
Депутат салық кодексінің жай ғана сандар мен пайыздар емес, адамдардың өмірі екенін басып айтты. Ең әуелі А. Аймағамбетов кітап пен баспа ісінің өркендеуіне ҚҚС біршама кедергі болып тұрғанын жеткізді.
«Егер ҚҚС-ты төмендетпесек, кітаптар одан сайын қымбаттайды. Ал балалар тек YouTube пен TikTok көреді.Франция, Жапония сияқты елдерде кітапқа мүлде ҚҚС салынбайды немесе үлкен жеңілдіктер бар.Бұрын соғыс кезінде адамдар от ішінен кітапты алып шығатын. Ал біз қазір сол кітапқа салық салып отырмыз. Сондықтан кітап пен балаларға арналған баспа өнімдерінен ҚҚС-ты алып тастайық», деді депутат.
Келесі сөз етілген театрлар, кітапханалар, мұражайлар мен қолөнер мәселесі.
«Совет дәуірінен келе жатқан дивандары мен орындықтары бар театрлар, уақыттың табы өтіп кітаптары сарғайып біткен кітапханалар салық төлемеуі керек. Олар сауда орталықтары емес. Бұны бизнес деп ойламау керек. Бұл біздің мәдениет. Сондықтан мекемелерді корпоративтік табыс салығынан босату қажет», деді депутат.
Одан ары қарай А.Аймағамбетов дәрі-дәрмек хақында сөйледі.
«Рак, диабет, сирек кездесетін аурулар — Үкімет бұл мәселеде біздің ұсынысты қолдады. Бұл — мыңдаған отбасы сезінетін маңызды қадам. Бірақ одан басқа да маңызды аурулар мен дәрілер бар. Эпилепсия, психикалық бұзылыстар, инсульттан кейінгі қалпына келу — бұлар да өмір сапасын анықтайтын жағдайлар. Бұл — ауру. Ал ауруға салық салу — әділетсіз. Қазір 10% ҚҚС өмірлік маңызды дәрілерге де салынуда. Ал бұл дегеніміз: Көп балалы отбасыға —азық-түлікті, инсульт алған қарияға —реабилитацияны жоқ дей беру.Егер біз денсаулық саласында гуманистік салық саясатын бастадық десек — соңына дейін баруымыз керек. Бір шындықты айту керек: ОСМС жүйесі ақсап тұр. ГОБМП пакетінің ауқымы тарылып барады.Халықтың 40%-ы емделуге өз қалтасынан төлейді», деп қадап айтты.
Одан кейін депутат трансжирге тыйым салыну қажеттілігін атап өтті. Бұл рак, семіздік, жүрек-қан тамыр аурулары, диабетті тудыратынын, қоғамды одан сақтандыру маңыздылығын жеткізді.
Депутаттың келесі көтерген мәселесі – мультфильмдерге салынатын салықтың көптігі. «Бүгінде балалардың көбі басқа тілдегі TikTok пен Netflix ғана көреді. Мемлекеттік тілде контент аз. Неге? Біздің анимациялық студиялар әр кадр үшін ҚҚС төлейді. Қазақша мультфильм шығару — қымбат. Оңтүстік Корея, Польша, Франция — өз анимациясын қорғайды. Бізге де сол қажет», деді ол.
Аймағамбетовтың соңғы базынасы казиноларға қарсы айтылды. Ол құмар ойын үйлеріне салықты батыл көтеруге шақырды. 20%, 30%, тіпті 50% салық салудың еш сөкеттігі жоқ екенін түсіндірді. Себебі әрбір ұтылған бәстің артында бір отбасының үміті тұрғанын айтты.
«Біздің ұсынып отырғанымыз — жеңілдік емес, әділеттілік. Салық жүйесі мұқтажға демеу болуы тиіс. Смартфон — кітаптан арзан болмауы керек. Энергетикалық сусын — судан арзан болмауы керек», деп аяқтады сөзін А.Аймағамбетов.