Digital • 10 Сәуір, 2025

Игілігі мол әлеуметтік портал

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы қаңтар айынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүге­дектігі бар адамдардың 211,6 мың тапсырысы орындалды. Азаматтардың өмір сүруін жақсарту мақсатында құрылған портал арқылы техникалық оңалту жабдықтарын сатып алу, жеке көмекші, ымдау тілі маманының қыз­­метіне жүгіну, сонымен қатар санаторийлік-курорттық емдеудің игілігін көреді.

Игілігі мол әлеуметтік портал

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, порталға жолданған өтініштің нәтижесінде 167,8 мың  оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ), 7,7 мың ымдау тілі қызметін, 24,4 мың жеке көмекшінің, 11,7 мың санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алды.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз етуде протездік-ортопедиялық, сурдо­тех­ни­ка­лық, тифлотехникалық, гигиеналық құ­ралдар, сондай-ақ орындық-арбалар бе­ріледі.

Бүгінде порталда 703 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 979 ОТҚ жеткізушісі, 31 мыңнан астам жеке көмекші, 759 ымдау тілі мен 129 санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

«2020 жылы елімізде Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Бұл платформа мүгедектігі бар азаматтарға техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін тікелей жеткізушілерден өз бетінше таңдауға әрі сатып алуға мүмкіндік берді. Порталдағы қызмет түрлеріне тапсырыс электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады. Өзара жасасқан шартқа сәйкес қызмет алушы, өнім беруші, яғни қызмет түрін ұсынушы тарап өз міндеттемелерін бұзса, 14 күннен кешіктірмей порталда тиісті ақпаратты жариялайды. Сонымен қатар тауарға немесе көрсетілетін қызмет түріне қатысты берген тапсырыстан бас тартып, өзге қызмет ұсынушыны таңдай алады. Көрсетілген қызметтер мен тауарлар туралы пікірін жазуға құқылы», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі инклюзия департаментінің бас сарапшысы Жанар Тыныбекова.

Жеткізушілерді тіркеу, тіркеуден шы­ғару сондай-ақ тауарлар мен көр­се­тілетін қызметтерді порталға орналастыру жергілікті атқарушы органдар жанындағы арнайы комиссияның қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Әлеуметтік қызметтер порталының мәселелері жөніндегі комиссия өнім берушілерге мониторинг жүргізеді. Көрсетілетін тауарлар мен қызметтердің сапасына қатысты мүгедектігі бар азаматтардың шағымдарын бес жұмыс күні ішінде қараумен айналысады.