
Өңірде ономастика саласындағы он сан жұмыс тұрақты негізде ұйымдастырылып жатыр. Елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау ономастикалық жұмысы 2022–2025 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес жүргізілді. Мемлекет басшысы осы орайда: «Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз. Бірақ ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн. Бұл жерде ешқандай науқаншылдық болмауы керек. Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың пікірін ескеру маңызды», деген болатын. Облыс әкімдігі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне 2025 жылға арналған Жол картасына енгізу үшін 28 ауыл, 10 ауылдық округ, бір жағалау және 64 көшені қайта атау туралы ұсынысты келісуге жолдады. Бұл ұсыныстардың барлығы жергілікті қоғамдастық жиналыстарында қаралып, тиісті аумақ халқының пікірлері ескерілген. Ономастика жұмыстарын ғылыми негізге сәйкес ұйымдастыру әділ болмағы аян. Мемлекет мұрағаттарында және Ресейдің Омбы облысының мұрағаттарына көптеген зерттеу жүргізілді. Осы зерттеу жұмыстарының барысында 124 елді мекеннің тарихи атаулары табылды. 2020 жылы белгілі ғалым Жамбыл Артықбаевтың жетекшілігімен «Ақмола облысының топонимикасы» этнотарихи және топонимикалық зерттеу бағдарламасы» арнайы жобасы аясында үш монография, топонимдер атласы шығарылды. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен бірлесіп жазған «Ақмола облысының тарихи топонимдері» кітабы жарық көрді.
«Жалпы ономастика жұмыстарында этносаралық қатынастарға кері әсер ететін оқиғалар орын алған жоқ, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының ономастикалық жұмыс және көрнекі ақпаратты бақылау бөлімінің басшысы Айгүл Талпақова. – Өңірде тұрақты саяси жағдайды сақтау үшін бұл мәселені ерекше екшеп, жұмысқа жауапкершілікпен қараймыз».
Әрине, тыңның эпицентрі атанған өзге этнос өкілдері біршама жинақы қоныстанған аймақтарда елді мекендердің атауын қайта атау мәселесі оңай емес. Бұл арада түрлі этнос өкілдерінің ұзақ жылдан бері қалыптасқан құндылықтарына зиян келтіріп, намысына тимейтін жағдайды ойластырған да жөн шығар. Ең бастысы, елді мекендерді қайта атау барысында мұрағаттарда сақталған тарихи деректерге, көне карталарға басымдық берген жөн. Осы орайда қолға алынған қыруар шаруаның барысында ондаған елді мекеннің байырғы, тарихи атауы табылып отыр.
«Өңірде ономастикалық атауларды зерттеу барысында дереккөз ретінде архив құжаттарын, ескі топографикалық карталарды негіз етіп аламыз, – дейді Айгүл Дүзелбайқызы. – Бұл құжаттардың арасында қоныс аудару карталары, қоныстаушыларды тіркеу құжаттары, орналастыру және есепке алу, дала генерал губернаторының бұйрықтары мен қызметтік хаттардың көшірмелері бар».
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында көптеген елді мекеннің атауы байырғы қалпынан өзгертіліп, қайта аталғандығына дала генерал губернаторының қоныс аудару учаскелерін қайта құру туралы шығарылған бұйрықтары нақты дәлел. Аталған құжаттардан елді мекендерді қайта атау туралы шешім қабылдағанын көруге болады. Мәселен, 1900 жылы Көкшетау уезінің Жабай өлкесінде іргесін көтерген ауылды Балкашин болысының құрамына қосу арқылы ауылдық қоғамдық басқару жүйесі енгізілген. Осылайша, бұл ауыл қоныстанушы шаруалардың шешімімен Новгород аталған. Сол тәрізді Бұлақ жері Камышенка, Бозайғыр – Елизаветинка, Ақанбұрлық – Чистополье, Сарымсақты – Новосаратовка, Қайрақты – Пушкино, Тоқтамыс – Ерголка, Бұрлық – Всеволодка, Шарық – Федоровка, Үшаша (Ақтөбе) – Новоромановка, Қушоқы – Канкринский, Аютас – Сергеевка, Жалтыркөл Новоселовка болып қайта аталған. Осындай зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 125 елді мекеннің тарихи атауы табылды. Жер-су атауларын бедеріне қарап қоятын бағзы заман атаулары қандай үйлесімді. Ендігісі сол атауларды қайтарып, тарихи әділеттіліктің салтанат құруына
жету.
Бүгінде облыста отыздан астам елді мекенге тарихи атауы қайтарылды. Әйтсе де, қанағат етіп отырудың жөні жоқ шығар. Таяуда облыс орталығында өткен бір брифингте Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары су тасқыны болуы мүмкін елді мекендердің атауын тізбелей жөнелді. Аудан орталығы Балкашино, Петровка, Каменка, Спасское, Максимовка, Красная Поляна, Владимировка, Новый городок, Новоселовка... Дәл осындай көрініс әрідегі Атбасар, Жарқайың, өзге аудандарда да тұнып тұр. Демек шаруа шашетектен. Әлі де архив ақтарып, құжат іздейтін қыруар жұмыс жетіп-артылады. Ел тілегі де маңызды. Бұл мәселені өзге ұлт өкілдері де қолдап отыр. Мәселен, Сандықтау ауданындағы Бірлік ауылдық округінің әкімі Аңсар Ибаев аудандағы Петриковканы Тұмар, Краснополянаны Бірлік, Арбузинканы Ақкент деп ежелгі атымен атауды ұсынды. Біздің пайымдауымызша, әділдікті көксеген адамның пікірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Сөз жоқ. Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет. Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуге болмайды», деп атап көрсетті. Біздіңше өте әділ сөз. Кейінгі уақытта облыс, аудан басқарған азаматтардың атын көшелерге беруге ұмтылу көрінісі көбейе түскендігі белгілі. Негізі, көрнекті тарихи тұлғалардың елге сіңірген еңбегі ескерілуге тиіс. Бұл – әділ сөз. Кемеңгер тұлғалардың есімі ел есінде сақталса, кейінгі ұрпаққа бар қызметі өміршең өнеге болары даусыз. Ел ішінде әлі де идеологиялық тұрғыдан ескірген, мән-мағынадан ада атаулардың кездесетіні де жасырын емес. 2024 жылы облыста идеологиялық тұрғыдан ескірген 54 көше қайта аталғанда, жалпақ жұрт бір серпіліп қалды. Биыл Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батырлар мен ардагерлердің есімдерін ұлықтау жұмысы бірреттік тапсырмаға сәйкес жүргізілмек. Осы арада анықтаманы да еске сала кетуге болар. Кеңес Одағының батырлары мен Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің есімдерін ұлықтау архив құжаттарымен және бір немесе одан да көп орденмен марапатталғандығын растайтын құжаттар арқылы жүргізілмек.
Мемлекет басшысының өзі айрықша назар аударып отырған мәселе түбегейлі шешілуі үшін әлі де көп жұмыс істеу керек.
Ақмола облысы