
Ел ішінде «жер жәннаты» атанып кеткен Жуалының табиғаты расында да ерекшелігімен тәнті етеді. Батыр Бауыржанның кіндік қаны тамған өлкеге табаны тиген турист біткен Берікқара шатқалына ағылады. Сұлулығы алыстан көзді арбайтын шатқалда жойылуға шақ қалған өсімдіктің түр-түрі самсап тұр.
Мамыражай мамыр айында Берікқараға бет алсаңыз, сайын даланың көрінісіне ұзақ қарап тамсанып тұратыныңыз анық. Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан қасиетті жерге келген адамдар да Берікқараның кереметін айтудан жалыққан емес. Шатқалдағы тым сирек кездесетін теректер мен қызғалдақтар туристердің қызығушылығын тудырмай қоймайды. Әсіресе басқа мемлекеттен келген туристер мұндағы қисапсыз табиғи байлыққа сүйсіне көз тігіп, көп деректерге қаныққысы келеді. Оны күн ұзаққа қоятын сауалдарынан да байқауға болады.
Қолда бар нақты дерекке сенсек, ел Үкіметі 2002 жылы арнайы қаулы шығарып, Берікқараны мемлеттік қаумал, ерекше қорғалатын табиғи аумақ санатына жатқызыпты. Жуалылықтардың мақтанышына айналған қорықтың жалпы аумағы 17,5 гектар жерді алып жатыр.
Өңірдегі ең көрікті жерлердің қатарына енген Берікқара шатқалы туралы айтылатын аңыз әңгіме де аз емес. Жергілікті халық та шатқалға қатысты түрлі болжам айтады. Солардың біріне құлақ түрсек, шатқалдың аты жаугершілік заманмен байланысты көрінеді. Халықтың айтуынша, шатқал ықылым заманда жауға қарсы қол бастаған, бейбіт заманда тау аңғарында елді егіншілікке үндеп арық қаздырып, елге шарапаты тиген Берік есімді кедей жігіттің есімімен аталған көрінеді. Әлбетте, бұл шатқал атауына қатысты айтылатын сан түрлі әңгіменің бір нұсқасы ғана.
Біршама жыл бұрын бақилық болған жергілікті қаламгер Кәрім Баялиев «Жасарған Жамбыл жерінде» атты жинағында жоңғар шапқыншылығы кезінде дәл осы шатқалда берік қамал болған дегенді алға тартады. «Шатқалдың атауы сол себепті Берікқара деп аталған» дейді ол өзі білетін мәліметті бөлісіп.
Жуалылықтар кейде табиғат құбылысын да осы бір шатқалмен байланыстырады. Мәселен, көктем, күз мезгілінде жиі соғатын дауылды жергілікті халық «Берікқара желі» деп атап кеткен. Қойнауы сырға толы шатқалға қатысты әңгімелерді естіген сайын құпиясын аша түскің келеді, жаңа деректермен танысуға бейіл тұрасың.
Расында да, Берікқара шатқалында табиғат ғажайыптары жеткілікті. Жергілікті өлкетанушылар келтірген дерекке сенсек, мұнда Қызыл кітапқа енген ағаштар мен шөптердің сирек тұқымдары бар. Жабайы алманың да жоғалуға айналған сирек сұрпын Берікқара шатқалынан кездестіруге болады. Бұдан бөлек, мұнда кездесетін Зарафшан аршасы, речель алмұрты, Тянь-Шань жоңышқасы, тау сағызы, көк тікен, Корольков бәйшешегі, Грейг, Кауфман қызғалдағы мен Берікқара терегі көздің жауын алады.
Өлкетанушылар Жуалының мақтанышына айналған Берікқара шатқалын айрықша бағалайды. Олардың айтуынша, сирек кездесетін терек шатқалдың терең түкпірінде ілгерідегідей көп болмаса да, аздап ұшырасады. Дерекке жүгінсек, мұндай терек Тек АҚШ шатқалдарының бірінде ғана бар екен.
Қалай десек те, көркіне көз тоятын Берікқара шатқалы Жамбыл облысындағы ең көрікті жерлердің санатына жататыны анық. Шатқалдағы табиғи байлықты мамандар қай кезде де назардан тыс қалдырған емес. «Берікқараның табиғи байлығы – әлемде сирек кездесетін теректері», дейді олар. Расында да шатқалдағы тамаша көріністі көрген сайын көре бергің келеді.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы