
Бұл санаттағы бәсекеге әр салмақтағы әлем рейтингінің таңдаулы 32 каратэшісі ғана қатысады. Бұл жолы қоржынға 1 алтын, 1 күміс медаль түсті. Мөлдір Жаңбырбай 50 кг дейінгі салмақта барлық қарсыласын айқын ұтып чемпион атанды. Бұл оның биылғы додадағы үшінші медалі. Бұған дейін Премьер-лиганың Париждегі додасынан – қола, Ханчжоуда күміс медаль еншілеген болатын.
Ал Әсел Қанай (61 кг) финалда Украина спортшысына есе жіберіп, күмісті қанағат тұтты. Әсел де қыста Парижде күміс, ал Ханчжоуда қола жүлде олжалаған еді. Құрамадағы өзге спортшылар Айжан Бәкірова (61 кг), Софья Берульцева (+68 кг) мен Диас Анарбеков (+84 кг) қола медаль үшін тартыста есе жіберді.
Осы алтынның арқасында Мөлдір жылдың үздік каратэшісіне берілетін Grand Winner сыйлығына қол созым жерде тұр. Енді жылдың шешуші Премьер-лига бәсекесі мамырдың аяғында Марокконың Рабат қаласында өтеді. Жаңбырбай сол сында кем дегенде топтық кезеңнен шықса, екінші жыл қатарынан аталған сыйлыққа қол жеткізбек.
Мысырдағы жаһандық додаға 68 елден 383 спортшы күш сынасса, елімізден 13 үздік қатысты.