіс. Осы ретте «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орын­­басары Даниел Сержанұлы былай дейді:

– Шетелдік туристерді қарсы алатын бірінші адам – гид. Гидтер қонақтардың сапары мағыналы, мазмұнды болуына әсер етеді. Қазір бұл бағытта еңбектенетін мамандардың тұрақтап қалмай­тыны қынжылтады. 10 адам гидтің оқуын оқып, курстардан өтсе, оның төртеуі жұмыс істейді делік. Сол төртеудің өзі бірер жылда басқа салаға ауысып жататын сәттер жиі кездеседі. Еліміздің туристік әлеуеті артып келе жатқанын ескерсек, гидтердің, экскурсия жетек­ші­лерінің мәртебесін қазірден көтеруіміз керек. Мәселеге «Kazakh Tourism» АҚ бейжай қарап отырған жоқ. Гидтер мен экскурсия жетекшілерінің басын қосатын цифрлық платформа әзір­леніп жатыр. Гид мамандар осы арқылы бір жерден оқып, керек ақпа­ратын тауып, оған қоса оның қыз­метін растайтын жеке бейджін ала алады. Яғни басымдыққа ие бола­ды. Бейдж­бен әрбір туристік нысанға тегін, емін-еркін кіреді. Бұдан басқа, заңнамалық тұрғыда гид­тер­­дің мәртебесін, негізгі құқық­тарын бекіту жөнінде де жұмыс жүріп жатыр. Соның нәти­же­сінде, қонақтарға жол сілтей­тін, сапалы, мазмұнды, өнім­­ді қызмет көрсететін маман­дар­дың саны артады деп ойлаймыз.

Гид болып жұмыс істеп жүр­ген жас­тар сұранысқа ие болуды ойласа, әуелі оқу мәселесіне қатысты талаптарды орындауы керек. Мысалы, шағын курстармен шектеліп, кеше жұмысқа кіріскен жас қаланың тарихы, негізгі туристік бағыттары туралы ақпаратты дәл тәжірибелі маман секілді білмейтіні анық. Сондықтан оқыған, өз жұмысын жақсы білетін гидтердің, экскурсия жетекшілерінің мәртебесін көтеріп, оларды ресми тіркелген гид ретінде дәрежесін арттыру құптарлық іс. Осылайша, оқымай, өз бетінше жұмыс істеп келген гидтер ысырылып қалады немесе сұраныста болуы үшін жаңа талап­тарды орындауға бел буады. Елі­міз­дің Алматыдан бөлек, барлық дерлік өңірінде туристік маусым қыс­қа. Күз, қыста ұлттық парк­тер­ге, тарихи-мәдени орындарға бара­тын қонақтар азаяды. Сол үшін де гид болып жұмыс істеп жүр­­ген жастардың көпшілігі сала­ны қо­сымша жұмыс ретінде қарас­ты­рады.

Кездесуде қонақтар осы мәсе­лемен қатар гидтер мен экскурсия жетекшілерін кәсіби даярлау, беделін арттыру, қоғамдық бірлестіктердің ұсынатын жеңіл­діктері, қаржылық қызмет, салық мәселелері туралы да сөз қозғады.